13 Наурыз, 2017

Қазақстан-БҰҰ: Қарым-қатынас дами береді

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Өкілдігінде (Нью-Йорк) еліміздің аталған Ұйымға мүшелікке қабылдануының 25 жылдығына арналған іс-шара өткізілді. Кездесуге АҚШ-тың жетекші талдау орталықтарының, халықаралық БАҚ өкілдері – БҰҰ-ның журналистер қауымдастығының мүшелері қатысты. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының БҰҰ жанын­дағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қатысушыларды елдің БҰҰ-мен қарым-қатынасындағы негізгі ба­ғыттары: қауіпсіздік, ядролық тарат­пау, терроризм мен трансұлттық қылмыс, тұрақты даму, климат­тың өзгеруі бойынша Қазақстанның өт­кен жылдардағы жетістіктері, маңыз­ды кезеңдері туралы ақпаратпен таныстырып өтті. Бұдан бөлек, жиын қонақтары өкілдік әзірлеген бейнефильм арқылы Қазақстанның ядролық қарусыз­дану саласындағы бастамалары – Семей полигонын жабу, тоқсанын­шы жылдардағы ядролық әлеуеттен бас тарту, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау, дінаралық үнқатысу – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің отырысын шақыру, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өткізу туралы мәліметтермен танысты. Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүше­лігі аясындағы Қазақстанның басым бағыттары, Кеңестің негіз­гі комитеттерінің төрағасы ретіндегі міндеттері бөлек талқыланды. Бұған қоса, жиында Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретін­дегі қызметі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ ҚК мүшелеріне арнаған «Қауіпсіз, әділ және өр­кендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси Үндеуі және «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің негізгі қағидаттарына сүйеніп жүргі­зілетіні атап көрсетілді. Сонымен қатар, басқосуда энер­гетикалық қауіпсіздік және алдағы уақытта Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен басқа да тақырыптар қозғалды. Кездесу барысында БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары кеңсесінің басшысы, БҰҰ-ның Нашар дамыған елдер және теңізге шығар жолы жоқ елдер бойынша өкілі Сандагдородж Ерденбилег, Global Security Institu­te халықаралық ҮЕҰ президенті Джонатан Гранофф Қазақстанның БҰҰ-ның бағдарламалары мен жобаларын іске асырудағы және әлем­дік шиеленістердің алдын алу­дағы, даму бағдарламасының аясын­дағы мақсаттар мен міндеттерді жүзе­ге асырудағы маңызды үлесін атап өтті, деп хабарлады Қазақстан Респуб­ликасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.