10 Наурыз, 2017

Транзиттік тасымал табыс әкеледі

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жүзеге асыру және қолдау мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ведомствоның транзиттік және көліктік логистиканы дамыту департаменті директорының орынбасары Серік Башимов 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шаралармен таныстырды. «Қазақстанның географиялық орналасуы Азия – Еуропа бағы­ты бойынша жүк тасымалдауда қо­лайлы жағдай тудырады. Осы мақсатта көлік-логисти­ка кешенін дамыту, трансқазақ­стандық дәліздердің жаңа сәу­летін қалыптастыру министрлік жұмысының басым бағыты. Өткен жылы транзиттік тасымал­дан 267 млрд теңге пайда түсті, бұл бұрнағы жылғы көрсет­кіштен 40 пайызға артық», деді С.Башимов. Оның айтуынша, үш жылдан кейін Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдан түсетін табыстың көлемі 4 млрд долларға жетуі тиіс. Үкіметтің алдында осындай міндет тұр. «Қытай – Еуропа – Қытай ба­ғытындағы темір жол қа­ты­насы арқылы контейнерлік тасымалдан шамамен 1,5 млрд доллар түседі деген болжам бар. Қытай – Иран – Ирак темір жо­лынан 400 млн, сондай-ақ, Қытай – Кавказ – Ыстанбұл бағы­тындағы контейнерлік тасымал­дан 400 млн доллар түсуі тиіс», деген министрлік өкілі Қа­зақстанның әуе кеңістігі арқылы жолаушылардың транзиттік тасымалы да пайда әкелетінін айтты. Соңғы бес жылда аталған көрсеткіш төрт есеге өскен. 2012 жылы Қазақстан террито­риясы арқылы ұшып өтетін жолау­шылардың саны 120 мың адам болса, 2016 жылда олардың са­ны 478 мың адамға артты. Ағым­дағы жылдың соңында жолау­шылардың транзиттік тасымалы 600 мың адамға жетеді деген болжам бар. Өткен жылы осы тасымалдан түскен табыстың көлемі 267 млрд теңгені құраған. Транзиттік және көліктік логистиканы дамыту департаменті директорының орынбасары Се­рік Башимовтің мәліметінше, ақы­лы жолдарды енгізудің арқа­сында Қазақстан арқылы өтетін жүктерден де табыс түседі. Оның жалпы көлемі 18 млн долларға дейін жетуі керек. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»