10 Наурыз, 2017

Елбасы һәм ел зиялылары

652 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Саусақтарымыз пернетақтаның үстінде жорғалауды үйренгеннен бастап біз ақ параққа өз қолымызбен жазу жазбайтын болдық. Әсіресе, соңғы он жылда ақ парақты көк сиямен өрнектеп, «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты» деп басталып, кісінің қадір-қасиетін сезіндіретін хат жазу мүлде қалып кетті. Содан ба, әлде екі бірдей зиялы тұлғаға Елбасының өз қолымен жазғаны әсер етті ме, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің Интерактивті білім беру орталығында тұрған мына екі хат көзіме сондай ыстық көрінді. «Аса қадірлі Ақселеу!» деп басталатын алғашқы хат Ақселеу Сейдімбектің алпыс жылдық мерейтойында, 2002 жылы жазылыпты. «Сонау жас кезімізден бір-бірімізді біліп, сыйласып келеміз. Сенің «Лениншіл жаста» кор­респондент кезің, менің метал­лургиядағы (Теміртауда) алғашқы қадамдарым есіме түседі. Зымырап уақыт өтті. Сен де алпыстың асуына шықтың. Құтты болсын. Ғұмырлы бол. Еңбегіңді еліңнен аяма», депті Елбасы. «Ұлтжандылығыңа, еліңе, жеріңе деген үлкен жү­регіңе ризамын замандасым!». «Торқалы тойыңның төрін­демін, сыйлаймын, сендей аза­маттар қазақта көп болса екен деп армандаймын», дейтін сөйлемдері арқылы жазушыны қалай бағалайтынын жеткізіпті. Ал Әзілхан Нұршайықовқа арнап жазған хатында 1991 жылғы Тұңғыш Президент сайлауынан кейінгі екеуі­нің кездесуінен бастап жазушы­ның шығармалары туралы көз­қарастары өрнектелген. «5/1. болған кездесуде маған «Махаббат, қызық мол жыл­дарды», «Халиманы» сый­ға тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқып едім. Екіншісін қолыма алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Тәлім-тағылымы мол керемет шығарма екен. Дәл қазіргі заманда жастар көбірек оқитын хикая. Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз – ел қазынасы. Өмі­ріңіз – үлгі! Аман сау болыңыз, Әз аға!» – делінген 6.01.2003 жылы Елбасы жазған хатта. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»