13 Наурыз, 2017

Арыстар аманатын арқалаған

322 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Пешене аталатын шетсіз-шексіз абстрактілі ұғымға бас игеніміз бе, әлде басқа себебі бар ма, бір жайт нақты ақи­қатқа жатады: ол – ұлтының рухани сұ­ранысын өтейтін құндылықтарды сар­алаушы, баға беруші, жол сілтеуші та­лантты жандардың алмағайып уақыт ая­сында тарих сахнасына шығатындығы. Қазақ әдебиеттану ғылымында айрықша орны бар С.Қирабаев, З.Қабдолов, Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, Н.Ғабдуллин, М.Базарбаев осы топ өкілдері еді. Бәрі бір жылы туған осы құрдас жандарға тағдыр ерекше міндет жүктеген еді. Егер бұралаңы мен бұлтарысы, күнгейі мен көлеңкесі қабаттасқан кешегі кеңестік дәуірде ұлт руханиятын жаңа сапаға көтеру С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин секілді заңғар тұлғаларға бұйырса, әдебиеттану ғылымының жүгін арқалау М.Қаратаев, С.Талжанов, А.Нұрқатов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин сияқты қуатты шоғырдың маңдайына жазылыпты. Ал С.Қирабаев пен оның құрдастары өздерінің ал­дындағы жасы үлкен буынның ісін жал­ғастырып қана қойған жоқ, бәрінен бұ­рын, ел тәуелсіздігі үшін жанын қи­ған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, т.б. арыстардың ұлтына қызмет етудегі аманатын жау­ап­­кершілікпен қабылдап алған еді. Қан­шалықты дәрежеде міндет биігінен кө­рінді, ол өз алдына жеке әңгіме. Кезінде Ғ.Мүсірепов «алыптар тобы» деп атаған классик жазушылардың бү­кіл дүниелерін зерттеп, талдап, олар қа­лыпт­астырған дәстүрдің бүгінге дейінгі жал­ғастығын зерделеп, жоғары деңгейде сараптаған С.Қирабаевтай ғалымдар өз­дері де ұлттық әдебиеттанудың сар­дар тобына айналғанын еш уақытта еш­кім­ге жар салып айтқан емес. Алайда, та­рихи-философиялық Уақыт – Қоғам – Адам – Сана төрттағандық ұғымдары тұр­ғысынан келгенде, шындық түйіні осы­нау байламды мойындататыны анық. Әдебиеттанудағы алыптар тобының қазіргі көзі тірі өкілі, даңғайыр ғалым, осы ғылым саласының абыз ақсақалы Серік аға Қирабаев туралы қалам тербеу өте қиын, алайда, бірер жайтты ғана айту – па­рызымыз. Сераға – бүкіл ұлттық руханияттың туу, даму, қалыптасу жолын ғылыми тұрғыдан негіздей алған ойшыл. Сераға – ұлттық әдебиеттің, онда да Кеңес дәуіріндегі әдебиеттің бірден-бір білікті зерттеушісі. С.Сейфуллиннен бас­тап, ХХ ғасырдың екінші жартысы мен қазіргі тәуелсіздік жылдарындағы жас буын қаламгерлердің жаңалыққа то­лы жылт еткен ізденісін қалт жібермей, қа­пысыз қадағалап отырған аузы дуалы сарапшы. ХХ ғасыр басында Алаштың ұлы перзенттерінің барлығы дерлік халықты білім-ғылымға үндеді, ұстаздық етті, сабақ берді. Серік ағаның сол арыс­тар­дан қабылдап алған аманаты да М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында өткен жемісті жыл­да­рымен қатар, ұзақ мерзім бойғы білім мен ғылымның қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі қызметімен тығыз байланысты. Дәріс оқыды, кафедра бас­қарды, проректор болды. Ұстаздық қыз­метті ғалымдық еңбегімен ұш­тастырды. Әдебиет және өнер инс­титутының бө­лім меңгерушісі, директоры болды. Атал­мыш университет (бұрынғы ҚазПИ) Серағадай танымал тұлғаның топшысын қа­тайтты, Сераға өз кезегінде қасиетті білім ордасын асқақтатты. Күні кеше орта мектепті бітірген тү­лектер мен жоғары оқу орнының фи­ло­­логия факультетін тәмамдаған ма­ман­­дар, бәрінен бұрын, педагог-ғалым әзір­­леген «Қазақ әдебиеті» оқулығымен білімге аяқ басты. Сераға қыруар оқу­лықтарымен бірге, қазіргі таңда таны­м­дық сипаты күшті монографиялар жазды. Бір ғажабы, ол кісі ғылыми жетекші, ке­ңес­ші болған ғылым кан­д­и­даттары мен ғы­лым докторлары тек ғылыми дәреже мен атаққа ғана ие болып қоймай, атақ­ты ғалымның при­нципшілдігі мен та­лап­­шылдығын, тазалығын, әділетті аза­мат­тық арына ту етіп көтерген адами ажа­рын да өз болмыстарына сіңіре алды деп айрықша айтқымыз келеді. Серағаның өмір жолы қазір бә­ріміз мансұқтап жүрген кеңестік дәу­ірде қалыптасты. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы тумасының көз алдында күшпен ұжымдастыру, оты­зын­шы жылдардың ойраны, Екін­ші дү­ниежүзілік соғыс, тың игеру, елу­ін­ші жылдар ішінде қайтадан қолға алынған «саяси сенімсіздерді», «халық жау­ларын» әшкерелеу сияқты алапат үдерістер өткен еді. Үлкен ойшылдыққа бет бұрған азамат осылардың түп-төркініне де үңіле алған болатын. Егер жер бетіндегі бірден-бір дұрыс ілім коммунизм идеясына негізделсе, ол идеяның басты бағыты сауаттандыру, білім мен ғылымды ерекше қарқынмен дамыту, өндірілген материалдық игі­лік­тің тепе-тең бөлінуі, аса қуатты, ке­мелденген мемлекет құру болса, жо­ға­рыдағыдай алапат келеңсіздіктер не­ге орын алады? Алуан түрлі идеялар т­о­ғыс­қан аумалы-төкпелі заманда Серік Смайылұлы өз жолын, өз соқпағын таңдап алуға ұмтылды. Идеологияның шын мәнінде адамдар санасының болмысқа қатынасын анықтайтын саяси, құқықтық, адамгершілік, этикалық және философиялық идеялар мен көз­қа­­растардың жүйесі екендігін, сөйтіп, көп­шіліктің қоғамдық таным-түсінігін қалыптастыруда, өмірде бағыт-бағдарын айқындауда зор қызмет атқаратынын ескерсек, Сераға жаңа уақыт аясында өз ғұмырын білім мен ғылым, ұстаздық жолға арнады. Ғылыми салада өзгенің ығына жы­ғыл­майтын, ұлттық руханияттың өзекті мәселелерін өзінше ғана пай­ым­дайтын адамдар болады. Олай бо­луы заңды да. Сондай өткелектен өткендердің бірі де Серағаң болатын. Егер шын талант қана найзаның ұшында жүреді деген қағидаға өзге қырынан үңілсек, білікті ғалым мен қара қылды қақ жарған әділ сыншының да жолы қияметке толы болатынына ден қоямыз. Алайда, түптің-түбінде кезінде ренжіген, тоңторыс күйде жүрген талай ірі ғалым мен ақын-жазушының сарабдал сыншы тағылымының зиялылыққа негізделгенін мойындағанына талай рет куә болғанымызды баса айтқымыз келеді. Биылғы жылдың наурыз айында 90 жасқа толатын академик С.Қирабаевтың алпыс жылдан астам өмір кезеңі кешегі кеңестік дәуір шеңберінде өткен екен. Сол заман оны ширықтырды, ақ пен қараны ажырата алар сұңғылалыққа, өктем идеологияның қитұрқыларынан сабақ алуға тәрбиеледі. Алайда, Сераға сол дәуірдің солақай ұстанымдарының қолшоқпарына айналған жоқ, ұлтына адал қызмет етті. Бұл ойымызға Кеңес заманында қаламынан туған құнды еңбектері ғана емес, тәуелсіздік жылдары жазған зерттеулері де толықтай айғақ бола алады. Бірде академик Зейнолла Қабдолов: «Біздің әдебиеттану ғылымымызда та­би­ғаты таза, санасы сара Серік ағаңдай жан әлі дүниеге келген жоқ» дегені бар-ды. Ақынжанды, жайдары, сұлулық пен ізгіліктің титтей ұшқынын көрсе, ба­ла­ша шаттанатын Зекеңнің бұл пікірі өзг­елерді мансұқтау емес, бәріміз құр­мет­тейтін Cерік ағаны әдебиеттану ғы­лымының нағыз көрнекті тұлғасы деп берген жоғары бағасы еді. Сөз өнері саласында дәстүр жә­не жаңашылдық деген ұғым бар. Алғаш­қысы іргелі шығармалар негізінде дү­ние­ге келеді де, өзінен кейінгілерге әсер-ықпалы болса, жол сілтер мектебі болса ғана берік дәстүрге айналады. Міне, Сераға осы ретте өз соқпағын салып, үрдіс қалыптастырғаны сөзсіз. Турашылдығы мен талапшылдығы, әді­летсіздікке жол бермейтін саф та­залығы Сераға болмысына тән қа­сиеттер дер едік. Абзал ағаның осы уа­қытқа дейін қолынан қаламы түспей, ғы­лыми ізденіс жасаумен қатар, тәуелсіз елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмі­ріндегі оң өзгерістерге ақ жол тілеп отыруы ай­рықша бітімін танытады. Ал ол кісіден білім алған, сондай-ақ, ғылым биігіне қанат қаққан шәкірттері ұлт мүддесіне қызмет етіп жүр десек, жоғарыда айтқан дәстүр ұғымының Серік аға Қирабаев арқылы берік орныққаны деп білеміз. Мәуен ХАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор