09 Наурыз, 2017

Сөз сойыл №37

376 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әйелім дұрыс айтады...

– Барған жеріңде тыныш отырмай­сың­ ба?.. Адамдарды бір-біріне қай­рап, түймедейді түйедей жасайсың да жайбарақат жандарды «жындандырып» кетесің... – Жай қалжыңдадым ғой, соған бүліне қоятындай... – Әй, елдің бәрі сенің қырық жыл­дан бергі қиқар сөздеріңе көніп келе жатқан, құлағының құйқасы қат­қан мен деймісің... Бір гүлі ашыл­маған он сегіз жасымда осы үйдің босағасын аттағалы бір жөні түзу әң­гіме айтқан күнің болды ма?.. Ті­лің­мен тістелегенің өз алдына, шала піскен нанымды салмақтап, «төңіректе дұшпан аз емес, даладан дүбір шықса үйде «зеңбіректің» дайын болғанынан зиян жоқ» деп кекететінсің... Қайнауы келіспей қатып қалатын «вареньемді» шанышқымен басыңа көтеріп: «Жауын­ды күні қолшатырдың керегі не?»­ дей­­тінсің... Қасымызда отырған ше­­шең мар­құм қоса күлетін. Жыным келіп жал­ғыз қалғанымда жылап алатын­мын. Тұңғышыма босанар алдында командировкаға кеткен сенің таңғы төрттің пойызынан түсіп, үй сыртындағы дәретханада отырғаныңды қайдан білейін... Есігін аша бергенімде: «Сәлеметсің бе?!» дегенің... Шалқалап барып шарбаққа сүйенгенімді еміс-еміс білемін. Есімнен айырылсам керек, көзімді ашсам керуетте жатырмын... – Қатын-ей, өткенді қозғап қайте­сің, құдай сақтап ұлымыз орнында қалды... – Ол аз болғандай келесі күні түс­те қияр толы бөшкені домалаттырып, кешкісін бұрын ғашық болған қы­зың­нан хат келіп, ақыры таң қылаң бере роддомға аттандырдың ғой... – Ертерек босандың... – Тағы бірде, ұйқыда жатқанымда «пор­тошкадан» кіремін деп шошыттың... – Ұйқыңды бөлмейін деп... Онда сен қызымызға жүкті болатынсың... – Жүкті болатынсың... Қазірдің өзін­де берген жауабың теріс-қағыс. Сенен үйренген бала қайда барсын. Жөні түзу сөйлейтін біреуі жоқ. Қыңыр тар­тып, қисайып жатқандары бәрінің. Қол­дарыңнан келетіні қалжыңмен қағыту... – Бәйбіше, күлген адам көп жасайды. Бес биенің сабасындай болып дөңгеленіп отырғаның әзіл-қал­жың­ның арқасы... Әйтпесе, Қасымбек пен Айтқанның қатынындай қабырғаларың ырсиып, сүйектерің сықырлап, жел айдаған қаңбаққа ұқсап қалар едің... – Оңбайсың?!. Анада келіншегін көрсете келген Кетік бауырыңа: «Бір ай бұрын таныстырған келін басқа еді ғой...» дедің бетің бүлк етпестен... Бір қызарып, бір бозарған абысынымды арқасынан қағып, қосарласа жүріп қосағына әрең қосқанымызды ұмытпаған шығарсың... «Төрт балаң – төрт түрлі » дегелі көрші үйдегі Қо­қан мен қатыны Қатигүл күнде қырқысады. – Көзбен көргенім, құлақпен естігенім... – Қырық жылға жуық сенің қиқар мінезіңе көніп келе жатқан маған өлгенде алтыннан ескерткіш қою керек. ...Айтпақшы, бүгін мерекесі екен, үндемей құтылдым. Әйелім дұрыс айтады... Тұрлыхан КӘРІМ ТАЛДЫҚОРҒАН  

Әйелдер «әлдиі»

Екi әйел әңгiмелесiп тұр. – Күйеуiң – моряк. Бiр кеткенде молынан кетедi. Бiр жылда бiр-ақ апта болады үйiңде. Мен саған қатты таңғалам, қалай шыдайсың? – Бiр аптаға шыдауға болады ғой. * * * – Ажырасқаннан кейін оңбаған күнде қоңырау шалатын болды... – Кешірім сұрап, қосылайық дей ме?! – Жоқ, маған алғыс айтып жүр, албасты! * * * Екі келіншек сырласып отыр: – Менің күйеуім біздің қай күні үйленгенімізді де білмейді. – Еркектердің бәрі сондай ұмытшақ келеді. – Мұның бір жақсы жағы бар: қыста бір рет, көктемде бір рет есіне түсіріп қоямын да, жылда екі сыйлық аламын... * * * – Жігітің сені үнемі қолына көтеріп жүргеніне қалай қарайсың? – Былай... маған оның мойнында отырсам да жетер еді...

Түсініп көр 

Алақанымен жағын тіреп, терезеге мұңая қарап үстел басында Пауль отыр. Өзіне жаны ашығаны сондай, тіпті, көзіне жас үйіріледі: мұның қосағы Лизхен анау ұзынтұра Петрге кеткен, тіпті, киім-кешегін де алмағанын қайтерсің. Бұлай болады деп Пауль ойлап па, сірә? Күні кеше мұндай хикмет үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Ал бүгін...

Не үшін десеңші? Соның көңілінен шықсам-ау деп жанын жемеді ме, бұл. Бірақ, Лизхен бар ма, ол енді адам біліп болмайтын бір жан... Олай десең де жақпайсың, былай де­сең де жақ­пай­сың. Отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақсың. Беу шіркін, әжесі марқұм : «Пауль­хен, әйел заты еркектің шаруақор бол­ғанын қалайды», – деуші еді. Пауль да әмісе солай болуға тырысатын. Міне, енді тең құрбысының алды болды десе де сыяды: даңғарадай үйі мынау, су жаңа «Жигулиі» қаңтарулы тұрғаны, бау-бақшасы анау, мал-жан дегенің, тіпті, ырғын. Енді келіп Лизхен осының бәрін тәрк етіп, көнелеу велосипеді мен салпаңқұлақ итінен өзге дымы жоқ ұзын-сирақ Петрге ауып кетуін қарашы. Нағыз еркек дейтіннің не екенін әлі білмегені-ау, сірә... Бұл болса жұмысқа тек төбесін көр­сетіп қайту үшін баратын, ал ұзақ­ты күнге өз шаруасынан артыл­майтын. Ертелі-кеш бел жазбай еңбек етті, кейбір еркектерше газет оқып, диванда шәниіп жатпады. Газет дегенді жаздырып­ та алмайтын, ұзақты күнге сарылып ­теледидар да қарамайтын. Мұның орынсыз ақша жұмсап, ашы­лып-шашылғанын көрген кім бар екен, кәне, айтсыншы? Мұны ең алдымен Лизхеннің өзі айта алмас бо­лар, өйткені, Пауль қайдағы бір опа-далап, әтір-мәтір дегендерге шашылып көрген жан емес. Жо-жоқ, ол Лизхенге кәдімгідей құнды нәрсе сый­лайтын, өйткені, жарамды мен жақ­сы­ны үйлестіре білетін. Әжесі марқұм айтушы еді ғой: «Паульхен, әйелге сыйлаған затың оның көңілінен де шықсын, керегіне де жарайтын болсын», – деуші еді. Пауль осының бәрін ой елегінен қай­та-қайта өткізе келгенде, өзін ша­руақор емес деп ешкім айта алмасына көзі анық жететін. Соны Лиз­хен­ге де талай дәлелдеп еді-ау. Айталық, әйелі ескі шәйнек әбден тозып кетті деп емеурін танытса болды, бұл оған су жаңа шәйнек сыйлай қоятын. Ал үйлену тойының кезекті біржылдығында қызылшақа торай сатып әперді. Тіпті, қайын енесі де өлгенше риза болсын. Рас, Лизхеннің туған күніне әперген сыйлығы аздап ыңғайсыздау шықты – электр ұстара жап-жаңа болғанымен, әйелі түскір оған қуана қоймады. Бірақ Паульдің мұнысы да білгендік еді, өйткені, бұрынғы электр ұстарасы соның алдында ғана бұзылып, жарамай қалған, ал үй болған соң бір ұстара болуы керек қой. Әйтеуір, түкке пайдасы жоқ гүл сыйлағаннан осының өзі жақсы, әлгі сораңдаған Петрдің гүл сыйлағаны да жетіп жатыр... Осы ойға тірелгенде Паульдің бет әлпеті тыржиып кетті, бірақ дәл осыған байланысты бір ой жылт етті: айтпақшы, пәленің бәрі осы гүл-пүлде жатқан жоқ па екен?!. Дегенмен, Пауль бұл ойдан дереу айныды: олай болуы тіпті, мүмкін емес. Мұның Лизхені ондай ақымақ емес еді ғой. Бірақ, сәлден соң әлгі ой тағы бір қарып өтті... ау, шынымен-ақ әңгіменің төркіні гүлде жатса ше?!. Паульдің жүрегі мұздап қоя берді... шынында, әйел затын түсініп болмайды.

Александр ДИТЕ

Әпенде әже

Тұрғызып жуындырады

Әжеміздің көршісінің әйелі ұзақ жылдар ауырып жатып қайтыс болғасын, көршісі төсек жаңғыртып, үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Жуынатын бөлмесіндегі ваннасын сыртқа шығарып тастап, оның орнына «душ» кіргізіп жатқанын көріп көршілері: «Бұнысы несі екен?» депті. Сонда қожанасыр әже: – Бұрынғы әйелін жатқызып жуындыратын еді, ендігісін тұрғызып қойып жуындырайын деген ғой, шамасы, – депті.

Жұбату

Немересі келіп: – Әже, мені балалар мазақтай береді, – депті. Сонда аңғал әжеміз: – Не деп мазақтайды сені? Сенің аяғың ақсақ па, қолың шолақ па, көзің соқыр ма, мұрның пұшық па, аузың қисық па? – деп қайта-қайта қадап айтып, немересін жұбатыпты. Сөйтсе, дастарқан басында аяғы жоқ қайнағасы, қолы шолақ құдасы, көзі соқыр бір қонағы, мұрны пұшық бір сіңлісі, аузы қисық қайынсіңлісі отыр екен.

Жүнде де ақыл жоқ екен

Әжеміздің бір інісінің шашы сиреп, маңдайы, төбесі қасқаланып қалыпты. Бірақ, әлгі інісінің қолына шыққан жүні қалыңдау екенін көріп, әжеміз басын шайқап отырып: – Ой, Аллай, бұл жүнде де ақыл жоқ екен, қолына қалың боп шыққанша, басына шықпай ма? – деп кейіген екен.

Иттерін байлап қоймай ма?

Осы әжеміздің тауып сөйлейтін кездері де болады. Бірде жақын інісінің үйіне келсе, шайпаулау келіні әжемізге тиетіндей сөздер айтыпты. Сонда әжеміз інісіне: – Осы кейде адамдарға қайран қалам, үйіне қонақ келетінін біледі, шәуілдеген иттерін байлап қойса қайтеді? – деген екен. Бұл сөзді естіп қалған келіні әжеміздің аяғына жығылып кешірім сұрапты. Жасұлан СЕЙІТҰЛЫ АСТАНА

Тосын сыйға – «шопырлық куәлік»

8 наурыз, жалғыз қыз – Динараның туған күні, Жасы он алтыға келіп, Сауық-сайран құрған күні. Ал әкесі белгілі бай кісі, Төрт құбыласы сай кісі, Жалғыз қызын сүйіп келіп, Ақ батасын үйіп төгіп, «Шопырлық куәлігін» Тосыннан сыйлағаны... Бұған айылын жимағаны: «Жол полициясынан қорықпа, Ол шіркіндер мен тұрғанда, Сірә да сөз болып па?! Дегенмен абайлап жүр, Жан-жағыңа қарайлап жүр» – Деп, Динарасын қайрап қойды, Есік алдына бір «Лексусты» байлап қойды. Ал қызы болса, Әліпті таяқ деп білместен, «Жол ережесін» көзге ілместен, Рульде құс боп ұшып отыр, Шеше байғұс үйінде, Жаны мұрнының ұшында, Тақымын қысып отыр.

«Индира»

Әйелдер мерекесі – Бір бойжеткен тойдағы, «Тәтті суға» тоймады, Шалды да, баланы да, Биге шақырып қоймады, Тіпті, етегін көтеріп, «Стриптиз» болып ойнады. «Рөмкі» берсең төңкеріп салып, Майыса күліп мас болмайды, Ағасы бар, жеңгесі бар, Талай сын көз пендесі бар, «Ұят-ау» деп жасқанбайды. Бір сәтте асаба, Той басқарушы бас аға, Бұл қызды «Индира» деп таныстырды, Тағы да «рөмкі» қағыстырды. * * * Ал Индира Гандидің әруағы, Сонау шалғайдан аңырады. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ Маңғыстау облысы   Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР