Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының (WWF) бастамасымен жыл сайын наурыз айының соңғы сенбісінде ту көтеретін шара биыл оныншы мәрте өткізіліп отыр. Бұл жаһандық шараға бір мезетте 175 мемлекеттен 7 мыңнан астам қала қатысып, электр жарығын сөндірді. 2 миллиардтан астам адамды қамтитын өте ауқымды экологиялық жоба осылайша климаттың күн санап өзгеруіне күллі адамзаттың назарын аударуды көздейді.
Аталған шарада қала әкімінің орынбасары Е.Аманшаев елордада 100-ден астам нысан жарықтарын өшіріп, аталған акцияға үн қосып отырғанын және оған қатысушы мәдени мекемелер мен әлеуметтік нысандардың жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын жеткізді. Оның ішінде «Астана Опера» театры, «Бәйтерек» монументі, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, Тәуелсіздік сарайы, «Хазірет Сұлтан» мешіті, «Алау» спорт кешені, «Астана-арена» стадионы, Ұлттық музей және көпірлер мен скверлер бар. Осылайша, елордалықтар бүгінде экологияны оңалту мен табиғатты қорғау мәселелеріне арналған шаралардың белсенді қатысушысына айналды. Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналуы арқылы жасыл көпір міндетін атқарып отырған Елбасы саясатына ерекше тоқталды. Осы арқылы Қазақстан қоршаған ортаны қорғау бойынша әлемдегі инновациялық жобалардың өрістеуіне өз үлесін қосады, деді депутат. Ал «Байтақ Болашақ» Экологиялық альянсы» РҚҚ жетекшісі Азаматхан Әміртайдың айтуынша, елімізде жыл соңына дейін 18 миллион жас өскін отырғызылмақ. Ол осы ізгі акцияға барша қазақстандықтарды белсене қатысуға шақырды.
Айта кеткен абзал, Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының ұйымдастыруымен елімізде киіктерді қорғау, тұран жолбарысын оралту сынды бірқатар шаралар жүзеге асырылуда.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»