«Астана» мен «Шахтер» Еуропаның беделді клубтық турнирінің топтық кезеңінде өнер көрсетті. Осы жетістікке қарап, кейбір шенеуніктер қазақ футболы дамып жатыр деп ойлайтын секілді көрінеді. Аталған клубтар жақсы нәтиже көрсетсе, бірінші кезекте білікті бапкер мен легионерлердің арқасы.
Кейде клубтарымыз 2-3 миллион долларға бір легионер сатып алғанша, инфрақұрылымды жақсартса ғой деп армандайсың. Мәселен, чемпионаттың соңғы үшінші турындағы алты ойынның тең жартысы Астанада өтті. («Астана» – «Ақжайық», «Оқжетпес» – «Тобыл», «Шахтер» – «Қайсар»). Қалған үш матчтың қайда болғанын тіптен айтуға ұят. «Ақтөбе» мен «Ордабасы» мектептің алаңында ойнады. «Тараз» Алматының «Қайрат» командасын «Ұлан» стадионында қабылдаса, «Атырау» мен «Ертіс» жиі сынға ұшырайтын «Судремонтикте» кездесті. Жылда көктемдегі жағдай осы. Оған Теміртау мен Затобол қалаларын қосуға болады. Жиырма бес жылда жалғыз стадион салдық. Біздің басшылар стадион деген міндетті түрде 30-40 мың адамға арналған болу керек деп ойлайтын секілді. Қазақстанның жағдайында 8-10 мың көрермен отыратын стадиондар да жеткілікті. Бастысы, алаңы қолайлы, УЕФА талаптарына сай болса болғаны. Тіпті жаңадан стадион салмай-ақ, бұрынғы алаңдарды жөндеп, төсеніштерін ауыстырып, жарығын оңдап қойса да жетіп жатыр еді ғой. Ешқандай жағдай жасалмаған соң, футболшылардан нәтижені қалай талап етеміз? Еуропадан келген кез келген футболшы мен бапкерлерден сұхбат ала қалсаңыз, осы проблеманы айта жөнеледі.
Ұлыстың Ұлы күнінде Қазақстан мен Кипр құрамалары жолдастық кездесу өткізді. Бұл Александр Бородюктің бас бапкер ретінде дебюттік матчы болатын. Ойынды асыға күттік. Бірақ бірде-бір трансляция жоқ. Телеарна тұрмақ, ғаламтордағы сайттардың өзі көрсетпеді. Youtube желісін қайта-қайта ақтарумен уақытымыз өтті. Осындай қарапайым мәселелерді ретке келтірмесек, отандық футболдың дамығанын жақын арада көрмейтін шығармыз.
Айтпақшы, Кипр құрамасымен күш сынасқан біздің футболшыларымыз 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Ойында Таңат Нөсербаев соққан жалғыз допқа алаң иелері тарапынан Несторас Митидис, Фанос Кателарис және Димитрис Христофи үш голмен жауап берді.
Кеше кешкісін бет қатталып жатқанда Қазақстан құрама командасы Ереванда 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Армения аяқ доп шеберлерімен күш сынасты.
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА