10 Наурыз, 2017

Техникалық пальма майы азық-түлікке пайдаланылмасын

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында өндіріл­ген және басқа мемлекеттер аумағынан әкелінген азық-түлік өнімдерінің сапасы алаңдатпай қоймайды. Мәселен, Азық-түлік қауіпсіздігі индексіне (The Global Food Security Index) сәйкес, Қазақстан 2016 жылдың қорытындысы бойынша рейтингке қатысушы 113 елдің арасында 2015 жылмен салыстырғанда 56-орыннан 68-орынға сырғыды. Техникалық пальма майын және басқа да күмәнді ингредиенттерді қолдану өндірушілердің азық-түлік өнімдеріне шығындарын айтар­лық­тай арзандататыны бел­гілі. Бі­рақ оларды қолдану аза­мат­­тар­дың өмірі мен денсаулығы үшін болжап бол­майтын келең­сіз сал­дар­ларға алып келуі мүм­кін, бірін­ші кезекте біз­дің бала­лары­мызға кері әсер етеді. Тек ресми статистикалық дерек­тер бойынша елге 2015 жы­лы 5 532 787 тонна, 2016 жылы 5 874 295 тонна азық-түлік өнім­дері им­портталған. Сонымен қатар, 2016 жылы Қазақстанға Малай­зия мен Ираннан жалпы көлемі 1 092 576 тонна болатын пальма ма­йы әкелініпті. Пальма майы отан­дық өндірістің басқа шикізат балама­ларынан әлдеқайда арзан, сондықтан, ол құрамында бар кез келген өнім өндірісте отандық ингредиенттер қолданған азық-түліктерден арзан болып келетінін атап өткен жөн. Мамандардың пікірінше, құра­мында төмен сапалы пальма майы қолданылған азық-түлік өнімдерін тұтыну жүрек-қан тамырларының ұюына, атеросклероз ауруларының да­муына, семіруге, холестерин дең­гейі­нің артуына, онкология ауру­лары­ның дамуына алып келеді екен. Ме­д­ициналық зерттеулер көр­сет­­кен­дей, пальма майы ең күш­ті канце­ро­ген­дердің бірі болып табыла­ды, сондай-ақ қан тамырлары, ішек­тер мен басқа да органдардың қа­быр­ға­ларында қоқыстардың пайда болу­ы­на соқтырады. Себебі, пальма ма­йы­­­­ның еру температурасы 42°С, адам де­несінің темпера­турасынан жоғары. Оны қолданудың тағы бір кері сипаты бар: пальма майының құра­мында үлкен көлемде қанық­қан май қышқылдары болса, олар­дың негізгісі – олеин қышқылы. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша біздің еліміздің уәкі­летті органы 2015 жылдан азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздік мо­ни­торингін жүргізетінін атап өт­кен жөн. Олар тек 2015 жылы 30,1% сәйкессіз азық-түлік өнім­дер­інің өткізілгенін, ал 2016 жылы мұн­дай өнімнің 12%-ы өткізілгенін анықтады. Азық-түлік өнімдері нормаларына сәйкессіздіктің ең көп пайызы нақты импорттық өнімдердің үлесіне тиіп отыр – 86%, олардың 61%-ы Ресей Феде­ра­ция­сына тиесілі. Көрсетілген талап­тарға жауап бермейтін отандық өн­діру­шілердің өнімдері тек 14%-ды құрайды. Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) шарттық-құқықтық базасын талдау оның қолданыстағы Техникалық регламентінде паль­ма майын, оның ішінде төмен сапалы пальма майын қолдануға толық тыйым салынбағанын, тек әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған зиянды заттар нақтыланбай, жалпы көрсеткіштер регламенттелгенін көрсетті. ЕЭО-ның Техникалық регламенті тек азық-түлік өнімдерін маркалау бойынша міндетті талаптардан тұрады. Бұл өндірушілерге көрсе­тіл­ген талаптарды ресми орындай отырып, құрамында төмен сапалы пальма майы бар азық-түлікті өн­діруге және бөлшек сауда жүйе­сіне жеткізуге мүмкіндік туғызып отыр. Осыған орай, Үкімет тарапы­нан уәкілетті мемлекеттік орган­дарға азық-түлік өнімдерінде зиян­ды заттарды, соның ішінде паль­ма майын қолдануға тыйым салу­ды көздейтін техникалық регла­мент­терге өзгерістерді пысықтау және осы өзгерістерді ЕЭО-ның Тех­никалық регламентіне енгізуге бастамашылық жасау бойынша тапсырма берілуі керек болып тұр. Төлеубек МҰҚАШЕВ, Сенат депутаты