10 Наурыз, 2017

Астанада Сирия мәселесі бойынша 3-ші келіссөз өтеді

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сирия бойынша Астана процесінің шеңберіндегі жоғары деңгейдегі кезекті халықаралық кездесу 2017 жылғы 14-15 наурызда Қазақстанның астанасында өтеді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Келіссөздерге Ресей, Түркия және Иранның жоғары лауазымды делегациялары қатысады. БҰҰ, АҚШ және Иордания өкілдеріне шақырулар жолдануда. Кепілдік беруші мемлекеттер тарапынан Сирия үкіметі және қарулы оппозициясы делегацияларының кездесуге қатысулары бойынша растаулары күтілуде. 14 наурызға алдын ала консультациялар жоспарланған, ал 15 наурызға жалпы отырыс белгіленген. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың толық қолдауымен және тікелей атсалысуымен басталған Астана процесінің аясында 2017 жылғы 23-24 қаңтарда және 15-16 ақпанда Астанада Сирия бойынша жоғары деңгейдегі халықаралық кездесудің екі раунды, сондай-ақ 6 ақпанда сарапшылардың техникалық кездесуі өтті. Бұл кездесулердің негізгі нәтижесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 (2015) қарарына сәйкес тараптарға Женева процесінің аясында күн тәртібінің саяси мәселелерін талқылауға көшу мүмкіндігін берген Сириядағы соғыс амалдарын тоқтату режимін бақылау бойынша бірлескен жедел топ туралы ережені келісу болып табылды. Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеу бойынша халықаралық күш-жігерлерге өзінің барлық үлесін қосуды және Сирияның ішкі қақтығысын саяси түрде шешу жолдарын іздеуді әрі қарай жалғастыруға дайын.