13 Наурыз, 2017

Қазақстанның бастамалары БҰҰ ұстанымына сай келеді

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Йенчпен кездесті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Кездесу барысында еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы БҰҰ-ның жоғары лауазымды өкіліне елімізде қолға алынған конституциялық реформалар мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан хал­қына арнаған биылғы Жолдауында қам­тыл­ған басым бағыттар жөнінде әңгімелеп берді. Министрдің айтуынша, елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарымен сәйкес келеді. Бұл реформалар ел тәуелсіздігін нығайта түсуге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, саяси тұрақтылық пен экономикалық орнықты дамуды қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Мирослав Йенч өз кезегінде Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер елдің саясат және экономика саласында үлкен табыстарға қол жеткізуіне тікелей әсер ететінін айтты. Сондай-ақ, ол аймақтық және халықаралық өзекті мәселелерді шешу ісінде еліміздің рөлін жоғары бағалай келіп, Сирия жөніндегі келіссөздерді ілгерілетуде Астана процесінің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның бұл іс-қимылдары БҰҰ Бас хатшысының әлемдегі түрлі дау-жанжалдарды реттеуде бейбіт келісімдерге басымдық беру жөніндегі идеясымен астасып жатыр. Кездесуде Қазақстан жағы Орталық Азиядағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өз деңгейінде дамып отырғанын, аймақ елдері көптеген өзекті мәселелерді өзара келісіммен шешуге мүдделілік танытып келе жатқанының нәтижесінде еңсерілуі қиын түйткілдер жоқ екенін атап көрсетті. Қазақстанның бас дипломаты, сондай-ақ, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі қызметінде Орталық Азия мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығының әлеуетін орнымен пайдаланатынын атады. Бұл жердегі мәселе Ауғанстанға және өзге де аймақтарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері делегациясының сапарын, сондай-ақ, өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында мүдделі елдердің қатысуымен аймақтық конференциялар ұйымдастыру жөнінде болып отыр. Бұдан бөлек, тараптар Орталық Азия мен Ауғанстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын айта келіп, әлемдік және аймақтық бейбітшілікті нығайту бағытында жоғары деңгейлі пікірталастар ұйымдастыруға, сондай-ақ, негізгі міндеттерді жүзеге асыру барысында бірлесе жұмыс істеуге ынталы екендерін білдірді. Кездесуде Қ.Әбдірахманов БҰҰ-ның терроризмге қарсы күреске қатысты реформасына, БҰҰ Бас хатшысы орынбасарының басқаруындағы Терроризмге қарсы күрес офисінің құрылғанына қолдау білдірді. Қорыта айтқанда, кездесу әдеттегідей достық рәуіште өтті және ол Қазақстан мен БҰҰ-ның екіжақты ынтымақтастығының жоғары деңгейін көрсетіп берді.