Әз-Наурыз күні осы киелі қалада «Түркістан −Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған «Наурызнама» шарасы өтті.
Түркістан төрінде өтіп жатқан жиынға 23 мемлекеттен түркі тілдес 25 ұлттан тұратын 300-ге тарта қонақтар ат шалдырып келіпті. Олардан бөлек халықаралық ұйым өкілдері мен зиялы қауым, қала тұрғындарын қосқанда ұзын саны он мыңға жуық адам қатысты.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде киіз туырлықты қазақты өз алдына жеке мемлекет етуге еңбегі сіңген қазақ хандары, абыз-әулиелері, батырлары мен ел сөзін ұстаған билері мәңгілікке дамылдап жатыр. Құрметті қонақтар осында зиярат жасағаннан кейін қазақтың қалың тарихының көзі тірі куәгері Түркістан тарихи музейін аралады.
Содан соң Есім хан алаңында «Түркістан − Түркі әлемінің мәдени астанасы» мен «Наурызнама» думаны басталды.
Мерекелік шараны облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ашты.
Салтанатты жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.
– Баршаңызды түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы саналатын Түркістан қаласының түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып жариялануымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл тарихи шешім – түркі тілдес мемлекеттердің, ТҮРКСОЙ ұйымының елімізге деген құрметі мен Қазақстанның халықаралық аренадағы зор абырой-беделінің тағы бір жарқын көрінісі.
Түркістан орта ғасырлардан бастап түркітілдес халықтардың маңызды рухани орталығы болып келеді. Ұлан-ғайыр Еуразия өңірінің мұсылмандары Қожа Ахмет Ясауи кесенесін Орталық Азия мен Қазақстандағы ең қастерлі орын ретінде кие тұтып, тәу етуді дәстүрге айналдырғанына тарих куә.
Үш ғасырдай Қазақ хандығының астанасы болып, халқымыздың көптеген игі жақсылары жерленген бұл қала әрдайым киелі мекен болып қала бермек, делінген Елбасы құттықтауында.
Шара барысында Ж.Түймебаев барша жұртшылықты Түркістанның Түркі әлемінің мәдени астанасы жылы атануымен құттықтады.
− Ұлыстың Ұлы күнімен үйлесіп, жарасып жеткен жүрекжарды, қуанышқа қуаныш қосатын, шаттыққа шадымандық еселейтін тағы бір теңдессіз тойға жиналып отырмыз. Әзірет Сұлтан әспеттеген, күллі түркілер ту етіп көтерген, қашанғы қара шаңырақ, тарихи Түркістан шаһары Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде бауырларымыздың баршасына құшағын айқара ашты, – деп атап көрсетті Жансейіт Қансейітұлы.
Шара барысында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының «Баспасөз сыйлығы» шетелдік және қазақстандық 15 үздік журналиске тапсырылып, мереке концерттік бағдарламаға ұласты. Онда 500-ге жуық биші күн мен түн, жұлдыздар бейнесінде «Күн мен Түннің теңелуі және Табиғаттың оянуы» театрландырылған сазды-хореографиялық қойылымын көрсетті.
Сонымен қатар, түркітілдес халықтарға ортақ ұлы тұлғалар – Арыстан баб, Ясауи, әл-Фараби, Қорқыт ата образдарындағы көрініс сахналанса, Қазақ хандары киелі шаңырақты көтеріп, ондағы уықтарды өңіріміздегі 20 этномәдени орталықтың өкілдері ұстауымен бейбіт еліміздегі тұрақтылық пен татулықты көрсетті.
Концерттік бағдарлама барысында «Сүйінші. Шашу» көрінісі қойылды. Онда ұлттық киімдегі аттылы жаршылар Наурыз келгені жөнінде сүйінші сұрап, шашу шашты. Алаңда түркітілдес мемлекеттерге арналған 6 киіз үй көтеріліп, түркітілдес мемлекеттердің «Наурыз» керуені келді. Керуенде 18 түйе, 30 ат, 4 арба және түркітілдес мемлекеттерден келген 300-ге жуық мәдениет қызметкерлері өнер көрсетті.
Салтанатты жиында түркітілдес мемлекеттердің әлем халқын бірлікке, достыққа, бейбітшілікке шақыруға арнаған үндеуі қабылданды.
Бұдан кейін сөз алған сенатор Қуаныш Айтаханов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін айтты. Қ.Айтаханов Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.
Наурыз тойы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанындағы этноауылда жалғасты. Мұнда барлық ұлттық нақыштағы әбзелдермен безендірілген 12 қанатты 33 киіз үй тігілген. Қазақтай дархан халық әлемде сирек қой. Қазекең сыйлы қонақтарын күтуге дастарқанға барын салатындығы әлімсақтан мәлім. Сол ұлттық мінез әр киіз үйден көрінді.
Той кезінде бірқатар ел ағаларын да сөзге тарттық. Солардың бірі қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қазығын қағуына Елбасының тапсырмасымен Қазақстан жағынан қол қойған академик Мырзатай Жолдасбеков бүгінгі іс-шараның қаншалықты маңыздылығына өз бағасын берді.
− Бұл біздің кешегі Мұстафа Шоқай бастаған ағаларымыздың арманы еді. Олар Түркістан мемлекетін құрды, бірақ ғұмыры ұзақ болмады. Енді сол бақыт қайта келе жатыр. Мына Наурыз тәуелсіздік екеуі қосылып, түрік кіндігінен жаралған ұрпақтың басын қосып жатыр. Көк түріктің балалары ажырамасын. Елімізде тыныштық болсын, наурыздан наурызға аман-есен жетейік, − деді ол.
Наурыз-думаннан соң Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында «Түркістан және Түркология» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Түркологияның өзекті мәселелері ғылыми талқыға түскен алқалы жиынға алыс-жақын шет елдер мен қазақстандық 100-ден аса ғалымдар мен қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.
Отырысқа модераторлық еткен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінгі ғылыми басқосу тілі, ділі, діні, тегі бір түркі халықтарының мәдени ықпалдастығы мен өркениет бірлігін жаңғыртып, қазіргі жағдайын баяндау арқылы терең тарихынан сыр шертетініне сенім білдірді.
− Біздің мығым бірлігіміз, тұтастығымыз – ортақ руханияттың алтын қайнары, сарқылмас ғылым бұлағы. Түркі әлемі бірлігінің бүгінгі шынайы жанашыры, Түркі әлемінің ақсақалы атанған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен іске асқан түркі бірлігінің айшықты көріністерінің бірегейі бүгінгі шара деп білемін, − деді өңір басшысы.
Конференцияда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Д.Қасейіновке 70 жыл толуына орай жолдаған құттықтау хаты мен төсбелгісін тапсырды.
Басқосуда ғылыми конференцияның құрметті қонақтары Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Мұстафа Рухи Өзбилгич, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Халықаралық түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі сынды бірқатар азаматтар сөз сөйледі.
Түркияның Мармара университетінің профессоры Томар Женгиз бен Ресей ғылым академиясының докторы, профессор Фирдаус Хисамитдинова баяндама жасады. Ғалымдар «Түркістанның түркі тарихы мен мәдениетінен алатын орны», «Қ.А.Ясауидің түркілік ислам идеологиясын қалыптастырудағы рөлі», «Тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеудің маңыздылығы» және «Б.Кенжебайұлы және түркітанудың өзекті мәселелері» бағыттары аясында пікір алмасты.
«Түркістан және Түркология» халықаралық конференциясында 8 мемлекет тарапынан 115 ғалымның баяндамалары жинақталып ұсынылды.
Түркістанда өткен ұлы жиын түркітілдес елдер мен Қазақстанның өнер жұлдыздары бірлесіп өткізген гала-концертке ұласты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы