Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен ғалымдар бұл техникалық зертханаларды сақтап қана қоймай, тәуелсіздік жылдары оның ғылыми-техникалық базасын нығайта білді. Осының арқасында қазақстандық ғалымдар Ресей, АҚШ, Франция, Жапония және тағы басқа елдермен бірге ең ірі ғылыми жобаларды жүзеге асырып, қазақ ғылымын халықаралық деңгейге көтерді. Атап айтқанда, радиоэкологиялық зерттеулер, термоядролық және ядролық энергетика салаларының барлығы да атомды соғыс мақсатына емес, бейбіт өмірге, ел игіліне пайдаланудың басты бағыттары, дейді физика-математика ғылымдарының докторы, Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) бас директоры Эрлан Батырбеков.
Оның айтуынша, осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигоны жабылған кезде, әскерилер соғыс атомы үшін қолданған құжаттарын, керекті қағаздарды мүлде жойып жіберген немесе өздерімен бірге алып кеткен. Қазақстандық ғалымдарға, өкінішке қарай, экологиялық апатқа ұшыраған ел мен жер, қаңыраған полигон аумағы ғана қалған. Осындай көптеген фактілері белгісіз полигон жерін қарамағына алған ғалымдар жиырма жылдан астам зерттеп, әр жиған-тергендерін қағаз бетіне түсіріп отырды. Және полигоннан қалған инфрақұрылымдарды, ірі техникаларды жойып, іске жарамсыз етті. Радиацияланған Атом көлі, Балапан алаңы сияқты жерлерде де ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қолда бар «Байкал-1» және ИГР сияқты кешенді реакторларды қолдануға тура келді.
2017 жыл – ҰЯО үшін мерейлі жыл, яғни Ұлттық ядролық орталық өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Осы аралықта 40 жылдан астам қасірет әкелген полигонды жойып қана қоймай, Елбасының тапсырмасымен арнайы тәжірибелер өткізетін орындар, қажетті мүйістер жасалған. Және тағы бір ауыз толтырып айтар дүние, бейбіт атомды дамытуға орай күнделікті ғылыми-зерттеулер жүргізіп отыру үшін кеңейтілген зертхана құрылып, ол қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Реакторлардың физикалық жағдайы, ядролық технологиялар, түрлі мезеттердегі ядролық сұйық отынды сынау, материалдардың радиацияға төзімділігі сияқты жұмыстардың барлығы осы жерде тәжірибеден өткізіліп келеді.
«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының вице-президенті, «Парасат» орденінің иегері С.Картоевтің айтуынша, «Байкал-1» және ИГР сияқты реакторларды тәжірибеден өткізу алаңдарында 1993 жылдан бастап күні бүгінге дейін ғылыми-техникалық «Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамыту» атты бағдарлама қолға алынған. Осыған орай, қазақ ғалымдары Жапониямен бірлесіп, халықаралық ең ірі жобаларды, атап айтқанда, EAGLE, CORMIT, FUKUSHIMA жобаларын жүзеге асырды.
– Қазақстанда Фукусимадағыдай апат болмайды, – дейді ҰЯО-ның бас директоры Э.Батырбеков. – Өйткені, біздің бұл саладағы ғылыми жетістіктеріміз аса жоғары. Әр маманымыз өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Ауыр апаттарды алдына ала есепке алатын зерттеулеріміздің өзі қаншама. Жеңіл сутекті және жылдам энергетикалық реакторлардағы, реакторлық және реактордан тыс зерттеулер жүргізу кезінде ауыр апаттарды болжаудың және алдын алудың жолдары қарастырылды.
Қазақстанның қазіргі өнеркәсібіндегі өзекті проблема кәсіпорындарда, медицинада, ғылымда және тағы басқа салаларда кеңінен қолданылатын йонды сәулелендіргіштің арнайы ампулаларын ұзақ әрі қауіпсіз сақтау. Бұл үшін «Байкал-1» кешені қазақстандық ядрошыларға жаңа технологиялар жасап, іске қосуға мүмкіндік берді. Кешенде 1995 жылдан бастап йонды сәуле шығаратын ампулаларды сақтайтын арнайы қойма ашылған. 2010 жылы осы реакторлық «Байкал-1» кешенінде БН-350 реакторын істен шығаруға орай арнайы жоба жүзеге асырылғаннан кейін, МАГАТЭ-нің кепілдігімен барлық қолданылған ядролық отын ұзақ жылдарға сақтауға қойылды.
Бүгінде қазақ ғалымдары өнеркәсіптік зиянды қалдықтарды ұзақ мерзімге сақтап отырудың жаңа технологияларын да жүзеге асыруда. Бүгінде ҰЯО-ның ғалымдары осыған орай жаңа жобаны іске асырмақ.
Міне, қатарынан бірнеше жыл ҰЯО АҚШ-тың Ұлттық зерханасының қолдауымен реакторларды зерттеу бойынша жобаларды айырбастап, тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстың басты мақсаты – ИВГ.1М және ИГР отын реакторларын байытуды 90 пайыздан 19,75 пайызға дейін U-235 (Уран-235) бойынша төмендету. Бұл – әлемдік деңгейдегі ядролық қауіпсіздік жолындағы тағы бір тың қадам. Сондықтан да ВОТК арнасы бойынша төмен байытылған отын қорын сынақтан өткізу 2017 жылдың екінші тоқсанында жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Сынақ жұмыстарының мерзімі бұрын үш жыл уақытты алатын. Енді барлық сапасы сақталына отырып, үш жылдан екі жылға дейін қысқартылады, бұл да болса маңызды техникалық шешім әрі ғылымның дамып келе жатқандығының дәлелі. 2017 жылы ИГР реакторының ішкі жүйесіндегі элементтерді және төмен байытылған отынды жан-жақты сынақтан өткізу қолға алынады. Сынақ 2019 жылға дейін жалғасады. Сөйтіп, сынақтан өткен соң бұлар ҰЯО-дағы реакторлардың ішіне қолданысқа енгізіледі.
Ал халықаралық ғылыми қоғам өкілдері қазақ ғылымы ХХІ ғасырда әлемдік деңгейге көтерілді деп бірауыздан мойындап отыр.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Шығыс Қазақстан облысы,
Курчатов қаласы
Суретті түсірген автор