10 Наурыз, 2017

ШҚО тұрғындары ЭКСПО-ға билет сатып алудан көш бастап тұр

151 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
  Арқа төрінде өтетін биылғы жылдың ең маңызды, ең ауқымды шарасын тамашалауға Шығыс жұрты ерекше ықылас танытып отыр. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, осы жылдың алғашқы екі айында облыс тұрғындары 16 мыңға жуық билет (9 240 билетті пошта арқылы, 6 747 билетті Интернет арқылы) сатып алған. -Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада көш бастап тұр. Көрме билеттері «Қазпоштаның» облыстағы 67 бөлімшесінде және Интернет арқылы саудалануда. Жуық арада Өскемендегі «Император» сауда үйінде ЭКСПО-ның ресми билет кассасы ашылады, - дейді басқарма басшысы. Жақында Өскеменде «ЭКСПО» көрмесінің жайын талқылаған жиында өңір басшысы Даниал Ахметов жергілікті құзырлы органдарға елордаға маңызды шараны тамашалауға баратын облыс тұрғындарына жайлы жағдай жасауды тапсырған-ды. – Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлген жөн. Мәселен, аудандардан Астанаға баратын адамдардың жол маршрутын ойластырып, жоспар жасау қажет. Елордаға барып, қонақ үйлермен келісім жасаңыздар. Біз үшін оны ешкім істемейді. Ең бастысы, көрмеге баратын облыс тұрғындарына қалыпты жағдай жасалып, қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек, – деді облыс әкімі. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембиновтың айтуынша, өңірде көрмені ақпараттандыру бағытында бірқатар шаралар қолға алынған. Арнайы медиа-жоспар әзірленген. Қазіргі уақытта өскемендік студенттерден 138 ерікті жасақталып, Астанада өтетін көрме кезінде шет елдік қонақтарға қызмет көрсетуге әзірленіп жатқан көрінеді. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»  ӨСКЕМЕН