13 Наурыз, 2017

Өңір жұрты белсене қатысты

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өскемендегі Достық үйі-қоғамдық келісім орта­лығында Қазақстан халқы Ассамблеясының конс­титуциялық реформаны қолдау бойынша респуб­ликалық бірыңғай күні шеңберінде өңірдегі этно­мәдени бірлестіктер мен жергілікті құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиынды ашқан Шығыс Қазақстан облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы хат­шылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев конституциялық реформалар халық арасында бір ай бойы қызу талқыланғанын, жұмыс тобына 6 мыңға жуық ұсыныс түскенін, жергілікті деңгейде 10 мыңға тарта кездесу өткенін, оған 2 миллионға жуық адамның қатысқанын тілге тиек етіп, шын мәнінде бүкілхалықтық талқылау болғанын атап өтті. – Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы халықтың, елдің болашағы үшін аса маңызды, тарихи шешім қабылдады. Президент өзіне тиесілі 35 өкілеттігін Үкімет пен Парламентке беру жөнінде ұйғарым жасады. Ерекше атап өтер жайт, депутаттар тарапынан Тұңғыш Президент – Елбасының мәртебесін Конституцияда бекіту туралы ұсыныс айтылып, қолдауға ие болды. Себебі, Тәуелсіздік пен Елбасы – егіз ұғым. Екеуі де біздің айбынды мемлекетіміздің айшықты бедері, – деді дөңгелек үстелде сөз алған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақ­тияр Қамалов. Облыстық ішкі саясат бас­қармасы басшысының орынбасары Ирина Смит Конституцияға ен­гізілетін өзгерістер мен толық­тыруларды талқылауға өңір жұрт­шылығының белсенді ат са­лыс­қанына, аймақта 3 мыңға жуық кездесу өткеніне, бұған 100 мыңға тарта адамның қатыс­қа­нына тоқталып, бұл іске өз үлес­терін қосқан этномәдени бірлес­тіктер мен ғалымдарға алғысын білдірді. «Әрине, мұнымен бәрі бітті деуге келмейді. Алда үлкен жұ­мыстар күтіп тұр. Біз ха­лыққа Конституцияға енгізілген өзге­рістер мен толықтыру­ларды жан-жақты түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруымыз керек», деді ол. Бұдан кейін сөз алған об­лыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төр­ағасы Қайрат Чакпантаев бүкіл­ха­лықтық талқылауға сот саласы өкілдерінің де белсене қа­тыс­қанын жеткізіп, Консти­туция­ға енгізілген өзгерістер құқық қор­ғау саласының жұмы­сына тың серпін беретініне сенім білдірді. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН Суретті түсірген Ғылымбек СӘБИТОВ