10 Наурыз, 2017

Ғылым мен білімге жаңа серпін береді

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы – әлемдік экономикалық, саяси және рухани дағдарыс жағдайында ел тағдырын тығырықтан алып шығар тарихи құжат. Жолдауда ел экономикасының өркендеуі ғана емес, әлеуметтік жағдайды жақсарту, ғылым-білімді дамыту, руханиятты жаңғырту сияқты көптеген мәселенің қамтылғаны баршамызды қуантты. Президентіміз жылдар бойы білім және ғылым саласына ұдайы көңіл бөліп келеді. Биыл­ғы Жолдауында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Мә­селен, Жолдауда: «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен із­дену дағдыларын дамытуға ба­ғыт­тау қажет. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауат­тылықты қалыптастыруға, ұлт­жандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азай­ту қажет», – деп атап көрсетілуі қуанарлық жайт. Елбасының «Баршаға ар­нал­ған тегін кәсіптік-техни­ка­лық білім» атты жобалық бағ­дарламасы – білім саласын жаңғыртуға жаңаша жол салы­нып жатқандығын білдіреді. Аталған бағдарлама қоғамның орта әлеуметтік тобын одан әрі қалыптастыруға барынша ықпал ететіні анық. Бір сөзбен айқанда, қазіргі қоғамға екіжақты пайда әкелетін жоба болатыны сөзсіз. Елімізде жыл сайын 30 мыңнан астам мектеп бітіруші жоғары оқу орнына түсе алмай қалады. Сондықтан олар кәсіби машықсыз уақытша жұмыс табуға мәжбүр. Бүгінде елдің индустриялық орталықтарында құрылысшылар мен электр мамандары, дәнекерлеуші мен автомеханиктер тапшы. Осы ретте Мемлекет басшысы жа­риялаған тың бастама талай жас­тың үмітін оятатыны даусыз. Осы ретте, аталмыш бағдар­ламаның маңызы зор. Әлемдік дағдарыс тек экономика саласында ғана емес, рухани, мәдени, білім беру бағытына да салмақ салатыны белгілі. Үшінші жаңғыру – бұл мемлекетіміздің өсуі мен әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарқынды ену үшін болашаққа бастайтын сенімді көпір. Сондықтан, бұл Жолдауды ғылым-білімге жаңа серпін берді деуге болады. Елбасы әр Жолдауында жас­тарға зор үміт артады, өйткені, олар еліміздің бола­шағы, тірегі мен кепілі. Жол­дау – еліміздің жарқын бола­шағы­ның шамшырағы іспетті. Іргесі бекіген еліміздің жаңа белес­терге жету жолын­дағы жүгін жұмыла көтерсек, жұмыс нәти­желі болатыны анық. Жол­дауда көзделген зор және тың міндеттерді жүзеге асыру халқы­мыздың ортақ ісі болуы тиіс. Сон­дықтан, біз зиялы қауым өкілі ретінде өз кезегімізде Елба­сымыздың кезекті Жолдауын толықтай қолдап, оның жүзеге асырылуына өз септігімізді тигізуге міндеттіміз. Бауыржан ТӨЛТАЕВ, «Ғылым ордасы» РМК бас директоры, профессор АСТАНА