13 Наурыз, 2017

Есен Елеукен: «Жайдарман» ойнағандардың ой-өрісі жоғары болады

1309 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жыл өткен сайын жастарымыз «Жайдарман» десе, ішкен асын жерге қоятын болды. Біздің Қазақстан КВН одағының төрағасы Есен Елеукенмен әңгімеміз жалынды жастардың басын қосқан әзілқойлар мен көңілді тапқырлар отауының бүгінгі жағдайы төңірегінде өрбіді.

Есен Елеукен: «Жайдарман» ойнағандардың ой-өрісі жоғары болады

 – Ел өзіңізді КВН арқылы жақ­сы таниды. Бірақ, өзіңіз КВН-да ойна­дыңыз ба? Жалпы, бұл салаға қалай келдіңіз?

– Мектеп қабырғасында жүр­ген кезімде ептеп ойнағаным бар. Бірақ ол тіптен басқа КВН болатын, негізінен сұрақ-жауап, тақпақ айту, қойылым көр­сетумен ғана шектелетін. Және жыл сайын бір қойылымды қайта­лап қоя беретініміз есімде... Кейін­нен жоғары оқу орнында факуль­тетаралық жарыстарға көп қа­тыс­­тым. Бірақ, бұл жерде де КВН-ды қарық еттім деп айта алмаймын. Негізінен ұйымдастыру жұмыстары жағында жүрдім. Туған жерім – Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шетырғыз деген ауыл. Жоғары білімді Шымкентте алдым. 1996 жылдары Шымкентте орыс тілінде КВН ұйымдастырдық, ал, 1999 жылы «Жай­дарман» ойын­дары ашылып, қазы­лар алқасының құрамына ендім. Бірде КВН-ды жүргізетін жігіт ауырып қалды да амал жоқ, өзім жүргіздім. Жер­гілікті«Юмакс» радиосында жұ­мыс істеп жүргендіктен КВН жүргізу аса қиынға түскен жоқ. Жұрт жақсы қабылдаған сияқты. Міне, сол күннен бастап менің КВН-дағы жаңа жұмысым бас­тал­ды деп айтуға болады. Бұл ойын­ды жүргізушінің міндеті тек ко­мандаларды таныстырып, шеті­нен шақырып отыру ғана емес. КВН-ның жақсы өтуін алдын ала жоспарлап, жинақты әрі қызықты болуына да көп ат салысуы қажет.

– Әрине, көрермен қауым біздің КВН-ды ОРТ арнасынан берілетін орыс­тың КВН-ымен са­лыстырады. Бұл КВН мен қа­зақ КВН-ының айыр­машылығы, ерекшелігі бар ма?

– Бір-біріне ұқсайды деуге болады. Бірақ біздің КВН-да көп дүниені қазақы менталитетке лайықтап алдық. Жасыратыны жоқ, орыс тілінде өтетін КВН-да қысқа етек кию, ашық-шашық жүру, анайылау әзілдер айтуға рұқ­сат етілген. Ал біз ұлттық ерек­шеліктерді ескере отырып КВН-ға қазақы ортаға сай келе­тін конкурстар қостық. Рас, орыс­тардан көшіріп алған деп те айтады. Бірақ КВН-ды орыстың ойыны деп айту қате. Оны Кеңес одағы кезінде ойлап тапқандықтан бәрімізге ортақ ойын.

– Басқа елдердің КВН коман­да­лары­мен байланыс, қарым-қатынас бар ма?

– Байланыс бар. Осы ойынды түркітілдес елдер арасында өткізуді жоспарлағанымызға біраз болды. Бастапқыда бір-бірімізді түсіне алмадық. Жыл сайын Сочиде ха­лықаралық КВН одағының жиы­ны өтіп, командаларды лига­ларға бөледі. Сол жиынға ар­найы барып, командалардың біразы­мен сөй­лескенбіз. Бәрі қолдаған сияқ­ты болған. Бірақ кейіннен ұмы­тылып кетіп жатты. Содан әлеу­­мет­тік желілер арқылы татар,­ баш­құрт, қырғыздармен бай­­ла­нысып, 2015 жылдың жел­тоқ­­санында Қырғызстанға бар­дым. Рас, алдында қырғыз коман­да­лары Алматыға келіп, өнер­ле­рін көрсетіп жүрген. Бірақ дең­гей­ле­рі төмен еді. Сол жолы қыр­ғыз­дың «Тамашоу» деген ли­га­сы­ның басшысымен келісіп, қол алысып, 2016 жылы олардың мық­ты командасы бізге келіп ойнады. Бастапқы кезде арнайы фестивальдарға шақырамыз деп едік, олар біздің чемпионатқа толық қатысамыз деп шешіпті. Тәуе­кел деп рұқсат бердік. Жап-жақ­сы өнер көрсетіп, жартылай фи­налға дейін барды.

– Сонда олар қырғыз тілінде өнер көрсетті ме?

– Жоқ, қазақ тілінде ойнады. Біз ақпан айында Бішкекке барғанда қырғыз тілінде ойнадық. Тілдің еш қиындығы жоқ. Жігіттер жарты-ақ күнде меңгеріп алды. Кейбір қиын сөздер ғана болмаса, бұл екі ұлт бір-бірін оп-оңай түсінеді. Содан Башқұртстанның жазғы кубогы туралы афишаны көріп қалып, басшыларына шығып едім, «келіңіз» деді. Тез арада Орал қа­ласына жетіп, жергілікті бір команданы ала салып көлікпен Уфа­дан бір-ақ шықтық. Шынын айту керек, біздің келгенімізге олар да аң-таң болды. Әрине, башқұрт тілі қырғыздыкіне қарағанда ептеп қиындау. Бір түн дайындалдық. Ер­теңінде қатысып, бас жүлдеге ие болып, енді өзіміз аң-таң болдық. Сөйтіп, оларды Астанада өтетін қала әкімінің кубогына шақырдық. Олар келді, көрді. Кейбір жайттарды түсіндірдік. Башқұртстанда үлкен лигалар негізінен орыс тілінде жүреді. Әлі күнге хабарласып, ақылдасып тұрамыз. Сол жылдың қазан айында татар бауырлар шақырды. Оған да Оралдың коман­дасын алып бардым. 18 команда қатысты. Ол жерде де бас жүлдені жеңіп алдық. Сонау Кавказда бізге жақын төрт ұлт бар. Құмық, ноғай, балқар, қарашай. Олармен де келісіп, Алла қаласа, осы айда сол жаққа жол жүрейін деп отырмыз. Одан кейін Қарақалпақстан, Өз­бекстан, Моңғолиядағы қандас­тары­мызбен байланыстық. 2014 жылы Қытайдағы бауыр­лас­тары­мыздың өтініші бойынша Шанхай қаласында КВН ойын­да­рын өткізгенбіз. Содан бері бай­ланысымыз үзіліп қалып еді. Қай­тадан хабарласып, мамыр айы­ның басында тағы фестиваль өткізбекшіміз. Ноғай, құмық, қа­­рашай, балқарларға барғанда со­­лардың тілінде ойнайтын бо­ламыз. Олар бізге келгенде қа­зақ­ша ойнайды. Сол жақтың жі­гіт­терімен сөйлесіп жүріп, өзім де тілін меңгеріп қалдым. Міне, осылайша қазақ КВН-ы ха­лық­аралық деңгейде өнер көрсетуде.

– Біздің КВН-да команда мүшелерінің тұрақтылығы жоқ сияқты. Осы КВН арқылы танылған жастар көп ұзамай басқа салаға, әсіресе, телеарна саласына кетіп қала береді. Со­дан ба, көрермен жас коман­даларды шатастырып жатады.

– Бұл кәсіпқойлардың емес, әуесқойлардың өнері. Сондықтан, 4-5 жыл ойнағаннан кейін жігіт­тердің өз мамандығы немесе бас­қа сала бойынша ауысып кетіп жа­татыны рас. КВН-да оларға еш­кім ақша төлемейді ғой. Бірақ, байқайсыз ба, КВН ойнаған жігіт­тердің өз замандастарынан ақыл-ойы, интеллектуалы жоғары, тәр­биелі болады. Мен осыған қуанамын.

– КВН-ның атын ауыстыру мәселесі де біраз «жыр» болған сияқты. Өткенде Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының әкімі де бұл турасында пікірін айтып қалды...

– Негізі «Жайдарман» деген бұл телеарнадағы арнайы бағдар­ла­маның аты. «КВН» сөзін дәлме-дәл аударатын болса, «Көңілді тапқырлар клубы» дегенге кел­мей­ді. «Веселый» сөзі «көңілді» емес, «әзілқой» дегенге көбірек келеді. Ал, «Клуб» дегеніміз «отау». Сонда «Әзілқойлар мен тап­қырлар отауы» болуы тиіс. Қыс­қартып айтсақ – ӘТО. Жалпы, қазақ тіліндегі қысқартылған сөз­дер айтуға ыңғайлы емес. Сон­дық­тан, ойласа келе «КВН» деген атау­мен қалдық. Қазір біздің ұйым «Қазақстан КВН одағы» деп аталады. КВН-ды КТК деп ауыс­тырудың да қажеті жоқ. Бұл халықаралық бренд. «Жайдарман» деген жайдары адам дегенді біл­ді­реді. Бірақ жасыратыны жоқ, ел бұл бағдарламаға қатысқан ойын­шыларды жайдарманшылар деп кетті. Сахнаға КВН деп емес, «Жайдарман» деп те шы­ғып жатырмыз. Халық жылы қа­былдады.

– Жалпы, КВН-ның басты мақсаты не? Ойын алдында ко­ман­далардың сценарийлерін бір сүзіп шығасыздар ма? Сце­на­рийге байланысты сындар көп айтылады ғой.

– Бір емес, бірнеше рет сүзіп шығамыз. О баста анайы әзілдер болғаны рас. Қазір тоқтады. КВН де үнемі дайындық, жаттығуды талап етеді. Бір-екі жыл ойнамай қал­ған командалар сахнаға шық­қан­да қатты қиналады. Тағы бір ескеретін мәселе, КВН ойын­шылары кәсіпқой емес. Театр бітір­меген. Тек қызығушылықпен кел­ген. Көбінесе сценарийді өз­дері жазады. Әрине, бағыт-бағдар береміз. Дегенмен де, сәтсіз шы­ғып, сынға ілігіп жатқандары да көп. Бүгін жазылған әзілдің бір айдан кейін арнадан көрсеткенде өзектілігі болмай қалуы мүмкін. Меніңше, КВН-ның басты мақсаты – қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттарды ұтымды әзіл арқылы көрсету. Әр әзілдің астарында шындық бар.

– Соңғы мәрте КВН-да­ғы ­қан­дай әзілдерге шын көңі­лі­ңізбен риза болып күлдіңіз?

– Азаматтарды тіркеуге бай­ланысты әзілге қатты риза болып күлдім. Бір жігіт тіркеуге келемін деп шіркеуге кіріп кетеді. Алдынан шыққан дінбасы «Балам, кіре ғой» дейді. Бұл «Тіркеу ме?» дейді ғой. «Жоқ, тіркеу емес, шіркеу». «Ой, адасып кетіппін ғой» десе, «Бізге адасқандар ғана кіреді ғой... Кіре берсейші» дейді анау. Сосын «Алдыңғы жылы Алматыны қайта-қайта топан су басты. Көшенің бәрі селге толды. Су деген бейпіл ағып жатыр. Міне, көрдіңіз бе, та­биғаттың өзі Баландинге су жіберіп, чемпион болуға жағдай жасады» деген әзіл де өте сәтті шықты.

– Жалпы, КВН-да билет сату, демеуші табу мәселесі қалай шешілген?

– Қазір құндылықтар өзгерді ғой. Бұрын бір жапырақ қағаз үшін ойнайтын командалар бар еді. Қазір жүлде қорына қарайды. Сон­дықтан, демеуші міндетті түрде керек. Аймақтарда болған ойын­дарға жергілікті әкімдік қолдау көрсетіп жатса, билет сатылмайды. Жалпы, КВН-ның билеттері тез өтіп кетеді. Залды толтыра алмау деген мәселе ешқашан бол­ған емес. Және билет бағасы да қымбат емес. Жастардың, сту­дент­тердің қалтасына лайық. Ал де­меуші мәселесінде бізге негізі­нен телеарналар көмектеседі. Бағдарламамызды сатып алады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы, жастар департаменті, әкімдіктер демеуші болады. КВН жыл сайын қанат жайып келеді. Қазір онға жуық облыстарда облыс әкімінің кубогы үшін чемпионаттар өтіп жатыр. Одан бөлек, елімізде көрікті жерлер көп қой, жаз кезінде Баянауыл, Бурабай, Алакөл, Қап­шағайға барып ойындар ұйым­дастырамыз. Бірақ, шынын айту керек, коммерциялық бағытта жо­баларымыз бар, ал бұл іске қол ұшын созып жатқан кәсіпкерлер жоқтың қасы.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»