Сіз ойлағандай емес, Арқаға көктем ерте келеді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Қарағандының ірі жылыжай кешенінде 240 мың 750 қызғалдақ өсірілді.
Тіпті, Астана мен Ақтаудың жігіттері сұлуларға қарағандылық қызғалдақтарды тарту еткен болар. Гүлдерді Қарағандыдағы «Green Technology» ЖШС жылыжай кешенінде өсірген.
«Желтоқсан айында біз Голландиядан әкелінген қызғалдақтардың баданаларын отырғыздық. Тікелей жеткізіліммен келді. Барлығы – 12 сұрып, соның екеуі жаңа», дейді «Green Technology» ЖШС-нің бас агрономы Галина Кизилова.
Жылыжайдан кез келген талғамға сай түстер табылады. Қызыл, сары, жиегі алқызыл ақ түсті, көкшіл, қызғылт дейсіз бе, көздің жауын алады. Бұл күнде жаңағы екі жүз мыңнан астам гүлдердің барлығы сатылып кеткен.
Биыл кәсіпорынның жеткізу бағыттарына батыс өңірі қосылған. Олардың айтуынша, бүгінде 50 мыңнан аса қызғалдақ Ақтауға, 20 мыңы Астанаға жөнелтілген. Павлодарда да көтерме сатып алушылар бар.
Негізінен өсірілген қызғалдақтардың жартысынан астамы жергілікті нарықта сатылатын көрінеді.
Сонымен қатар, жылыжай кешені қияр өсіруге маманданған. Ал гүлдер негізінен – қосалқы өнім. Қызғалдақтар кесіліп алынған көшетке енді қияр отырғызылмақ. Нәзік жандылар қауымына триумф-қызғалдақтар, лалатүстес қызғалдақтар, шашақты, жасыл түсті, дарвиндік, гибрид және өзге де қызғалдақ түрлері қуаныш сыйлайтын болады.
Бас агроном сондай-ақ, кесіп алынған қызғалдақтардың өмірін ұзартудың құпиясын да аша кетті. Ең бірінші гүлді суға салмас бұрын міндетті түрде сабағын қиған дұрыс. Су өте суық болуы тиіс, сонда қызғалдақтар ұзақ уақыт солмайды екен. Және гүл тұрған құтыны күн сәулесінен алыс ұстаған жөн және суға қант немесе аспирин қосуға болады. Суын толтырып тұрса, гүл бір аптадан артық өзінің табиғи қалпын сақтап тұра бермек.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ