Медицина • 27 Наурыз, 2017

Адами капитал сапасын арттырудың бастауы – ілім мен білім

791 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын халықтың тағатсыздана күтетіні белгілі. Ірі реформалар, мемлекеттік маңызды саяси ұстанымдар, өркениеттілік пен тұрақты дамуға жол бастайтын стратегиялық басымдықтар Отанымызды экономикалық, оның ішінде әлеуметтік тұрғыдан айтарлықтай ілгерілететіні даусыз.

Адами капитал сапасын арттырудың бастауы – ілім мен білім

Мәселен, биылғы «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы елдегі сая­си жүйені жетілдіруге, адами капиталдың сапасын жоғарылатуға, отандық IT-саланы дамытуға, жаһандық экономикаға бәсекелестікті арттыруға, жаңа индустрияларды одан әрі ілгерілетуге негіз қалап отыр. Әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа қарамастан, халықты әлеуметтік қорғау үдерістерінің жалғасатыны да салиқалы саясат пен ұтымды бағдарламалардың олжасы екені анық. 

Президенттің Жолдауында адами капитал сапасын жақ­сарту мен балабақшаларға қатыс­ты кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет-жекеменшік серік­тес­тігі аясын кеңейтуге зор мүм­кіндік берілгендігіне айрықша тоқталып өткім келеді. Елімізде демографиялық ахуалдың жыл­дан жылға жақсарып келе жат­қанын ескерсек, балабақша мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек.

«Ең алдымен, білім беру жү­йесінің рөлі өзгеруі тиіс. Біз­дің міндетіміз – білім беру­ді экономикалық өсудің жаңа мо­делінің орталық буыны­на ай­нал­дыру. Оқыту бағдар­лама­ларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, келешек ұрпақтың алдында тұрған келелі міндеттер­ді тиянақты орындау үшін оларды ең бірінші кезекте сапалы біліммен сусындатуымыз керек. Адами капитал сапасының басты көрсеткіші ұстаз бен болашақ ұрпақтың білім деңгейінен айқын аңғарылады.

«Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет», деген Елбасының сөзі қойнауы құт-берекеге толы ауылдың тыныс-тіршілігіне, ондағы мектептердің жаңа келбетіне, жалпы алғанда, ұрпақтың лайықты әрі сапалы білім алуына зор мүмкіндік беретіні анық. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе, ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтердің жетіспеу проблемасы бар», деп атап көрсетті. Бұдан біз алдымызда ауыл мұғалімдерінің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру міндеті тұр­ғанын аңғара аламыз.

Биылдан бастап жалпыға бірдей тегін кәсіптік білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл – өте орынды әрі дер кезінде қолға алынған бастама. Сұранысы жоға­ры, аса қажет мамандарды оқы­тып, қайта дайындау ісіне ерекше басымдық берілетін болса, ел экономикасының дамуына оң ықпалын тигізбей қоймайды. Осы орайда алдымен елімізде тапшы мамандықтар бойынша мамандарды дайындауда жергілікті билік кәсіпорындар және кәсіпкерлермен бірлес­кен іс-қимыл жасауы – кезек күттірмейтін мәселе. Әлеу­ме­ттік инфрақұрылым нысан­дары­на жататын білім беру сала­­­сына қатысты өзекті мәсе­лелер оңтайлы шешім тапса, белгілен­ген міндеттер тиянақ­ты орындалып, ортақ істе жауапкершілік арттырылса, бірлік пен татулықты ту еткен халқымыздың алмайтын асуы болмайды.

«Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте», деп айтылған Жолдаудың со­ңын­дағы осы бір ауыз сөз бе­й­біт­шілік пен достықтың, ауыз­бір­шілік пен татулықтың Тәуел­сіз Қазақстанға алып келген шара­­патын ұқтыра түседі. Ел­дің баянды болашағы мен ер­теңі үшін барлық қазақстандық жұды­рықтай жұмылып қызмет атқарса, елдің бұғанасы одан са­йын қатая беретіні анық.

«Қазақстандағы салалық бі­лім және ғылым қызметкерлері кә­сіптік одағы» ҚБ сала қыз­мет­керлерінің әлеуметтік-эконо­микалық құқықтарын қорғай отырып, туындаған еңбек дауларын дер кезінде еңбек ұжымдарында шешуге, осылайша ел бірлігі мен тыныштығын сақтауға баса назар аударып келеді.

Мемлекетті жаңғырту басым­дықтары білім беру саласына артылған үміт пен сенімнің, жауапкершіліктің талабы жоғары екенін білдіреді. Ел үдесінен шығу жолында Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым ретінде «Қазақстандағы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіп­тік одағы» ҚБ өзінің әлеуметтік әріптесі болып табылатын Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, халықтың білім сапасын көтеру, ұстаздардың мәртебесін арттыру сынды көкей­кесті мәселелердің шешімін із­дестіру жолында еңбек етуде.

Мемлекеттің қуаттылығы ха­лық­тың білім деңгейі мен ден­­саулық жағдайына байланыс­ты өлшенеді. Ғалымды да, ин­женерді де, дәрігерді де алғаш­қы кезеңде білім нәрімен сусын­датқан ұстаздар қауымы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Адами капиталдың сапасын арт­тырудың негізгі бастауы да білім беру ісінің негізінде жат­қанына салмақты түрде назар аударуымыз керек. Бұл сапа көр­сеткішінің артуы тікелей ұстаз­дар қызметімен байланысты екенін аңғартады.

Қоғам алдындағы мұғалім мәр­те­бесі мен олардың әлеу­мет­тік-экономикалық әл-ауқа­ты қазіргі деңгейден де жақ­сара түсетін болса, адам капита­лыны­ң сапасы да жоғары нәтиже­лерден көрінеді. Осы орайда қоғамымызда ұстаздарға артылатын жүк те, сенім де салмақты. Ұстаз мәртебесінің жоғары болуы – білім сапасын арттырудың бірден-бір кепілі. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу керек. Бұл дегеніміз, ел мерейінің биік­теуіне, болашақ ұрпақтың саналы тәрбие алуына, өрендердің ел патриоты болуына тікелей оң ықпалын тигізеді. Елдің түрлі саласын жоғары деңгейге көтеру үшін кез келген адам өзінің жұмыс орнында, отбасында оған атсалысуы керек.


Майра АМАНТАЕВА,

«Қазақстандағы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері


Соңғы жаңалықтар