Аймақтар • 23 Наурыз, 2017

Иран өнерінің көрмесі

584 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктемгі күн мен түннің теңелген уақытын тойлау дәстүрі түркітілдес Шығыс халықтары арасында ертеден, ислам діні қабылданғанға дейінгі кезеңнен бастау алғаны белгілі.

Иран өнерінің көрмесі

Шуақты көктем мерекесі – Наурыз мейрамы түркі халықтарының көпшілігі үшін тіршіліктің бастауы, табиғаттың жаңаруы, мейірімнің, махаббаттың, молшылықтың және бауырмалдықтың нышаны.  


Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Иран Ислам Республикасының Ал­маты қаласындағы Бас кон­сул­­дығы жанындағы мәдени өкіл­­дігі Наурыз мейрамына орай «Наурыз нақыштары» ат­ты фес­тиваль өткізді. Қазақ жә­не парсы халықтарының ара­сын­­дағы терең тамырлы қарым-қаты­нас­тың бүгінгі көрінісі ретін­де өткен бұл фестиваль баян­ды дос­тықтың, мәдени дәс­түр­лер ортақ­тастығының белгісіндей.

Фестиваль аясында ашылған көрмеде Иранның дәстүрлі мәде­­ниетімен және өнерімен толы­­ғырақ танысуға мүмкіндік бере­тін, бүгінде сирек кездесетін көне бұйымдар, мәселен, кемпір­қосақша құбылып, түрлі амал-тәсілде жасалған миниатюра, ша­ғын мүсін, көркемсурет, бедер­лі металл, құты, құмыра, табақ, қобдиша, тұғыр сынды боя­­ма қыш туындылары байыр­ғы қолөнерші, суретші, калли­гра­­фис­тердің биік талғамы мен шеберлік деңгейін аңғартқандай.

Фирдоуси, Хайям, Саади және Хафиз туып-өскен, әлем­дегі ең көне өркениеттің бірі санала­тын Иран елі десе, көз алдымызға парсы елінің салта­натты сәулет өнері, мешіттердің күн түстес күмбездері, көздің жауын алар оюлары мен нақыш­тары, әсем ыдыс-аяғы мен үй жарағы, көне сарайлары мен сурет өне­рі, ал­уан түрлі қолөнері келе­тіні рас. Расымен де, бұл көрме­де Иран қол­өнерінің талант­ты өнер­паз­дарының, сурет­ші­лері­нің, мүсіншілерінің, көр­кем жазу және ағаш өнері шебер­лерінің озық туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Көрменің ашылу салтанаты­на қатысып, сөз сөйлеген Алма­ты қаласындағы Иран Ислам Рес­публикасының Бас консул­дығы жанындағы мәдени өкілдік басшысы Сейд Джавад Джалали Киясари мырза «Хафт син» – Наурыз мейрамында ирандық­тар безендіретін адалдық пен ақи­­қаттың дастарқаны. «Хафт син» дастарқаны толық өмір­дің нышаны. «Хафт син» дастар­қаны парсы тілінде «син» әрпі­нен басталатын жеті нышан­ды білдіреді. «Хафт син» дастар­қаны наурыздан кейін 13 күн жа­йылып, соңғы күнінде (нау­рыз айының 13 күні) суға жібе­ріледі», деп парсылық ұлттық дас­тар­қан жайынан мағлұмат беріп өтті.

Қазақстандық мәде­­ниет­­тану­шы ғалымдар, өнер­тану­шылар, ұстаздар мен сту­денттер қатыс­қан фес­тиваль барысында, сон­дай-ақ, балаларға арналған «Ар­мы­­сың, Әз-Наурыз!», «Әжем­нің сан­дығындағы заттар­дың тари­хы», «Ертегі әлеміне сая­хат» тақырыбында интерактивті сабақ­тар, музейдің экспозиция зал­дары бойынша экскурсия өткізілді, қалалық баспалар­дан шыққан түрлі әдебиеттер көрмесі, Алматы сән және дизайн колледжі мен «Сымбат» сән академиясының технология және дизайн колледжі студенттері дайындаған қазақ ұлттық киі­мінің дефиле-көрсетілімі ұсы­нылды, республика халық әртіс­терінің, этнографиялық ан­самбльдің, музыкалық ұжым­дардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды.

Бір айта кетерлігі, музей қыз­­­меткерлері де Оқушылар сара­йы, Республикалық спорт кол­леджі, «Халықтық және ұлт­­тық спорт түрлері мен бұқара­лық дене шынықтыру-сауық­тыру клубы» ЖШС қыз­мет­кер­лерімен бірлесіп асық иіру, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, арқан тарту сияқ­ты дәстүрлі ұлттық спорт ойын­дарынан шеберлік-сыныптар өткізді.

Фестиваль барысында дәс­түр­лі қазақ мәдениетіне сай, мерекенің ең кішкентай қонақ­тары – тәй-тәй басқан балақай­лардың алғашқы қадамы сәтті, ғұмыры ұзақ, болашағы жар­қын болсын деген ниетпен «Тұсау­кесер», «Бесікке салу» жорал­ғы­лары атқарылды. «Тұсаукесер» жо­ралғысын Халық әртісі Нұр­ғали Нүсіпжанов өткізді.

Қазақ шеберлерінің ғасыр­лар бойы шыңдап, көзінің қара­шы­ғындай ұрпақтан-ұрпаққа жет­кізген дәстүрлі қолөнері де фес­­тиваль аясынан сырт қал­ған жоқ. Музейдің ғылыми қыз­мет­­керлері қазақ кестесі, зергер­лік өнер техникасы жай­лы, ал шебер Мұса Әділ домбы­ра жа­сау технологиясы бойын­ша ше­бер­лік-сынып өткізді. Му­зей­дің қор коллекциясынан алын­ған «Дәстүрдің жарқын жал­ға­сы» тақырыбындағы көрме Е.Дау­баев, И.Жалмұ­қанова, И.Бря­ки­на, Е.Христова, А.Абдул­даева, А.Мұқажанова, М.Әлім­баева, В.Шершнева сынды зер­гер­лер­дің әше­кей бұ­йымдары мен Қазақ­көр­кем­өнер кәсіпорны шығарған көркемдік өнімдерін ұсынды.

Мемлекеттік қуыршақ театры­­­­ның «Наурыз-Думан» жә­не Мұзафар Әлімбаевтың шы­­ғар­­­­масы желісімен С.Бега­лин атын­­дағы Орталық мемле­кет­тік бала­­лар кітапханасының қыз­мет­­кер­лері дайындаған «Мен дала баласымын» атты театр­лан­­ды­рылған қойылымдары да көрер­менді қуанышқа бөледі.

Қазақ халқының ұлы ша­йыры саналған Тұрмағамбет Ізтілеу­ұлының парсы ақыны Фир­доуси «Шахнамасының» желі­­сі­мен жырланған 900 бет­тік тарихи дастанының 4-ші рет жарыққа шыққан кіта­бын кітап­­тың жауапты шығару­шысы бол­ған танымал шы­ғыс­танушы Ис­лам Жеме­ней көр­меге келген кітап­құ­мар жұрт­шылыққа тегін тарат­­қанын айта кеткен жөн.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ



Соңғы жаңалықтар