«Елдің есінде ерен ерлігімен, жаужүрек батырлығымен қалған ерен тұлғалардың бірі – Қабанбай. Ол кісі туралы ауызша және архивтік деректер біршама мол сақталған. Ауызша деректерге мифтен аулақ, талай ғасырлардың қойнауынан келе жатқан тарихи аңыз-әңгімелерді, Үмбетей, Бұхар сияқты жырау-
лардың шығармаларын жатқызуға болады. Себебі олар Қабанбайдың замандасы болғандықтан, көргендерін жазған адамдар. Міне, бұларды нақты ауызша тарихи дерекке жатқызамыз. Бұлардың бәрі қазіргі уақытта қағаз бетіне түскен. Сонымен бірге архивтік деректер бар. Архивтік деректердің көбісін біз негізінен Ресей Федерациясынан алдық. Олардың ішінде, көне актілер архиві, Ресейдің сыртқы істер архиві, Омбыдағы мемлекеттік архив бар. Осылардың арасынан Қабанбайға қатысты мағлұматтарды жинақтадық. Біз қанша жерден зерттедік дегенмен, батыр жайлы ақпараттар толастар емес. Оның ерлігі жайлы соңғы кезде Қытай архивтерінен біршама деректер табылуда. Өйткені, ХVIII ғасырда қазақ-қытай арасында тікелей қатынастар басталған. Табылған деректерді сол жақтағы қазақ азаматтары және Елбасының тапсырмасымен жазушы Қойшығара Салғарин де барып, бірталайын елге әкелді. Сол деректердің ішінде Қабанбайға қатысты мәліметтер де біршама кездеседі. Олардың барлығы бүгінде ел игілігіне айналып отыр. Менің ойымша, болашақта бұны еліміздің тарихшылары қолға алып, әскери тұлғаларға байланысты еңбектер, деректер ғылыми негізде жазылса нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстанның қай облысына барсаңыз, Қабанбай жайлы аңыз-әңгімелер болады. Оны бүкіл қазақ мойындаған. Сарышуаш айтады: «Абылай сынды төреңіз, қасыңа әкеп тақ құрған» деп. Яғни бұл кісі хандарға сүйеніш болған. Үнемі жақсы атақ алған адам. Жаманатты болғанын ешқандай ауызша деректерден кездестірмейміз», дейді тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек Кәрім.
Жиын барысында Тұрсын Жұртбай «Қаракерей Қабанбайдың арғы аталары Байжігіттердің XVI-XVII ғасырдағы көші-қон кеңістігі» тақырыбында баяндама жасады. Халықаралық «Қаракерей Қабанбай батыр» тарихи-мәдени қорының төрағасы Камал Әбдірахманның айтуынша, мамыр айында батырға арналып ас берілмек.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»