Өнертанушылар, ұлттық өнерді ұлықтайтын жандар зергердің еңбегін жоғары бағалайды. Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Ш.Тоқтабаева болса, Аман зергердің әлемі ғажайып әлем деп таниды.
Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайындағы көрмеге зергер 240 шақты күміс, алтын, бағалы қымбат тастармен көмкерілген бұйымдарын әкеліпті. Аман Мұқажан осы бұйымдарды жасаумен 35 жыл бойы айналысып келеді. Жасаған бұйымдарының қатарында сырға, сақина, білезік, танамоншақ, алқа сынды әшекейлер өте көп. Көрмеге әшекей бұйымдармен қатар, суретшінің қарым-қабілетінен хабар беретін картиналар және графика, инстоляция сияқты сәндік-қолданбалы өнер туындылары да қойылды.
Аман Мұқажан 1987 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының сәндік-қолданбалы өнер факультетін аяқтаған. Қазақстан Суретшілер одағының, Дизайнерлер одағының мүшесі. Көптеген халықаралық, республикалық көрмелердің қатысушысы. Халықаралық зергерлік өнер көрмелердің құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарын иеленген.
Раушан Нұғманбекова
Семей
Суреттерді түсірген автор