13 Наурыз, 2017

Өнімі өтпесе, өндіріс өркендей ме?

239 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мемлекеттік бағдарлама аясында ашылған жобалардың «жыры» көп Қазынадан қыруар қаржы қаралып, индустрияландыру бағдарламасына енгізілген жобалардың о баста жұмысы да, жарнамасы да жақсы еді. «Қазақстанда жасалған», «Атырауда шығарылған» деп жарыса жазғанбыз. Алайда, қуаныш ұзаққа бармады. Отандық өнімге деген сұраныс азайды, бәсекеге қабілетті бола алмай қалдық, ішкі нарықта да аса тартымды емеспіз. Мысалы, аталған мемлекет­тік бағ­дарламаны жүзеге асыру­дың ал­ғаш­қы жылдарында мұ­най­лы ай­мақта іске қосылған жоба­лар – «Казтурборемонт» сервис­тік орталығы турбина жаб­дық­тарын жөндесе, «Брандо» зауыты шприц пен құйылмалы құралдар шығарды. Әлі де бар, бірақ қарқын баяғыдай емес. Облыс­тық кәсіпкерлік және индустриялық-инно­вациялық даму басқармасы­ның басшысы Диас Жәнібековтің айтуын­ша, «Казтурборемонттың» жұмысы­ның жөнді болмауына сұраныс аз­дығы себеп. Сондықтан, кәсіп­орын әуелгі қызмет көрсету ба­ғы­тын өзгертіп, қазір металл құ­рас­тырылым өндірісіне кө­шіп­ті. Ал жылына 250 млн дана бір реттік қолданылатын медициналық ине шығарады деген «Брандоға» не болды? «Самұрық-Қазына Фармация» серіктестігі тарапынан туын­даған өнімді сатып алуға бай­ланысты мәселелер «Бран­до­ның» болашағына балта шапты ма? Әйтеуір, қазір Атырауда шығарылатын шприцтердің дені шекара асып, Ресейге жөнелтіліп жатыр. Жергілікті нарықта сұраныс болмағанға ұқсайды. Есесіне, ресейліктердің қызығу­шылығы жоғары, тіпті бағасы да едәуір қымбат. Қарызға батқан кәсіпорын­дар қата­рында Индер ауда­нын­дағы құрғақ құры­лыс қоспа­ларын шығаратын зауыт та бар. Банкке берешегі төрт млрд теңгеден астам «Биас Тек» зауытында қазір жұмыс жү­ріп жатқан жоқ. Несие өтел­меген. Жобалық қуаты жылына 125 мың тонна гипс, 150 мың тонна құрғақ құрылыс қос­па­ларын өндіруге жетеді деп есепт­елген компания осылайша орта жолда тоқырап қалды. «Жыл соңына дейін жұмыс қайта жанданады, – дейді салалық басқарма басшысы Диас Жәнібеков. – Инвестор табылды. Жаңа жабдықтар алынып, ескілерін техникалық жөндеуден өткізіп жатырмыз». Солай болса игі. Әйтпесе, бір ғана Индер ауданының өзінде «Биас Тектен» бөлек «Тұз», натрий гипохлорид зауыт­тарының да жағдайлары ая­ныш­ты халде. Дендер тұзды көлін игеріп, техникалық және ас тұзын өндіреді деген меке­менің бұрынғы инвесторы өз қаржысын дұрыс есептемей келіпті, соның кесірінен «Тұз» ашық сатуға қойыл­ды. Жаңа инвестор жобаны биыл­дан қалдырмай бастауға уәде еткен. Тапсырыстың аздығы опти­калық-тал­­шықты кабель өндіру зауытын да ай­­налып өтпеді. «Зауыт қазір 30 пайыз­ға ғана жұмыс істеп тұр», – дейді «ПКФ «Континент Ко ЛТД» ЖШС бас ди­ректорының орын­басары Марат Қалы­мов. Опти­ка­лық-талшықты кабель­дің 12 түрін шығаратын нысан негізі­нен «Қазақ­телеком» меке­месі­нен тапсырыс қабыл­дайды. Басқадай сұраныс білдіру­ші жоқ­қа таяу. Еліміздегі осы сала­ға маманданған екінші кә­сіп­­орын ішкі нарықтан лайық­ты орын таппады, енді Ресей­дегі байқауларға қатысуға ынта­лы. Бұл да «Суға кеткен тал қар­май­дының» кебі болмасына кім кепіл? Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы саласына қажет­ті заттар дайын­дайтын поли­эти­лен құбырлар зауыты­ның ашылғанына биыл төрт жыл болады. Бірақ, еліміз бо­йын­ша тек Атырауда ғана шығ­ары­л­атын өнімге тағы да сол қызы­ғу­шылық кем. Мұны зауыттың о баста жоспарлаған ме­жеге әлі күнге дейін жете ал­май келе жатқанынан-ақ аң­ғару­ға болады. Жергілікті жұрт сапа­лы отандық тауардан бұ­рын базар сөре­лерінде қаптап тұр­ған Қытайдың арзан дүние­сін алуға құмар. Мемлекеттік са­т­ып алу жүйесінің заңдылық­та­ры да зауыт жұмысына қол­бай­­­­лау сияқты. Тауар баға­сы­­­ның арзан болуына ба­сым­­дық бе­рі­­летіндіктен, ком­му­нал­­дық кәсіпорындар заңнан аттап кете алмайды. «Шеврон Мұнайгаз Инк» компаниясы бас директорының орынбасары Омар Әбдиев өнімдерінің сапасы жоғары болғанымен, нарыққа ілесе алмай отырғандарын айта­ды. «Тә­жі­рибе көрсеткендей, тен­дер ұйым­дасты­рушылар негіз­ге алатын төмен баға бюд­жет­ті тиімді игеруге кепіл емес. Сапасыз нәрсені алу үл­кен тәуе­­кел­ді қажет етеді, апат болғ­ан жағдай­да жөн­деу жұ­мыс­тарына екі есе шығын­­далуы­ңыз мүмкін», деген ол қазір еліміз­дегі поли­этилен құбыр­лар жасауға әкелінетін шикі­­заттың 70 пайызы тиісті стан­дартқа сай емес екенін жасыр­мады. Алайда, сол та­лап­қа сай еместердің дәурені жүріп тұр... «Тендер жыры» ірі кәсіп­орын­дардың да, шағын және орта бизнес иелерінің де «бас ауруына» айналған. Оның сал­қы­ны төсек жабдықтары мен кеңсе тауарларын дайындайтын «Қазақ зағиптар қоғамы Атырау оқу-өндірістік кәсіпорнына» да тиіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі отыз адам жұмыспен қамтылған серіктестіктің жабдықтарын жаңғыртпағанына біраз уақыт өтті. Ақша жоқ, жоқ деуге де бол­майтын шығар, аз. ЖШС басшысы Болат Құсайынов тендерге жиі қатыс­қанымен, бағаны тым төмендетіп жібере­тін кә­сіп­керлердің «арқасында» табысқа қол жет­кізе алмай отырғандарын айтады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсем­баевтың айтуынша, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына аймақта 54 жоба енгізілген. Бірінші бесжылдықта 28 жоба жүзеге асырылды, екі мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Екін­ші бесжылдықта 26 жоба ашылып, 3500 адам жұмысқа орналасты. Әрине, мем­ле­кет­тік бағдарлама шеңберіндегі жоба­лар­дың бәрі бірдей жүзеге аспай жатыр деп айта алмаймыз. Мысалы, «Жігер­мұнай­сервис», «Полимер Продакшн» сері­ктес­тіктерінің өнімдері ішкі және сырт­қы на­рықта жоғары сұранысқа ие. Ал жоға­рыда аталған өндіріс ошақтарының төңі­регінде әзірге үміттен күдік басым болып тұр. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ