10 Наурыз, 2017

Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған заңды барлық талапқа сәйкес деп тапты

214 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Конституциялық Кеңесте еліміздің Парламенті қабылдаған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестігін анықтау туралы Президент өтінішін қарау бойынша отырыс өтті. Бұған дейін, яғни 6 наурызда Конституциялық Кеңес Елбасы өтінішін өндіріске қабылдаған болатын. Бұл жиынға Конституциялық Кеңес Төрағасы И. Рогов қа­тыс­қан жоқ. Себебі, ағымдағы жылдың 7 наурызында Консти­ту­циялық Кеңес Төрағасы билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ра­лы» заң жобасын қарау бойын­ша палаталардың бірлескен комис­сиясы құрамында болуы­на байланысты өздігінен бас тартатынын мәлімде­ген еді. Осы орайда, «Қазақ­стан Респуб­ликасының Консти­туция­лық Кеңесі туралы» Қазақ­стан Республикасы Консти­ту­циялық Заңының 11- бабы 5-тармағы және Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Консти­ту­циялық Кеңесі Регламентінің 10-тар­мағына сәйкес, Конституциялық Кеңес оның өздігінен бас тартуын қанағаттандырды. Конституциялық Кеңес оты­рысына Қазақстан Респуб­ликасы Конституциялық Кеңе­сі­нің мүшесі Аманжол Нұрма­ғамбетов төрағалық етті. Ол конс­титуциялық өндіріске қаты­сушылар өкілеттікке сәйкес, тең құқыққа ие екенін жеткізе келе, олардың құқықтары мен міндеттеріне жан-жақты тоқталып өтті. Бұдан кейін сөз Консти­туциялық Кеңес мүшесі Вик­­тор Мариновскийге беріл­ді. Биыл 6 наурыз күні Конс­ти­ту­циялық Кеңеске «Қазақ­стан Республикасының Конститу­циясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңның Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциясына сәйкестігін тексе­ру туралы Мемлекет басшы­сы Н.Назарбаевтың өтініші түсті. Сол күні, яғни 6 нау­рызда Конс­титу­циялық Кеңес Ел­басының өтінішін консти­­туция­лық өндіріске қабылдаған еді. Бұдан кейін бұл мәселе туралы Консти­туциялық өндіріске қатысушылар анықталып, хабарландырылды. Мемлекеттік органдардың, оның ішінде Үкіметтің, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің, Жоғарғы сот­тың, Бас прокуратураның, Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің, Әділет, Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктерінің, Қазақстан Республикасындағы Адам құ­қықтары жөніндегі уәкілдің, сон­дай-ақ, ғылыми мекемелер мен оқу орындарының пікірлері, тұ­жырым-қорытындылары алынд­ы. Бұған қоса, бұл мәселе бо­йынша тұжырым жасайтын ғылым және құқықтану сала­ларының сарапшылары, мәселен, Ж.Бұсырманов, Е.Абайділдинов секілді заң ғылымдарының докторлары, профессорлар анықталды. Жалпы, аталған өтініш бойынша анықталған азаматтар белгіленген уақытта өздерінің тұжырымдарын айтты. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы мен өзге шет мемлекеттердің заңнама мен заң қолдану тәжірибелері сарап­талды. Барлық қажетті материалдардың көшірмелері белгіленген уақытта Консти­туция­лық Кеңестің мүшелеріне тапсырылды, деді В. Мариновский. Оның айтуынша, аталған мәселе бойынша тиісті іс-шаралар атқарылып, қамтамасыз етілген. Әділет министрі Марат Бекетаев Конституциялық Кеңес Төрағасының сұрауына сәйкес, Үкімет Президент өтініші бойынша қорытынды тұжырымдаманы бергенін айтты. Заң Парламенттің рөлін жоғарылатуды, Президент өкілеттіктерінің бір бөлігін қайта бөлуді, сот жүйесі мен прокуратураның, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының конституциялық негіздерін нақтылауды көздейді. Жалпы алғанда, заң Конституцияның 25 бабына 33 түзетуді енгізуді қамтиды, дей келе, Парламент қабылдаған заңды талдаудың нәтижесі бойынша Үкімет келесідей қорытынды жасайтынын жеткізді. Біріншіден, заңның аясында Үкіметті құру бойынша Парламент Мәжілісінің рөлі кеңейтіледі. Премьер-Министр Үкімет мүшелерінің кандидатураларын Парламент Мәжілісімен келісіп, кеңескеннен кейін ғана Президентке таныстырады. Сондай-ақ, егер, заңды орындамаған жағдайда Парламенттің әрбір палатасына Үкімет мүшелерін орындарынан босату туралы Елбасына өтініш айтуларына құқық беріледі. Бұл ретте, Президент Үкімет мүшесін қызметінен босатады. Бұл тетік биліктің барлық тармақтарының жұмыс тиімділігін арттыруға сеп болады. Екіншіден, Президент өкілеттіктерінің біршама бөлігін билік тармақтары арасында бөлу аясында Үкіметке мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қаржыландырудың бірыңғай жүйесін бекіту функциясы беріледі. Бұл өкілеттіктер Мемлекет басшысымен келіскеннен кейін ғана жүзеге асады, деді М.Бекетаев. Сонымен қатар, ол соттарға жүктелетін талап-міндеттер Конституциялық заң арқылы айқындалатынын және арнайы заңның аясында прокурорлық бақылаудың шегі нақты түрде белгіленетінін, бүгінде жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметі жетілдіріліп жатқанын жеткізді. Мәселен, заң шеңберінде мәслихаттар өкілеттіктері Үкімет пен Парламент палаталарының төрағалары өзара келіскеннен кейін Президенттің ұйғарымымен мерзімінен бұрын тоқтатылады. Бұл Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін және мәслихаттардың мәртебесін арттыратын болады. Сондай-ақ, заң аясында аудан және ауыл әкімдерін тағайындау мен сайлау үдерісі жүзеге асырылады, бұрын бұл процедуралар Президенттің Жарлықтары негізінде анықталатын еді. Сонымен қатар, конституциялық құрылыс негіздерін қорғау күшейтіледі. Ел тәуелсіздігінің кепілдіктері қатаңдатылады. Мемлекеттің тәуелсіздігі ешбір жағдайда өзгертуге жатпайтындығы нақты бекітіледі. Бұған қоса, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы негізін қалаған түбегейлі қағидаттар өзгертуге жатпайды. Аталған бекітілімдердің мақсатқа сәйкестігі тәуелсіз Қазақстанды құрушы Елбасының тарихи рөліне негізделеді. Бұлардың барлығы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңға, Консти­ту­циямен бекітілген құндылықтар мен мемлекет қызметінің түбегейлі қағидаттарына, респуб­ликаның басқару нысанына, сондай-ақ, Конституцияға түзетулерді енгізу тәртібіне сәйкес келетініне дәлел болып табылады, деді Әділет министрі. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне қатысты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құзыретіне жататын бір толықтыру бар екенін айтты. Ол – Конституцияның 39-бабының, 2-тармағына «конфессияаралық» деген сөзді қосу екен. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұйғарымы бойынша, бұл толықтыруды қажет әрі тиімді деп санаймыз. Бұған бірнеше себеп бар. Бүгінде ұлт және конфессия арасындағы шекара көп жағдайда сәйкес келмей жатады. Бір ұлттың немесе этностың өкілі басқа конфессиялардың өкілі болуы әбден мүмкін. Сондықтан, бүкіл дүние жүзінде және елімізде конфессияаралық келісім мәселесі өзекті болып тұр. Соңғы жылдары елде ұлтаралық келіспеушілікке негізделген терактілер орын алған жоқ. Өкінішке қарай, дүниенің әр қиырында діни қарама-қайшылыққа негізделген түрлі терактілер мен зорлық-зомбылық әрекеттер орын алуда. Қазіргі таңда заңда діни қарама-қайшылықты ушықтыруға және діни экстремизмге қарсы бағытталған нормалар бар. Десек те, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың аталған қауіптердің алдын алудағы про­фи­лактикалық сипаты анағұрлым кең және басым, деді Н.Ермекбаев. Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай «Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы Сенат комитеттерінде талқыланып, оның қорытын­дылары Бірлескен комиссияның қарауына ұсынылғанын атап өтті. Қолданыстағы Конституцияның 19 бабына 24 түзету енгізу ұсынылып, олар жан-жақты қаралды. Бұл ұсыныстар бойынша небәрі 10 түзету қа­был­данды. Сенат комитеттері сол ұсыныстарды толығымен қолдайды. Сонымен, 6 наурызда Пар­ламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттар Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды екінші оқылымда мақұлдады, деді С.Ақылбай. Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты Мемлекет бас­шысының ұсынысының өзегі билік тар­мақ­тары арасында өкілеттіктерді бөлуге негізделгенін, ал бұл өзгерістер Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталғанын жеткізді. Парла­менттің заң билігін қамтамасыз ететіндігі жөнінде арнайы норма бекітіледі. Ал Пре­зиденттің әлеуметтік-экономикалық сала­дағы өкілеттігін Үкіметке беру мәселесі айқындалады. Жалпы алғанда, бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы теңгерімділікті конституциялық деңгейде шешуді көздейді, деді Н.Әбдіров. Конституциялық Кеңестің отырысына қатысып, сөз сөйлеген азаматтардың арасында Қазақстан Республикасы Президен­ті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі­нің меңгерушісі А.Рақышева, Қазақстан Рес­публикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Ә.Шәкіров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары М. Қолқабаев, Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М. Тілеуберді, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Демеуов, «Діндерді зерттеу орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры, Қазақстан Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес мүшесі Ю.Денисенко секілді азаматтар болды. Отырыс қорытындысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзге­рістер мен түзетулер енгізу туралы» Заң­ның Қазақстан Конституциясына сәйкестігін анық­тау мақсатында Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысы жария етілді. Бұған дейін атап өткеніміздей, 6 наурызда Қазақстан Республикасының Прези­денті аталған заңды Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына, оның ішінде Конс­титуцияда белгіленген құндылықтарға респуб­лика қызметінің түбегейлі принциптеріне, басқару нысанына сәйкестігін қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдаған болатын. Осы орайда, Конституциялық Кеңес өз шешімінде 2017 жылы 6 наурызда Қа­зақстан Республикасының Парламенті қа­былдап, 2017 жылы 6 наурызда Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» Заң Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына, оның ішінде республиканың конституциялық құндылықтарына, қызметінің түбегейлі принциптеріне және басқару нысанына сәйкес келеді деп қаулы етті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»