Жиын модераторы, облыс әкімінің кеңесшісі Артур Нығметов Елбасының конституциялық реформаға қол қойғанын, оған дейін бұл құжатты қалың жұртшылық талқылағанын айта келіп, негізгі спикер «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» мемлекеттік мекемесінің жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Мереке Ғабдуалиевке сөз берді.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған Ата Заң еліміздегі тұрақтылықтың кепілі болды десек, артық айтқандық емес. Өйткені, айналамыздағы мемлекеттерде соғыс өрті тұтанып, тыныштықтың дегбірі қашқан түрлі жағдайлар орын алып, әрқандай қолайсыздықтар болып жатқанда, Қазақстан ешқандай алаңсыз мемлекет құру ісімен айналысты. Соның арқасында шекарамыз шегенделді, Астана қаласы бой көтерді. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды. Ал бүгінгі заман біздің алдымызға жаңа саяси реформаларды ұсынып отыр. Сондықтан Елбасы өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке бөліп берді. Бұл − заң шығарушы орган мен атқарушы биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады деген сөз. Соған сәйкес, Парламент пен Үкіметтің құзыреті де күшейеді,– деді Мереке Тілекұлы.
Жаңа конституциялық реформа бойынша енді ел өмірінде елеулі орын алатын заңдарға да тиісінше өзгерістер енгізіледі. Солардың қатарында адам құқықтарына қатысты да біршама өзгерістер болмақ. «Алдағы уақытта адам құқықтары жөнінде есеп жасалып отырады. Бұл ел шеңберінде қабылданған заңдардың қаншалықты орындалып жатқанын біліп, сараптап отыруға таптырмас құрал болмақ» – деді Мереке Ғабдуалиев.
Сонымен қатар, болашақта елді мекендер мен ауылдық округтердің әкімдерін де халық сайлайтын жүйеге келуіміз мүмкін. Сарапшы жаңа конс-
титуциялық реформа барысында осындай мүмкіндіктің болу ықтималдығы зор деп отыр. Жалпы, жиын барысында мемлекет өміріндегі маңызды құжат жайында көптеген әңгіме айтылды. Сонымен қатар, сарапшылар клубына келген меймандар да өз ойларымен бөлісіп, көкейіндегі сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды.
Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА