10 Наурыз, 2017

Жақсылықты жалау еткен

263 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
1998 жылдың күзі. Ол кезде «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы «Астана» студиясының бас директоры қызметін атқаратынмын. Бірінші вице-президентіміз Сауытбек Абдрахманов шақырып: «Қазақ телевизиясымен бір жылы дүниеге келген Қарағанды телевизиясының 40 жылдығын облыс жұртшылығы атап өткелі жатыр екен. Соған бірге барып қайтайық. Былтыр осы ұжымның басына Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясының төрағалығын 10 жылдан аса атқарған Сәбит Байдалы тағайындалған. Содан бері көзіміз ашылып, ұжым ұйыса еңбек етіп жатыр», – деп, маған барлай бір көз тастады. Мен оның нені мегзегенін түсіндім. Қарағанды облыстық телерадиокомпания­сы ұжымы ішкі қайшылықтардан босай алмай-ақ қойған. Сәбит Байдалы аз ғана уақытта осы ұжымда жарасымды ахуал қалыптасуына негіз қалаған еді. Осының сырын білсем деп те жүр едім. Қарағандыда алғаш көргеннен-ақ Сәбит өзінің ақжарқын болмысымен баурап әкетті. Шығармашылық ұжымның тойын ұйымдастырып, өткізуінің тағылымы жеткілікті болды. Қазақ және орыс тілдерінде келісті баяндама жасады. Баяндама деп ресми айтып отырмын. Әйтпесе, мұны ізденгіш жанның телевизия мен радионың өзекті мәселелерін зерделі, зейінді зерттеуі, осы бағыттағы кесек әңгімесі десек болады. Мақтануға тұратын істер туралы мақтанға бой алдырмай айтып, жұмысты алға бас­тыратын қандай шаралар жасаудың қажет екенін еш шүбә келтірмейтіндей жеткізуі және, ең бастысы, оны шешудің жолдарын ұсынуы тәнті етті. Содан Сәкең Қарағанды телевизиясының 40 жылдығына орай «Өлке өмірі – өз көзімізбен. Летопись края: камерой и словом» атты кітабын қазақ және орыс тілдерінде шығарды. Бұл – мерейтойлық дүние емес, телевизияның табиғатын жетік білетін маманның кәсіби көзқарасын жинақтаған туынды еді. Жалпы, қазақ телевизиясы туралы әдебиет көп емес. Ал аймақтық телеарналар қызметі жайында тіпті де аз жазылған. Автор осы олқылықтың орнын толтыруға талпынған. Ол облыстық телеарна шеңберінен асып, жалпы отандық телевизия мен радио мәселелері төңірегінде ой толғайды. Бұл кітапта журналистика факультеті студенттерінің күні бүгінге дейін назарын аударатындай, өз маңызын жоймаған түйінді тұжырымдар жетерлік. Сол тұста жаңа заман болмысы, бәсекенің күшеюі, мемлекет пен қоғамымыздың орнығуы өте күрделі шығармашылық-өнді­рістік үрдіс болып табылатын телевизия мен радионы басқарудың тың тәсіл­дері мен амалдарын қарастыруды талап етті. Екі ғасырдың тоғысындағы бұл жауап­ты кезеңде Қарағанды облыстық телера­диокомпаниясының тізгінін ұстаған Сәбит Байдалы тиісті үдеден абыроймен шықты. Осы арада Сәбиттің Қарағандыға дейін – Жезқазғандағы кәсіби маман ретін­дегі тірлігіне аз да болса шолу, шегініс жаса­ғанымыз жөн секілді. Өйткені, Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясын басқару оған мол тәжірибе жинақтап, кемел шағына келген тұсында тапсырылған-ды. Сәбит азамат ретінде де, маман ретінде де, шығар­машылық ұжым басшысы ретінде де Жезқазғанда қалыптасып, шынайы өмірде де осы өңір халқының құрметіне бөленген азамат. Ол еңбек жолын Жезқазған қалалық телестудиясында 18 жасында диктор болып бастаған, екі жылдан кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен. Университеттің күндізгі бөліміндегі оқу алғыр жігітке 4-5-ші курстарда атағы жер жарған Әнуарбек Байжанбаев бастаған Қазақ радиосының дикторлары сапында еңбек етуге еш кедергісін тигізген жоқ. Қазақ радиосының басшылығы жас дикторға ҚазМУ-де білім алуына қиындық туғызбай, ыңғайлы жұмыс кестесін жасап беріп отырды. Әке-шешесінің денсаулығы сыр бергеннен кейін 9 баланың үлкені Сәбит 1973 жылы Қарағанды облысының құрамындағы Жезқазған өңірі жеке облыс болып отау тігіп жатқан тұста елге қайтуды жөн деп тапты. Телевизия және радиохабарлары жөніндегі Қазақ КСР-і мемлекеттік комитетінің жолдамасымен туған жеріне оралып, өзі еңбек жолын бастаған, енді Жезқазған облыстық телевизия және радиохабарлары жөніндегі комитет болып қайта құрылып жатқан ұжымдағы тірлігін жалғастырды. Бала жүрекке ұялап қалған теледидар мен радиоға деген махаббат редактор, аға редактор, бас редактор, төрағаның орынбасары сияқты сатылап өткен қызметтердің қара қазанында қайнатып, содан кейін ғана Жезқазған облыстық телерадиокомитетінің, кейінірек телерадиокомпаниясының төрағалық тізгінін ұстатты. Осы ұжыммен біте қайнасып, бірігіп, кірігіп кеткен басшысы ретінде көптің есінде қалған Сәбит Байдалы ұжымды 11 жылға жуық басқарып, үлкен ілтипатқа бөленген. Халық депутаттары Жезқазған облыстық кеңесінің депутаттығына бірнеше дүркін сайланған, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болып та осы өңірдің халқына қызмет еткен. Оған қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі, әсіресе, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған облыстық басқармасының төрағалығын қоғамдық негізде қоса атқарып, мемлекеттік тілдің беделін көтеру ісіне қосқан үлесі үшін «Жезқазған қаласының құрметті азаматы» атағы берілген. Мұны айтып отырған себебім: өзіндік дәстүрі мен «мінезі» бар Қарағанды облыстық телерадиокомпаниясына Сәбит Байдалының үлкен мектептен өтіп келгенін көрсету. Ол мұнда да білек сыбанып іске кірісіп, шығармашылық және техникалық мүмкіндіктерді нақты салыстыра отырып, шығармашылық, техника, экономика, бизнес мәселелерін кешенді түрде қарастырып, жұмысты сол кездегі жағдайларға бейімдеген қайта құрудың стратегиясын жасады және соны жүзеге асырды. Республикалық және ресейлік арналардан үзіп-жұлып 4-5 сағат хабар жасап жүрген Қарағанды теледидары жеке арна ашты, телехабарлар көлемін тәулігіне 15 сағатқа дейін арттыруға қол жеткізді. Сәбиттің мен қадір тұтатын қасиет­терінің бірі – қандай істі қолға алса да соның ең маңызды буындарын таңдап ала алатындығы. Ол сол тұста теледидар бағдарламаларын қабылдаудың ең үздік әдісі – Қазақстанның спутниктік жүйесі арқылы таратуға көшіру екенін, ол үшін елді мекендерде, Қарағандыда да антенналық құрылғылары бар қабылдау-тарату стансаларын орнатудың қажеттігін айтып, бұл мәселені биліктің түрлі деңгейлерінде көтере бастағанынан мен хабардармын. Бұл мәселе өзектілігін қазірге дейін жоймаған болар. Сәбиттің Қарағандыда бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үлгере алмаған жалғыз мәселе осы болды ма деп ойлаймын. 2000 жылдың күзінде Сәбит Байда­лыны «Қазақстан» республикалық телера­диокорпорациясының басшылығы телера­диобағдарламаларды жоспарлау және үйлестіру басқармасының бастығы қызметіне Астанаға шақырды. Біздің арамыздағы сыйластықтан сырластыққа айналған достық қарым-қатынасымыз осы кезден басталады. Оның кең ауқымда ойланып, мәселелерді жүйелі түрде қарастыратын, стратегиялық, тұжырымдамалық құжаттарды тастүйін етіп дайындай алатын қарымына тәнті болдым. Корпорацияда ауыс-түйіс болып жатқан бір тұста өзіміз бауыр басқан салаға қош айтып, мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы бөлімшесін басқардым. Сәбит бір топ азаматтың сұрауымен жарғысынан бастап, тиісті құжаттарды өз қолымен жа­зып, оны тіркеуден өткізіп, Астана қала­сында шет елдерден оралған қандас отандас­тарымыздың қоғамдық бірлестігін құрды. Сәбит Байдалы 2007 жылдың маусым айынан бастап Алматы қаласында, Қазақ радиосында еңбек етті. Қазақ радиосының бас редакторы, бағдарламалар директоры, бас директордың орынбасары қызметтерінде хабарлар дайындауды тиянақты ұйымдас­тыруымен ерекшеленді. Менің тағы бір білетінім: ол қатардағы журналист болып жүргенінде де, басшылық қызметтер атқарғанда да ірі телерадиожобалар жасап, көрермендер мен тыңдаушылардың, баспасөз бетінде оқырмандардың ілтипатына бөленіп, қолынан қаламы түскен емес. Сәбит Байдалының Жезқазған және Қарағанды телерадиокомпанияларында, Қазақ радиосында тәрбиелеп, шыңдаған шәкірттері қазіргі кезде электронды бұқаралық ақпарат құралдарында өз орындарын ойып тұрып алған мамандар ретінде көрініп жүр. Қазақ телевизиясы мен радиосының ардагері Сәбит Байдалы 2011 жылы Астанаға қайта оралып, саяси-қоғамдық жұмыста да елін сүйген, алашшыл азамат ретінде өз орнын тауып, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталғанына шын жүректен қуандым. Жетпіс жасты алқымдаған, сырбаз да көркем мінезді Сәбитпен кейде шешіліп сөйлесудің сәті келіп қалған кездерден түйген ойым: өткен мен бүгінді жалғастырып тұрған осындай алтын көпір, бесаспап мамандар қай салада еңбек етсе де іс басынан табылып жатқаны қандай ғанибет. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты