Ғылым мен өндірісті ұштастыру идеясы
– Бірден айтайын, бұл туралы жазу оңай болмайды, – деді Темірхан Мыңайдарұлы, «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік оқыту орталығының базасына алғаш кіргенімізде. Себебі, тілші түгіл егін мен мал шаруашылығынан хабары бар деген ортанқол фермердің өзі ауыл шаруашылығының ғылыми бағытын, әлемнің ең үздік тәжірибелерін үздіксіз зерттеп отыра алмайды. Ал мұнда атқарылып жатқан бүкіл шаруа әлемдегі ең соңғы ғылыми-техникалық жаңалықтарға негізделген. Сол себепті, мұндағы техникалар, ғылыми әдіс-тәсілдер, басқа да жаңалықтар көпшіліктің қолы жете беретін дүние емес. Қолжетімсіз нәрсенің сырын білу қиынға түсетіні айтпаса да түсінікті. Біз бас сұққан мекеме ең алдымен осы кедергіні алғашқы болып аттап өткен орталық. Көп салалы шаруашылықпен таныса жүріп, «өрістегі малымен бірге жусап, бірге өрген» қазақтың жаңа замандағы ұрпағының малды да, жерді де инновациялық технологиялар арқылы игеріп отырғанын көрдік. «Байсерке-Агро» өндіріс шаруашылығының басшысы айтады: – Жалпы, өзіңмен өзің ғана болып, ескі сүрлеумен тарта берсең, ешқандай істе даму болмайды. Асса азғантай табысты місе тұтуыңа тура келеді. Ал республикалық және әлемдік шаруашылықтан өз орныңды алам десең, дүние жүзінің дамыған елдерін аралауға, әріптестік қарым-қатынас орнатуға тура келеді. Сол арқылы зерттейсің, тәжірибе алмасасың. Жақсысын, жаңалығын өз шаруашылығыңда қолданып көресің. Бірақ, бұл да жай ғана көшіріп әкеліп қолдана беру дегенді білдірмейді, климатқа, жердің ыңғайына қарай техниканы да, басқаны да оңтайландыруға, өзгертіп қайта жасауға тура келеді. Қаншама гектар егіншілік, қаншама мыңдаған түлік, соның бәрін игеріп отырған заманауи техника... Санай берсе аз емес екен. Осыған жету үшін адамға алдымен не керек? Нені білуге тиіс? Білек түріп, әуп деп іске кіріскен қарсаңда ғылыми-өндірістік орталықтың басшылығы шаруашылық туралы қатып қалған стереотиптер мен жұмысқа деген жауапсыздықпен көбірек күресуге тура келгенін айтып қалды. – Шарттылық деген түсінік бар, айналаңа қарашы, бәрі шартты. Шартты түрде – жердің иесі – қаншама мыңдаған гектарды алып алған, ол бос жатыр немесе болымсыз бірдеңелер еккен болады, өнім өте аз. Шартты түрде мал бағады, онысы да күнкөріске әрең жетеді. Шартты түрдегі ғылым докторлары, академиктер... Лабораториядан, кабинеттен шықпайтын оқымыстылар кімге тұлға? Басқа емес, өндірістік, техникалық ғылым туралы айтып отырмын. Ғалымсың ба, біліміңді тәжірибемен сабақтастыру керек. Алқапқа шық, даланы арала. Бір күні екінші күніне ұқсамайтын, техникалық даму шырқау шегіне жеткен заманда соқамен жер жыртып, қойторыға мініп, малын бір қайырып қойып, оны ауыл шаруашылығымен айналысып жүрмін деп есептеу ендігі уақытқа қол емес. Тағы бір шарттылық – қызметкер атану: белгілі бір жерге жұмысқа кірдіңіз, жалақыңызды алып отырсыз. Болды! Күнде ертемен келіп, кеш батқанша әйтіп-бүйтіп уақыт өткізіп, үйіңе қайттың. Бір күнің өлді. Ештеңе жоқ. Кім не тапты? Өзің не ұттың? Жұмысқа бұлай қарауға болмайды. Мен осы істі қолға алғанда осындай немқұрайлылықпен көп күресуге тура келді, – дейді шаруашылық басшысы. Мекеменің мүлкіне қырғидай тиіп, ірілі-ұсақты ұрлықпен үйіне тасу етек алып тұрған уақыттар болыпты. Дегенмен, арада көп уақыт өтпей ондайлардан арылған. Оның үстіне, бүгінгі «Байсеркеге» анау айтқандай көп адам керек емес пе деп ойлайсың. Бәрі орталықтандырылған. Көп жағдайда компьютерлік бағдарламалармен басқарылады. 300 га жерді бір адам суарады, 300 сиырды бір адам сауады дегендей. Мұны орталықтың қара жұмыс күшінің өлшем бірлігі ретінде ғана келтіріп отырмыз. Ал бұлардың сыртында әр күн сайын ғылым мен өндірісті ұштастыру идеясында Темірхан Досмұханбетовпен әріптестікте жұмыс істеп жатқан қаншама институт, университеттер, ғалымдар, шетелдік компаниялар бар. «Байсерке-Агроның» егіс алқабында, өрісінде, қорасында күні-түні тіршілік қайнап жатыр. Әркім өз міндетін жақсы біледі. – Егер менің шаруашылығым жақсы жүріп тұрса, ол алдымен осы кадр мәселесінің жолға қойылғаны деп ұғу керек. Мен академик екем деп, тапсырма беріп қойып, шалжиып жатқан ешкім жоқ. Практиканттан бастап, академикке дейін егіс басында, малдың қасында жүруге тиіс. Мансабы мен дәрежесіне қарамай, барлығы бірдей жұмыла еңбектенгенде ғана белгілі бір ұйымшыл орта қалыптасады. Бүгінгі қоғамда қандай іс бастасаң да, іскерліктің осындай мәдениетін қалыптастыруға тура келеді. Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» мысалындағы сияқты ғой. Ауызбірлік болмаса, тастай тәртіп болмаса, бастаған ісіңнің бәрі далаға кетті дей бер. Бұл тұрғыда кадр дайындау, жақсы мамандар таңдай білу, білікті адамдармен жұмыс істеу – ең басты талап, – дейді Темірхан Досмұханбетов. «Байсерке-Агро» жұмысының жаңалығы қайсы, пайдасы неде? Әрине, иесі үшін керемет жетістік, қарыштап жүріп жатқан бизнес. Бұл алдымен, отандық және шет ел ғалымдарының қатысуымен, инновациялық техникалар арқылы қазақ фермерлерін оқытатын, мамандар даярлайтын орталыққа айналып келеді. Бұрын-соңды мұндай орталық болмағанын ескерсек, қай жағынан да елге үлгі болды деуге болады. Жалаң сөзбен, құр жазумен, түрлі монографиялар, зерттеу еңбектермен, әртүрлі ғылыми семинарлармен іс бітпейді. Соның бәрінің келіп түйісетін, нәтижесін сұрайтын жері тәжірибеге тіреледі. Тәжірибе жүзінде көрсету керек. Бұл да осы шаруашылық басшысының айтқанынан түйгеніміз. – Осындай орталықтар әр өңірден көптеп ашылуға тиіс. ЖОО бітірген адамды маман деп есептеуге болмайды. Себебі, онда тәжірибе жоқ. Жүрсін, көрсін, үйренсін. Содан кейін ғана өндіріске жіберуге болады. Біздегі кемшілік, ЖОО-да студент аудиториядан шықпайды. 80 пайыз аудиториялық оқу, 20 пайызы ғана тәжірибеге негізделеді. Мұндай оқу студентке не береді дипломнан басқа? Кез келген шет елде ауылшаруашылық оқу орындарының бағдарламасы 60 пайыз тәжірибеге негізделеді. Тіпті 80 пайызға дейін тәжірибеге сүйенетіндер бар. Білікті маманды аудитория емес, қайнаған істің ортасы дайындайды, – дейді Т.Досмұханбетов. Осындай тәжірибелік оқусыз және біз игеруге тиіс заманауи технологиясыз шаруашылығыңды дамытам деу ақылға сыйымсыз екен. Ескірген, күні өткен технологиямен бүгінгі күннің өлшеміне сай мол өнім ала алмайтының түсінікті. О бастағы мақсат та болымсыз жетістікті малданып отыра бермей, тыңға түрен салу, жаңалықтарды игеру тұрғысында болыпты. Ә дегеннен-ақ, Қазақстандағы бұрынғы көрсеткіштерді бірнеше есе орайтын рекордтармен аты шыққан орталықтың қызметкерлері мұның себебін инновациялық технологиямен байланыстырады. Топырақты өңдеу, тыңайтқыштар жасау, суару технологияларын тиімді пайдалану, пайдалы жәндіктер өсіру, биохимикаттар жасау, микро, макроэлементтерді шығару оңай шаруа емес. Мал шаруашылығында да солай. Сапалы азықтандыру, жайлы қора-жай, әр түліктің денсаулығын жоспарлы тексеріп отыратын лабораториялар, бәрі-бәрі – ауыл шаруашылығы қожайындары игеруге тиіс жаңа заман талаптары.Ауа райына тәуелсіз егіншілік
Сапар барысында шаруашылықтың шаруасы жайлы бір емес бірнеше адаммен сөйлесуге мүмкіндік алдық. Ұлан-асыр шаруашылыққа қатысы бар кез келген қызметкердің ләмінен мақтаныш табы есетіндей. Мұндай мақтаныштың төркінін түсіну үшін ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан «Байсерке-Агро» шаруашылығының бір пұшпағын ғана аралап қайтсаңыз жеткілікті. – «Байсерке-Агрода» жұмыс істеп жатқанымызға бесінші жыл болыпты. Темірхан Досмұханбетов осы істі қолға алғанда әртүрлі институттардан ғалымдарды шақырып, бірігіп жұмыс істеуді ұсынды. Әлемде қандай жаңалық, қандай техника бар, соған байланысты қандай ұсыныс бар, ойда жүрген, ғылыми тұрғыда дайын тұрған жобалар болса, осы жерге келіп бірігіп іске асыруға болатынын айтты. Ғалымға бұдан артық не керек? Алғашқы жылы-ақ қытай бұршақ өсіруден рекорд жаңарттық. Одан кейін жүгері ектік. Әр гектардан 100-140 тоннаға дейін өнім алдық. Біздің тыңайтқыштар мен жаңа технологияның арқасында жүгерінің бойы 5 метрден асып кетті. Осы екі дақыл бойынша бүгінде Қазақстанда рекорд орнаттық. Бидай, арпа, сұлы егу де жақсы нәтиже берді. Әр жылдың өзіндік ауа райы болады. Бір жылы ылғал жақсы болса, екінші жылы құрғақшылық дегендей. Соған қарамастан, осы төрт жылдың ішінде бүкіл дақыл бойынша Қазақстанда болып көрмеген көрсеткіштерге жеттік. Қазір 440 гектар тамшылатып суару әдісімен суарылады. Италиядан бұрғылау техникаларын әкеліп, 24 ұңғы қаздық. Бір ұңғы 33 гектарға дейін суара алады. Біз жеткен жетістіктердің барлығы – осындай шаруалардың тоқтаусыз, жоспарлы түрде атқарылып жатқанының арқасы. Бұл жерде Темірхан Мыңайдарұлының үлкен тәуекелдерге барғанын айта кету керек, – дейді Өсімдік қорғау және карантин институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Абай Сағитов. «Байсерке-Агро» орталығының егін шаруашылығы бойынша кеңесшісі Абай Оразұлының сөзіне қарағанда, көп жағдайда 100 гектарға өнім ексеңіз, оның тең жартысы өнім бермейді деуге болады. Себебі, жер толықтай өңделмеген. Ауру тарататын бактерия, вирустардан тазармаған. Оны емдеу де бүкіл бір институттың атқаратын шаруасы. Соның бәрінен өткен соң ғана сіздің егініңіз белгілі бір нормаға бағынған, жоспарлы егіншілік болады. Жер аурудан арылса, өнім көбейіп қана қоймайды, экологиялық жағынан да таза болады. Егіннің күтімін орып алғанша бір сәт те көзден таса қылуға болмайды. Қай жерге не жетпейді? Қандай зиянкестер пайда болды? Оны анықтау үшін «дрондарды» пайдаланады. Ол инфрақызыл сәуле арқылы биікте тұрып қай жерде қандай тыңайтқыш жетпейді, қай жердің суы аз, қай жерде арам шөптер мен зиянкес жәндіктер бар, соны анықтайды. Бойы жетілген соң, жүгерінің ішіне ешқандай техника кіре алмайды. Міне, осындай жағдайда да осы ұшқыш камералардың көмегі ауадай қажет. Ауру немесе зиянкестер пайда болған қауіпті жерді тауып, жоюға мүмкіндік береді. – Бұны орысша «точечное земледелие» дейді. Мұның барлығы аспаннан түскен жоқ, әлемде бар брендтер, – дейді ғалым. – Міне, соларды дер кезінде зерттеп, пайдалана білуге тиіспіз. Жер жаһанда не болып, не қойып жатыр, инновация қалай дамып барады, қандай техникалар пайда болды, соның бәрі егіншілікпен айналысам деген кісінің назарында болуға тиіс. Бұл тұрғыда бүгінгі таңда бізбен бірге жұмыс істеп жатқан «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде оқыған, оқып жатқан жастардың да бар екенін айта кету керек. «Болашақ» – бізге әлемдік жаңалықтарды әкелетін жастарды тәрбиелеуде маңызы зор бағдарлама. Себебі, олар жай ғана естіп қана қоймайды, дамыған елдерде тәжірибеден өтеді. Міне, бүгінгі таңда осындай жастарды жинап, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру – «Байсерке-Агроның» негізгі ұстанымдарының бірі. Жақсы бір нәрсе туралы естідік пе, міндетті түрде соны қолға түсіру жағы ойластырылады. – Көп өнім алам деп улы химикаттарды көп қолданатын уақыт өтті. Химиялық тыңайтқыштармен өсірілген өнімдердің адам ағзасына ғана емес, бүкіл адамзат тіршілігіне орасан қауіп екенін әлем енді түсіне бастады. Мұндай өнімдер ұрпақ денсаулығы үшін де қауіпті, адам геніне әсер етеді. Бүгінгі статистикадан хабары бар адам біледі, өмірге келген балалардың 90 пайызы түрлі аллергиямен туады. Мұның барлығы әлгіндей әдіспен өсірілген өнімдерді көп тұтынудан. Демек, бәсекеге қабілетті ететін ең басты көрсеткіш – өнімнің тазалығы, тиімділігі, – дейді Абай Оразұлы.Рекордтар. Бұрынғы мен бүгінгі
Бізде қызық көзқарас бар, әлдебір шет ел осынша жетістікке жетіпті десе көзімізді жұмып, аузымызды ашып сенеміз, ал өзіміз жеткен жоғары көрсеткіштерге күмәнмен қараймыз. Сол себепті, салыстырмалы түрде біраз цифр келтіруді дұрыс көріп отырмыз. Қазақстан өз алдына ел болғалы бергі ең жоғары көрсеткіш соңғы төрт жылға, оның ішінде осы «Байсерке-Агроға» тиесілі екен. Биология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Рахым Оразалиевтің келтірген мәліметіне сүйенсек, соңғы жиырма жылда республика бойынша күздік бидайдың гектарлық өнімі 2 тонна екен. Жаздық бидай тіпті аз – 1,3, ал бізде орта есеппен 5 тонна. Ал, ең жоғары көрсеткіш – 8,5. Тритикале (қара бидай мен бидайдың буданы) бұрынғы көрсеткіш – 2,5-3 тонна болатын, біз бұл көрсеткішті 12 тоннаға дейін арттырдық. Арпа бұрын – 1,5, қазір – 3,5-4 тонна. Сұлы да осы сияқты, бұрын – 1,6 болса, қазір – 4 (6) тонна. Қытай бұршақ – 1,7 тонна, біздің орталық бұл көрсеткішті 6,6-ға жеткізді. Жоңышқа орудан Қазақстан бойынша көрсеткіш 5 тоннаға жеткен. Біз 8-9 тоннадан өнім алдық. Жүгеріден Қазақстан 3-4 тоннадан аспаған, ал біз 18-ге жеткіздік. Бұл енді жекелеген көрсеткіштер ғой, ал жалпы егістік алқап көлемі де, жалпы өнім де бірнеше есе өсті. Мысалы, көк балаусаның жалпы өнімі «Байсерке-Агроның» өзінде Темірхан Досмұхамбетов келмей тұрғанда 1000 тонна болған, қазіргі көрсеткіш бұдан 20 есе көп. Осыған қарап-ақ, осы азғантай жылдың ішіндегі жетістіктің қандай екенін бағамдай беруге болады, – дейді. Академиктің шаруашылықтағы рөлі де өсімдік шаруашылығы бойынша кеңесші. «Қара шірікті қарашығыңдай сақтау керек», деп жиі айтып отырған ғалымның айтуынша, топырақтың құнарын сақтау үшін органикалық егістікке ауыспалы режім керек екен. Бір өнім бір жерде егіле бермеуге тиіс. Бір егістік алқапқа бір жылы дәнді дақыл егілсе, келер жылы жоңышқа егіледі. Бір жерге ұзағырақ себуге болатын қытай бұршақ қана. Оның өзі 3-4 мәртеден соң алмастыруды талап етеді, ал, қалған дақылдар жыл сайын ауысып отырады. Бұлай болмаған жағдайда өнімнің көлемі ғана емес, сапасы да төмендеп кететін көрінеді.Бұл арнайы ғылыми орталық болмаса, анау-мынаудың қолынан келе бермейтін шаруа, – дейді Рахым Алмабекұлы. – Жер мен тұқым дайын болған соң да бар мәселе шешіліп кете салмайды. Енді себу мәселесі алға шығады. Егінді де жайданжай еге салуға болмайды. Механизация керек. Бұрынғы ескі техника сіздің керемет асыл тұқымыңызды дұрыс себе алмауы мүмкін. Дұрыс себілмеген тұқым дұрыс өнім бере алмайды. Сол себепті, заманауи техникаларды шет елдерден алдыруға тура келеді. Жай ғана алдыру жеткіліксіз, Қазақстанның жеріне оңтайландырып, арнайы тапсырыспен қайта жасалады.
Әлемде ет пен сүт өнімдері жетіспейді
«Байсерке-Агро» жылқы, түйе, ірі қара, қой өсірумен айналысады. Бұл тізім алдағы уақытта кеңейе түспек. 3500-ге тарта ірі қара бар. Оның 2000-ы ет шаруашылығына, қалған 1500-і сүт шаруашылығына бағытталған. Асыл тұқымды сиырларды жаңа технология бойынша күтіп-баптаудың арқасында бір жылда бір сиырдан 9 тонна сүт алынады. Мұндай көрсеткіш Қазақстан тарихында болмаған. Республика бойынша бұрынғы ең жоғары көрсеткіш 2,5-3 тоннаға жуықтаған. Бір тәулікте 78 литр сүт берген рекордшы сиыр туралы келмей тұрып хабардар болғанбыз. Әлемдік рекорд – 110 литр. Ресейдің көрсеткіші – 82. Елімізде бұрынғы рекорд 62 литр болыпты. Демек, жаңа көрсеткіш дамудың басы деген сөз. Бізге бұл туралы әңгімелеп берген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент мүшесі Төлеухан Садықұлов: – Жоғары көрсеткіш 78 литр болған соң, оған жетеқабыл көрсеткіштер де болады ғой. Бұл рекордты маңайлап жүрген он шақты сиыр бар. Мұны неге айтып отырмын? Бұл генетикалық басымдықтың көрсеткіші. Демек, мұндай сүтті сиырлардың санын арттыруға болады деген сөз. Қазір он сиыр болса, болашақта жиырмаға жетеді, отыз болады... Жүзден асады... Бұл әншейін құрғақ болжам емес, біз қазір Америкамен бірігіп лаборатория ашып жатырмыз. Жаңағыдай сүтті сиырлардың эмбриондарын аламыз да, басқа сиырларға саламыз. Сол арқылы сүтті сиырлардың санын көбейтеміз. Бұл арқылы асыл тұқымды сиырларды тез арада көбейтуге мүмкіндік аламыз. Демек, сүт шаруашылығы тез дамиды, ел экономикасының жетекші саласына айналады. Бұл – эмбриондарды трансплантациялау арқылы бір асыл тұқымды сиырдан бір жылда жүзге жуық тұқым алуға болады деген сөз. Ғалым бүгінгі таңда әлемде ет жетіспеушілігі орын алып жатқанын айтады. Мысалы, ет шаруашылығы сұраныстың жартысын ғана қанағаттандыра алады. Сүт те солай. Бұл жөнінде профессор: – Бұл дегеніңіз апатты жағдай деуге болады. Сондықтан ет, сүт өндіру, мал шаруашылығы дүние жүзінде өте үлкен проблемаға айналып отыр. Қазір Қытайда еттің бағасы біздегіден он есе қымбат. Кореяда біздің өлшеммен алғанда 70 мың теңге. Рас, ол жақта жалақы жоғарырақ шығар, бірақ, осыншалық айырмашылық жоқ қой. Міне, осындай жағдайда ет өндіруде бір ірі қара тұқымының әр төрт жыл сайын 500 келі ет бергені кімге керек? Төрт жыл бойы бағасың, бар болғаны 500 келі. Өндірісте уақыт үлкен рөл ойнайды. Малдың төлі неғұрлым тез салмақ жинаса, соғұрлым пайдалырақ болмақ. Жедел жетілдіру дейді мұны. Біз бағып отырған төрт түрлі тұқым осы талаптарға жауап бере алатын түр. 18 айлығында 450-500 келіге жетеді. Бұл салмақтың 60 пайызы таза ет болады, демек, бір жарым жылдай уақытта 300 келі ет береді деген сөз, – дейді. Шаруашылықта он мыңнан аса қой бар. Еділбай қойы және қазақтың биязы жүнді қойы. Қазақ халқының бренді саналатын Еділбай қойы да тез жетілетіндігімен ерекшеленеді екен. Мәселен, төрт айлық қозы орта есеппен 47 келі тартады. Кейбіреулері 55-56 келіге дейін өседі. Осындай қозыларды тұқымға алам, көбейтем дегендер де аз емес. Демек, «Байсерке-Агро» басқа шаруашылықтардың дамуына, өнімін асылдандыруына ықпал етті деген сөз. Мұндай қозылардың пайдасы не? Қойдың етіне қатысты алғанда, қазір әлемде 80 пайыз қозы еті тұтынылады. Себебі, онда холестерин аз, майлылық төмен. Бұрынырақта қой шаруашылығы тері, жүн үшін көп пайдаланылған. Ал қазір теріні аз пайдаланады. Тігін шаруашылығының 70 пайызын мақта шаруашылығы қанағаттандырып отыр. Сол себепті, қойды көп елдерде ет шаруашылығы үшін өсіріп жатыр. Біз ат байлаған шаруашылықтың бағыты да осы. Себебі, сұранысқа сай жұмыс істеу де – істі жүргізудің негізгі тетігі.Кезекте тұрған ірі қаралар
Сиырлардың сауын аппаратына өзі келетінін естісек те, аса мән бермегенбіз. Оқу-ғылыми орталығының бас директоры Мұрат Әлиевтің таныстыруымен оған да көз жеткіздік. Біз көргенде сиырлар сауын аппаратының алдында кезекте тұр екен. Дәл осы ретпен күніне кем дегенде 4 мәрте сауылады. Робот әр сиырдың өзіндік ерекшеліктеріне қарай жұмыс істейді. Алдымен желінді тазалап жуады. Содан соң, сүттің ең беткі қабатындағы азғантай бөлігін бөлек сауып алады (желіннің ұшындағы сүтте бактериялар болуы мүмкін). Және әр сауын сайын сүттің құрамын анықтап отырады. Вирус немесе қан пайда болған жағдайда компьютер арқылы операторға хабар береді. Мұндай сүт ортақ қорға қосылмай, лабораторияға жөнелтіледі. Ауруға шалдыққан болса, бірден емдеу курсы тағайындалады. Сүт бөліміндегі 1200 сиырды 11 адам ғана қарап отыр. Желдеткіш істеп тұр, мұрныңды басатындай иіс жоқ. Тойған қозыдай монтиып бұзаулар тұр. Олар да жасына қарай топ-топқа бөлінген. Жаңа туғандары арнайы үйшікте, ерекше күтім мен бақылауда болады. Ең сапалы сүт арнайы сүзгіден өтіп барып, суып қалмай тұрып (40 градус) беріледі. Мұндағы Зеңгі баба тұқымына берілетін жем-шөп те арнайы лабораторияда дайындалады. Тіпті, сиырдың қиына қарап, оның сіңуі мен қорытылуын да қадағалап отырамыз дейді. Егер, дұрыс қорытпаған жағдай болса, сол уақытында ветеринария бөлімінің мамандары іске кіріседі. Ол заңды да, соншама малдың біреуі ауырса, бәріне таралуы мүмкін. «Мал – бір жұттық» деп, құдайға тапсырып қарап отыратындай емес, кем дегенде әр сиыр ай сайын кезекті тексеруден өтіп тұрады. ...Бір сурет көз алдымыздан кетпейді, әлгі кезекте тұрған сиырлардың бірінің желінінен өздігінен сүт сорғалап тұрды. Аздап обалсынғандай болғанымызбен, берекеге баладық та қойдық. «Ит басына іркіт төгілген» деп әспеттелетін тоқшылықтың белгісі осы шығар, бәлкім... Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ Алматы облысы