Жүргізушілік куәлігін алған соң жастық жалынмен алғаш «ГАЗ-51» көлігінің руліне отырады, міндеті – ауылдарға немесе көрсетілген мекендерге хат, нан, тауарлар тасу. Ісіне тиянақты қызға кейін жаңа көліктер беріле бастайды, су жаңа «УАЗ»-дың да алғашқы жүргізушісі болады.
Қазіргі таңда Несіпхан апа облыстық темір жол қоймасында еңбек етеді, қоймаға келетін тауарларды қабылдап, қажетті орынға жеткізеді. Ал көлік бұзылса, оны жөндеу әже үшін қиын шаруа емес, кез келген бөлшекті өзі жөндеп, моторды шашып қайта құрастыру ол үшін үйреншікті жағдай. Тіпті, бұл шаруаларда алдына жан салмайды деуге болады.
Ұжымы оны өз ісіне тиянақтылығы, ширақтығы үшін қатты құрметтейді және отбасында келін жұмсап, немере тәрбиелеген әже ретінде сыйлы. Өз ортасына көңілді құрбы, туыстарына ақылшы апа, ардақты ана, ұжымда көп әңгіме айтып бұлданбайтын, жұмысына жауапкершілікпен қарап, тапсырылған тапсырманы бар ниетімен орындайтын Несіпхан әже өзі қазір жүргізіп жүрген «Газель» көлігін ұршықша иіріп, зырғып жүр. Тың, денсаулығы да жақсы.
– Мен сыйымдылығы үлкен, мінезі қалыпты өз көлігімді жақсы көремін. Бірақ, адамдар маған жасыма байланысты сұрақтар қойып, «неге үйде отырмайды екен?» деп жанашырлық танытып жатады. Балаларымның да көлік айдап, жүк тасығанымды қаламаған кездері болды. Ал мен денсаулық бар кезде қоғамға пайдалы іс жасау керек деп ойлаймын, – дейді ол.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы