Спорт • 17 Наурыз, 2017

Биатлонның бәсі неге төмен?

260 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірімізде қысқы спорттың бірнеше түрі бойынша даму көңіл көншіткенімен, өкінішке қарай, биатлон туралы олай айта алмаймыз. «Солтүстікқазақстандықтардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы неге төмен?» деген сауал төңірегінде ойласатын мәселелер аз емес.

Биатлонның бәсі неге төмен?

Бір кездері кеңестік дәуірде атағы жер жарған жерлестеріміз Надежда Белова, Талғат Тұғынбаев, Сергей Глуховскийдің есімдерін жастар түгіл үлкендердің өздері біле бермейді. Кезінде биатлоннан әлем чемпионаттарында, халықаралық жарыстарда тамаша нәтижелерге жеткен саңлақтардың бүгінгі күнде лайықты ізбасарларының жоқтығы қынжылтпай қоймайды. Ақ көрпесін алты ай бойы айқара жамылып, қысқы спорт түрлерінің өркендеуіне табиғаттың өзі зор мүм­кіндіктер туғызатынына қара­­мастан, әлі күнге дейін бұл сала өңір­де қағажу көріп келеді. Оған биатлоннан облыстың бас жаттық­тырушысы Игорь Ильин былай деп жауап берді.

– Нарықтық экономикада жарыстар өткізу, спорт секцияларын құру, клубтардың материалдық-техникалық базасын қалыптастыру көбіне қаржыландыру ісіне келіп тірелетіндіктен, көптеген түйт­кілдер орын алып отыр. Осындай қиын жағдайдың биатлонға да ті­келей қатысы бар. Әрине, қыс­қы спорт түрлерінің дамуына қолдау көрсетілмейді деп ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Қаз­бек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдердің облыстық маман­дандырылған спорт мектебінде қысқы спорттың биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы, шайбалы хоккей сияқты бөлімшелері бар. Қызылжар ауданының Рассвет, Сивково ауыл­дарында, Мамлютка қаласында филиалдар жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдердің шеберлігін шыңдауға арналған екі шаңғы базасы Борки кентінде орналасқан. Шаңғымен жазда да шұғылдану үшін бұл жерде ұзындығы 25 ша­қырым болатын шаңғыроллер және шаңғы жолдары салынған. Биатлон жаттығулары мен жарыстарына арналған ату алаңы, айып айналма жолы, 20 нысана қондырғысы бар. Халықаралық талаптарға сәйкес келетін жаттығу орнында сексеннен астам жас өрен биатлонмен айналысады. Жаттықтырушылардың басты мақсаты байрақты сайыстарда еліміздің намысын абырой­мен қор­ғайтын спортшылар тәрбиелеп шығару болса, бұл салада бірқыдыру жетіс­тіктер бар. Атап айтқанда, алты спортшы еліміздің жастар құра­масына қабылданса, тоғыз жас­өспірім жас ерекшелігіне қарай әр­түрлі деңгейдегі сайыстарға үзбей қатысып жүр. Былтыр осы бөлім­шенің бір топ тәрбиеленушісі спорт шеберінен үміткер және бірінші разрядшы нормативтерін орындады. Денис Чуманов, Рустам Набиуллин, Дастан Дельдеш, Сергей Щербаков сынды өрендер ел біріншілігінің жеңімпаздары саналады.

Білікті бапкердің сөзіне қара­ғанда, биатлон ең қымбат спорт түр­леріне жатады. Оған со­ған сай жан-жақты жағдай жасалмағандықтан, спортшылар жаттығу барысында көп қиналатын көрінеді. Басты кедергілердің бірі – қажетті спорт тауарларын сатып алуға екінің бірінің шамасы жете бермейді. Соның сал­дарынан ата-аналар биатлоншы болуды арман еткен балаларын басқа қысқы спорт түрлеріне беруге мәжбүр.

– Соңғы жиырма жыл бойы облыста биатлон төменгі деңгейде қалып отыр. Қарапайым есепке жүгініп көрейік. Спортшыға қажетті киімдер жиынтығы шамамен 2 мың еуро тұрады. Бір оқтың бағасы – 40-50 теңге. Жаттығу барысында әр балаға жылына бес мың оқ қажет. Спорт­тық мылтық 2 мың еуро төңірегінде. Әрі қарайғы дайындық жұмыстары мен жарыстарға да қыруар қаржы қажет екені белгілі. Бұдан кейін қандай нәтиже күтуге болады? Алматы қаласында өткен қысқы Универсиада ойындарына облыстан бірде-бір биатлоншының қатыспауы – осы сөзіміздің дәлелі, – дейді бапкер.

Саланың жілік майын ша­ғып ішкен мамандардың айтуынша, спортшылардың дене күшін жетілдіру, моральдық-психо­ло­­гиялық әзірліктерін нығайту, кәсі­би деңгейін көтеру үшін заманауи құрал-жабдықтар базасын қалып­тастырмай болмайды.

– Облысымыздағы жасөс­пірім­дердің шеберлігін шыңдауға арналған екі шаңғы базасы талапқа сай жаб­дықталмаған. Бұл нысандардың инфра­құрылымы әбден тозған. 25 шақырымдық шаңғыроллер тас жолына күрделі жөндеу қажет. Жол үсті ойқы-шойқы. Соңғы жылдары Петропавлда биатлонның тек кросстық түрi бойынша ғана жарыс­тардың өткізілуінің сыры осында, – дейді мамандар.

Екінші бір мәселе, тәжірибелі бапкерлердің жетіспеушілігі үлкен тұсау болып отырған сыңайлы. Бұл спорт саласына олардың келуі сирек. Жалақы аз болғандықтан, жастар көп тұрақтамайды. Амалы таусылған дип­ломды мамандардың еңбекақысы жоғары салаларды сағалауына тура келеді.

Бас бапкер биатлонның дамуына кедергі болып отырған тағы бір жайтты ашып айтты.

– Аудандарда да спортқа құштар балалардың биатлонмен түбегейлі айналысуына мүмкiндiктер туды­рылмаған деуге болады. Тек Мам­лют, Тайынша, Шал ақын аудандары ғана облыс құрамасын спортшылармен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта тиісті орындар осы жағына көңіл аударса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ол.

Бұл спорт түрінің өрісін кеңейтеміз десек, көрші облыстармен, Ресейдің шекаралас аймақтарымен тығыз ынтымақтастық орнатудың кезі келген сияқты. Барлық тараптар үшін тиімді тәжірибелер алмасылса, жарыстар жүйелі ұйымдастырылса, биатлонның өрісі ұзарып, тынысы кеңейері сөзсіз.

Міне, негізгі тақырып арқауына айналған өңірдегі биатлонның бүгінгі ахуалы осындай. «Қыс арбаң­ды, жаз шанаңды сайла» демекші, биатлонның болашағын осы бастан ойластыра бергеннің ұтары көп болмақ деген ойдамыз.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Қанат АТАМАНОВ,
журналист

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар