16 Сәуір, 2011

Кеденнен кедергі келмесін

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Парламент Сенатында Қаржы және бюджет комитетінің басшысы Қайрат Ищановтың төрағалық етуімен «Кеден одағы – интеграцияның өзара тиімді пішіні» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Отырысты аша келіп, Қ.Ищанов Кеден одағының қызметін реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіру тұрғысында талқылау­лар­дың маңыздылығын атап өтті. Сенатор атап өткендей, қазіргі кезде Кеден одағы аумағына бірыңғай кеден тарифтері енгізілді, кеден алымдары мен экономикалық шек­теулер алынып тасталды. Бұл, сарапшылардың пікірінше, Кеден одағына қатысушы мемлекет­тер­дің ішкі жалпы өнімін 5 жыл бойы 15 пайызға ұлғайтуға мүм­кіндік береді. Қ.Ищановтың ай­туын­ша, мемлекеттер арасындағы кедергілердің жойылуы мен тауар­лардың еркін қозғалысы бә­се­келестікті дамытуға ықпал етеді, ол өз кезегінде өндірілетін өнім мен бағаны төмендетуге жәрдем­деседі. Бірыңғай экономикалық кеңіс­тік мәселелеріне қатысты сенатор БЭК аясындағы ықпалдастық үде­рістерін дамыту сауда және экономикалық қатынастарды одан әрі тереңдетуге, қатысушы мем­ле­кет­тердің сыртқы нарықтар­дағы бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруда бірігуге ықпал ететінін айтты. «БЭК-тің құрылуы халық­тың шекара асуына шектеуді алып тастай отырып, бірыңғай ең­бек рыногын қалыптастыруға, жұмыссыздық деңгейін реттеу саясатын күшейтуге мүмкіндік береді», деді Қ.Ищанов. Талқылау барысында сөз ал­ған сенатор Н.Нұрманбетов ық­пал­дастық тұрғысында бірлесу іс-қимылын құқықтық тұрғыдан   қамтамасыз етуге назар аударды. Кеден ода­ғының Кеден кодексі туралы келісім 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енгеннен кейін Беларусь, Қазақстан мен Ресей Федерациясының бірыңғай кеден аумақтарында кедендік реттеудің бірыңғай жүйесі жұмыс істей бастады. Парламент Сенаты Кеден ода­ғының келісім-құқықтық базасын нығайту, бірыңғай кеден тарифін енгізу үшін жағдай қалыптастыру, сыртқы сауда және кедендік реттеу, санитарлық, ветеринариялық және фитосанитарлық бақылау жө­нін­дегі (30-дан астам) заң жо­баларын қабылдады. Кеден ода­ғы­ның инс­титуттық құрылым­да­рын дамыту жөніндегі база қалыптасты. Кеден одағының бірыңғай кедендік аумақтарында бірдей кедендік әкімшіліктендірудің түр­лері мен тәсілдерін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық ке­лісімдердің жобалары қосымша әзірленді. Ол ЕурАзЭҚ ая­сын­дағы Кеден одағына мүше мем­лекеттердің кеден қызметтері өкіл­діктерінің кеден істері жө­нін­дегі ынтымақтастығы мен өз­ара көмекті, Кеден одағының сыртқы шекарасындағы көлік бақылауын жүзеге асыру, Кеден одағына мү­ше мемлекеттер кеден қызмет­тері­нің бірлескен әріптестігі құ­жаттары. «Дөңгелек үстел» отырысында өзара сауда бары­сын­дағы тауар­лардың еркін айна­лы­мын қамта­масыз ету, үшінші елдермен сауда үшін қолайлы жағ­дай туғызу, Кеден одағына мүше мемлекеттердің экономикалық ын­ты­мақтастығын одан әрі да­мыту туралы депу­тат­тардың сауал­да­рына экономи­ка­лық даму және сауда министрі­нің орынбасары Қ.Бишімбаев жауап берді. Шарада сөз алған Қаржы ми­нистрінің орынбасары Р.Дә­лен­ов, Ауыл шаруашылығы ми­нистрі­нің орынбасары С.Хасенов, Кө­лік жә­не коммуникация ми­нис­трі­нің орынбасары А.Бектұров, Ден­сау­лық сақтау министрінің орын­ба­сары Е.Байжүнісов, «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық эконо­ми­калық палатасы басшы­сы­­ның орын­ба­сары А.Евниев, Ин­­дуст­рия және жаңа технология­лар министрлігі өнеркәсіп комитеті­нің төрағасы А.Таспихов алыс шетелдермен ынтымақтастықтың келешегі, мемлекеттік органдар­дың биз­нес орталарымен өзара іс-қимылы, транзиттік-көлік әлеуе­­тін, бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу саласындағы құқық қол­дану тәжірибесін дамыту ту­ралы депутаттардың көптеген сауал­дарына жауап берді. Талқылау нәтижесі бойынша тиісті ұсыныс әзірленді.