10 Наурыз, 2017

ЭКСПО аумағын аралады

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған палата депутаттары «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағын аралады. Олар көрме нысандары жұмысымен танысып, халықаралық шараны ұйымдастыруға арналған жиынға қатысты. Жиналыс барысында орасан зор жұмыстар атқарылғанын алға тартқан Мәжіліс Төрағасы тура үш айдан кейін елордамыз «жасыл энергетика» саласында әлемдік үздік әзірлемелерді паш ететін орталыққа айналатынын атап өтті. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық жо­ғары беделінің арқасында біздің еліміз осы ғажайып әрі бірегей шараны өткізуге мүм­кіндік алды», – деді Н.Нығматулин. Оның пікірінше, ауқымды шараны ұйымдастыруда белгілі бір деңгейде депутаттық корпустың да өз үлесі бар. Мәселен, Пар­ла­ментте Халықаралық көрмелер туралы конвенция ратификация­ланды, ЭКСПО-2017 халық­ара­лық мамандандырылған көрмесі мәселелері жөнінде арнайы заң қабылданды. Айта кетейік, «Болашақтың энергиясы» деп аталатын ұлттық жобаның басты мақсаты қоғам назарын электр қуатын орынды жұмсау мәселесіне аудара отырып, энергия қуатын таусылмайтын инновациялық энергия қуатымен алмастыру болып табылады. Алқалы кеңеске «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов пен басқа да жауапты департаменттердің басшылары қатысып, депутаттар назарына көрме жұмысы жа­йында толыққанды мәліметтер ұсынды. Сонымен қатар, ал­дағы жоспарлар жайында да тың­ғы­лықты баяндады. Ал көрме жұмысымен жақыннан танысу кезінде Мәжіліс депутаттары Қазақстанның ұлттық сфера-павильоны мен халықаралық дең­гейдегі павильондарға, Конгресс-орталыққа, бірыңғай қызмет көрсету орталығына, ЭКСПО-қалашық сынды нысандарға айрықша назар аударды. Естеріңізге сала кетейік, Ұлт­тық павильонның құрылысы 2017 жылдың мамыр айында толықтай аяқталады деп жоспарлануда. Сондықтан да бұл нысанда ішкі құрылыс жұмыстары қызу жүргізілу үстінде. Шара аясында депутаттар ЭКСПО-2017 халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесіне билеттер сатып алды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»