22 Сәуір, 2011

Көші-қон талабы күшейеді

409 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысының күн тәртібінде сегіз мәселе қаралса, соның ішінде халықтың көші-қон мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заңдық құжат депутаттар тарапынан қызығушылық тудырды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүл­шара Әбдіқалықова қолданыс­та­ғы заң өзін толық ақтағандығын ерекше атап өтті. Алайда уақыт өте көші-қон ағыны мен сапасы өзгеріске ұшырап отыр. Көші-қон бірнеше түрге бөлінеді. Атап айт­қанда, тарихи отанына оралу, от­ба­сымен қосылу, білім алу және еңбек қызметін жүзеге асыру көші-қоны, сондай-ақ гумани­тар­лық және саяси себептер бойын­ша көші-қон. Этностық көшіп-қонушылардың тарихи отанына кірігу жағдайын жақсарту ерекше қарастырылғаны белгілі бол­ды. Этностық қазақтар көшіп келу квотасына қосу туралы арыз­бен өзінің тұрып жатқан елінде өтініш жасай алады екен. Квотаға қосылуға келісім берілген жағ­дай­да олар келгеннен кейін бес жұ­мыс күні ішінде оралман мәртебесін, он жұмыс күні ішінде тұрақты тұруға рұқсат және бір ай ішінде әлеуметтік қызмет­тер пакетін алатын болады. Оралман отбасы квотаға енгізілгеннен кейін күнтізбелік бір жыл ішінде келген басқа да отбасы мүшелері, сондай-ақ ата-аналары Қазақстан Республика­сы­ның азаматтығын алғанға дейін туған балалары сол оралман­дардың көшіп келу квотасына кіре алады. Оралман квотаға қос­қан­нан кейін қайтыс болған жағдайда бір жылдық жәрдемақы және тұрғын үй алуға қаралған қаражат оның Қазақстан Респуб­ликасының азаматтығын алып үл­гермегеніне қарамастан, отба­сы мүшелеріне беріледі. Орна­ластыру өңіріне қарай сараланған бір жылғы жәрдемақы берілетін болады. Оралманға тұрғын үй салу, қалпына келтіру немесе сатып алу үшін жеңілдетілген несие қарастырылады. Сонымен қатар, заң жоба­сын­да жекелеген адамдар тарапынан жем­қорлық әрекетінің жасалуына алғышарт болатын заңнама нор­малары алынып тасталды. Атап айтқанда, оралмандардың кө­шіп келу квотасына енгізу туралы өтінішті сенімді адам арқылы беру нормасы жойылады, квотаға енгізілген оралмандарға ақшалай қаражат Қазақстан Республика­сы­ның азаматының жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда төленеді. Сондай-ақ заң жобасында квота алған кезде қоныстануға жіберілген өңірден басқа жерге алғашқы үш жыл ішінде өз бетінше қоныс аударған жағдайда оралман мәртебесін алған күннен бастап бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы­нан тыс жерде тұрақты орын ауыс­тыр­ған жағдайда төленген тө­лемдер қайтарып алынатын болады. Ішкі еңбек нарығын қорғау­дың негізгі қағидаттарын қамта­ма­сыз ету, әр елдің инвестиция­лық қолайлылығын арттыру мақ­сатында заң жобасында  сыртқы еңбек көші-қонын реттеудің жаңа тәсілдері ұсынылады. Үкіметке шетелдік жұмыс күшін тартудың жалпы квотасынан бөлек жекелеген басым инвестициялық жоба­лар­ға арналған квота белгілеу құқы беріліп отыр. Сонымен қа­тар, заң жобасында маусымдық шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіру, заңсыз көші-қонның алдын алу мақсатында мау­сымдық жұмыс атқаратын шет­елдіктердің мәртебесін реттеу, арнайы заң қабылдау арқылы құқықтық мәртебесі реттелмеген көшіп келушілердің жекелеген санаттары бойынша бес жылда бір рет арнайы заңдастыру ак­ция­сын жүргізу көрініс тапқан.  Заң жобасында, сонымен қатар, ішкі көші-қонды реттеу мәселелерінде бірінші рет Үкімет тарапынан тиісті әлеуметтік қолдау көрсетіле отырып, ішкі көші-қон квотасын белгілеу құқығы қарастырылған. Депутаттар сұрақтарына орай жауабында министр  жылына 75 мыңдай еңбек күшін алып келу квотасы бөлінсе, ол экономика­лық белсенді халықтың 0,75 пай­ызына тең екендігін айтып өтті. Алайда қазіргі таңда жылына елімізге 50-60 мыңдай жұмыс күші тартылады екен. Түркияда тұрып, түрік болып жазылып кеткен этностық қа­зақтар мәселесін көтерген Ермұ­хамет Омаровтың сұрағына орай жауабында министр  міндетті түрде қазақ екенін растайтын құ­жаттардың болуы қажеттігін баса айтты. Өйткені, өзге ұлт өкілдері жеңілдіктерді пайдаланып, тұр­ғын үй алуға да ұмтылған фактілер кездесіпті. Осылайша талқылаудан өткен заң жобасы және оған ілеспе заңдық құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.