Қазақстанда долларсыздандыру процесі қарқынды жүруде. Алдағы уақытта долларды ығыстыру шаралары тағы күшейтілмек. Бұл туралы The Business Year басылымына берген сұхбатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.
"Менің міндетім - доллармен салынған депозиттердің көлемін тариғи 40 пайызға дейінгі қалпына келтіру", - деді бас банкир.
Оның айтуынша, Қазақстан бұл тұрғыда айтарлықтай жетістіктерге жетті.
"Біз бірнеше мемлекеттің тәжірибесін зерттей келе мынаны түсіндік: долларды ығыстыру үшін бірнеше жыл қажет болған. Мәселен, Түркиядағы долларлық депозиттік 10 пайыз өзгеруі тек соңғы 5 жылда байқалған", - деді Ақышев.
Мәселен, Ақышевтың айтуынша, 2016 жылы жеке тұлғалардың доллардағы депозиттері көлемі 70 пайыздан 55 пайызға дейін түскен. Бұл нақты валютамен есептегенде 1,1 трлн теңге. Ал осы уақытта теңгедегі депозит көлемі 3,3 трлн теңгеге артты.
Ақышевтың айтуынша, алдағы жылдары Қазақстан экономикасында оң өсім болады. Бірақ қарқын анау айтқандай жоғары бола алмайды.
"2017 жылы экономика өсімі 1,5-2 пайыз аралығында болады. Бұл мұнайдың бағасын 40 доллармен есептегендегі болжам. Нарықтағы жаңа жағдайға ыңғайлану кезеңі 2018 жылдың соңына дейін жалғаспақ. 2018 жылдың 1 маусымына дейін ел экономикасы өз әлеуетінен төмен көрсеткіштен көрсетеді. Бұл ішкі нарықтағы дефляциялық қысымның әсері болмақ. Ал сыртқы әсерге келер болсақ, Еуропа мен Ресей экономикасының қарқын алуы бізге де оң әсер етеді", - деді бас банк басшысы.
Оның пікірінше, Қазақстан экономикасына мұнай секторынан бөлек басқа да қолдаушы салалар бар. Атап айтар болсақ, олар ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешен, тігін ісі, тамақ өнеркәсібі. Сонымен қатар географиялық орналасу жағынан да Қазақстан экономикасы үшін айтарлықтай артықшылықтар бар.