13 Наурыз, 2017

Қатаң сынға алынды

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан делегациясы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде Корей Халық-Демократиялық Республикасының (КХДР) үстіміздегі жылдың 6 наурызда 4 баллистикалық зымыран ұшыруына байланысты өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысына қатысты, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Отырысқа қатысушылар КХДР би­лігінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиіс­ті қарарларын кезекті түрде бұзу әре­кеттерін бірауыздан қатаң сынға алды. Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Ома­ров өз сөзінде Солтүстік Кореяның зы­мыран ұшыру және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің қарарларын қайтадан өрес­кел түрде бұзу әрекеттеріне зор алаң­даушылығын білдіріп, олардың ай­мақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ортақ халық­ара­лық күш-жігерлерді жоққа шы­ға­рып отырғанын ескертті. Жиында Қазақстан тарапы Корей түбегін ядролық қарудан азат ету қа­жет­тігіне қағидатты түрде қолдау та­ныта отырып, Солтүстік Корея мәсе­лесін тек бейбіт саяси-диплома­тиялық келіссөздер мен сенім шара­ларын қалыптастыру, алдын ала шарт­тар­сыз ашық түрдегі диалог құру ар­қы­лы шешу керектігін атап өтті. Осы орайда Қ. Омаров бейбіт жол­мен шешу мүмкіндіктері БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің барлық қарарлары­ның ең маңызды түйіні екендігін қаты­сушылардың есіне салды. Қазақстан өкілі аймақтағы шиеленісті бәсеңдетуді және қалыптасқан қауырт ахуалды шешуді ілгерілетуге жетелейтін нақты шараларды ойластыруға шақырды. Отырыс соңында Қауіпсіздік Кеңе­сінің мүшелері КХДР-ға қатысты санк­цияларды орындауда күш-жігер­лерін еселей түсуге келісіп, сонымен қатар, Корей түбегіндегі және тұтас­тай Сол­түстік-Шығыс Азиядағы бей­біт­шілік пен тұрақтылықты сақтау маңыз­дылығын құптады. Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі осы мәселе жөнінде арнайы мәлімдеме қабылдап, онда баллистикалық зымы­ран ұшыруды қатаң сынға алып, бар­лық мемлекеттерді КХДР-ға қатысты санкцияларды орындау бойынша тиісті шараларды қабылдауға шақырған болатын.