Үржар ауданы орталығының төрiнен қасқайып орын алған тас мүсін көрген жанның көзiн сүйсіндiредi. Биіктiгi 10 метр, гранит тастан қашалып жасалған ескерткішті жерлестеріне тарту еткен, осы өңірдiң тумасы, белгілі меценат Құсман Шалабаев.
–Жер-жерде атқа мiнген батырлардың ескерткіштері көбейіп кетті. Бiр-бiрiнен ажырата алмайтындай жағдайға жеттік. Сондықтан бұл ескерткішті тұрғызарда батырларға қарата айтылатын білектің күші, найзаның ұшы деген сөзді назарға алдық. Хас батырдың қолына найза ұстатқанымыздың себебі осы, – дейді Атымтай жомарт азамат.
Ескерткіштің ашылу рәсімі өткен соң ғалымдардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, Абылай ханның бас батыры жайында құнды баяндамалар жасалды. Тағылымды басқосуда сөз алған Үржар ауданының әкімі Серiк Зайнулдин биыл Қабанбай батырдың 325 жылдығы екенін атап өтіп, өңірде бірқатар iс-шаралар өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы