Ауыл мұғалімдерінің отбасында тәрбиеленген оның білім мен ғылым саласына келуі кездейсоқ емес. Сол ата-ананың білімге құштарлыққа баулуы – Ғалымқайырдың өмірлік темірқазығына айналды.
Қазақ политехникалық институтының «Автоматика және есептегіш техника» факультетін бітірген Ғалымқайыр Мұтанов ғылыми-оқытушылық ізденіс жолын Рудный индустриялық институтында ассистенттік қызметтен бастады. Аз уақыттың ішінде ғылыми біліктілігін жетілдіру үшін Мәскеуге жолдама алды. Мәскеудегі болат және қорытпалар институтында танымал маман ғалымдардың алдынан қатаң іріктеуден табысты өткен ол 2 жылдық ғылыми-зерттеу тәжірибесін «Түсті және сирек металдардың технологиялық процестерін автоматтандыру» кафедрасында өтті. Оның кандидаттық және докторлық диссертациясы – қазіргі уақытта көп айтылып жүрген жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы технологиялық процестерді автоматты басқарудың теориясы мен тәжірибесіне арналды. Әлемдік деңгейде танымал болған академик-ғалымдар В.В.Ржевский, Л.А.Пучков, В.А.Горбатов, Л.А.Бахвалов, А.Г.Мелькумовтың шеберлік мектебінен өтті. Әлем таныған белгілі ғылыми мектептен өту оның ғалым ретінде қалыптасуына жол ашты. 3 жылдық докторантураны 1,5 жылда тәмамдаған оның докторлық диссертациясын өте жоғары бағалаған әлемдік «Фон-Нейман» сыйлығының иегері, атақты академик В.А.Горбатов диссертантқа «Самородок из Казахстана» деп баға беруі тегін емес еді. Өйткені, 36 жастағы Мұтанов сол кезде осы саладағы ең жас техника ғылымдарының докторы болатын.
Тәуелсіздігін енді алған Қазақстан өзінің білікті мамандарына зәру кезде елге оралған ол Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ең жас ректор болып тағайындалды. Осы қызметке келуіне сол кездегі министр ретінде өз қатысым болғанын мақтанышпен айта аламын. Айналасы жеті жылдың ішінде қоғамға қажетті мамандықтар ашып, маман даярлаудағы заман талабына сай университетті жаңа деңгейге көтерді. Қазіргі күн тәртібінде тұрған инновациялық жоғары оқу орнының негізгі белгілерін жаңашыл ректор сол кезде-ақ батыл енгізе білді. «Парасат» студенттік телестудиясы облыстық арнамен ынтымақтасып, университеттік корпоративтік жүйе арқылы Солтүстік Қазақстан облысы мектептеріне қашықтықтан оқыту жүргізілді; Қазақстанда орталықтандырылған оқуға түсуде тестілеу технологиясы бас-
талмаған кезде, 1995 жылы Ғ.Мұтанов қабылдаудың тестілеу технологиясын енгізді. Ғ. Мұтанов «Информатика және басқару» мамандығы бойынша, сол заманда халықаралық деңгейдегі магистр дипломын алу жобасын іске қосты, университет бітірушілері Финляндияда ақпараттық технологиялар магистратурасында оқуын жалғастыруға мүмкіндік алды.
Сонау 1998 жылдың қазан айында өзінің Петропавловскіге барған сапарында Президент Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның Солтүстік аймағында жоғары білімді сапалы мамандар даярлайтын университет бар екендігіне шын қуаныштымын, қазіргі заманға лайық мамандар осы жерде өркендейді», деп өзінің жылы лебізін білдіруі жас ректордың алғашқы қадамдарына берілген баға да болатын.
2002 жылы ол Білім және ғылым бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Мұтановтың басшылығымен білім мен ғылымды дамытудың Тұжырымдамасы жасалып, ол Үкімет тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ білім берудің ұлттық доктринасының алғышарттары жасалып, оны іске асырудың жолы айқындалып, жүзеге аса бастады. Білім сапасын қадағалаудың жаңа ұлттық жүйесін қалыптастырды. Ақпараттық технологияларды оқу орындарында қолдану жолға қойылды. Жоғары оқу орындарында кредиттік технология енгізілді. Қашықтықтан оқыту іске аса бастады. Барлық университеттерде білім беру порталы құрылды. Еліміз дамуына кері әсер ететін жекеменшік, аты бар да заты жоқ оқу орындары есебінен көбейіп кеткен ЖОО-ның саны 300-ден 171-ге дейін қысқартылуы да біліктілікпен, әділдікпен, айқай-шусыз жүзеге асты. Осылардың нәтижесінде білім беру жүйесін жаңғыртудың концептуалдық негіздері қалыптасты.
2003 жылдың шілдесінен бастап Ғалымқайыр Мұтанов Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры қызметіне тағайындалды. Жеті жылдың ішінде университеттегі 2-3 мың студенттің саны 13000-ға жетті. Мұнда да ректор өзі жинаған тәжірибені ұлғайта отырып, «Университет-технопарк» инновациялық жобасын іске асырды. ШҚМТУ өңірде ірі-ірі республикалық, халықаралық іс-шаралар өтетін алаңға айналып, жеті жылда Елбасы төрт рет университетке ат басын бұрыпты. Республикада тұңғыш рет облыстық әкімшілікпен бірлескен «Алтай» ғылыми-технологиялық жобасы іске асырылып, өңірдегі ірі кәсіпорындарда 65 инвестициялық жоба жүзеге асқан. 2010 жылы қыркүйекте өткен Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының VII Форумында Ресей Федерациясының сол кездегі Президенті Д.Медведев Қазақстан технопаркін көріп: «Біз Сколковода бұл істерді енді бастап жатырмыз, ал сіздер іс жүзінде кірісіп кеткен екенсіздер!» деп таңданысын жасыра алмады. Міне, осы техникалық жоғары оқу орнын инновациялық университетке айналдырғаны үшін Халықаралық қордың (Женева) Алтын медалін алу құрметіне ие болды.
Ғалымқайыр Мұтановты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне ректор етіп алып келуі де Елбасының үлкен сенімі болатын. Енді мұндағы іс барысы да, оқу жүйесі де, ғылыми инновациялық жаңғырулар да тез өзгеріп сала берді. Елбасы тапсырмасымен ҚазҰУ классикалық университеттен қазіргі заманғы әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айналу бағытындағы жаңа кең ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға бірден кірісті. Университеттің кешенді құрылымдық модернизациясы жасалып, кластерлік әдіс негізінде факультеттер дамып, кафедралар ірілендірілді. Оқу орнында үдерістік менеджмент, Кайдзен тұрақты жетілдіру жүйесі және еңбек жетістігін рейтингтік бағалауға бағытталған басқару жүйесі енгізілді. Халықаралық аккредитациядан өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленіп, қолданысқа енгізілді.
ҚазҰУ-да идеядан өндіріске дейінгі дәлізді қамтитын бірегей ғылыми-технологиялық инфрақұрылым іске қосылды. Мықты ғылыми-технологиялық парк құрылды. Онда көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының жобасын жасайтын 30 шақты ғылыми-зерттеу институты мен орталық бар. Әлемге танымал «Hewlett-Packard», «Cisco», «Konica minolta», «Microsoft» халықаралық компанияларының оқу-ғылыми орталықтары мен зертханаларының ашылуы университеттің ғылыми технологиялық әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалуын көрсетеді.
Ректордың «Айналаңды нұрландыр», «Саламатты өмір салты» «100 кітап», «ҚазҰУ- Гринкампус» атты авторлық жобалары да өз жемісін беруде. Тұңғыш Президент күніне орай «Мен жастарға сенемін!» республикалық фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Жастарға тәлім беретін «Өнегелі өмір» сериясы бойынша еліміздің танымал тұлғаларына арналған кітаптар басылуда. Ғасырлық тарихы бар тұңғыш қазақ журналы «Айқап» ресми түрде жаңғырып, университетте шығарыла бастады. Мұның барлығы жас ұрпақты өткеніміз бен бүгініміздің үйлесімділігі негізінде рухани байлыққа жан-жақты тәрбиелеуге жол ашты.
ҚазҰУ инновациялық қа-
лашығы әлемдік дәрежедегі стандарттарға сәйкес дамуда. Мемлекет-жекеменшік серіктестігі арқасында университеттің бірқатар инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы аяқталды. Механика-математика, физика-техника және химия факультеттерінің жаңа оқу ғимараттары, әл-Фараби ғылыми кітапханасы, Жас ғалымдар үйі, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, медициналық- диагностикалық орталығы салынды. Бұдан бөлек, биылғы оқу жылында жүзу бассейні және Студенттер мен түлектердің салтанатты қақпасы ашылды. Ғ.Мұтановтың ректорлық қызмет атқарған жылдарында ҚазҰУ қалашығы ғимараттары көлемінің өзі 36 пайызға өсті.
Осындай көлемді істердің нәтижесі әлемдік деңгейде өз бағасын алды. Халықаралық QS рейтинг агенттігінің (Ұлыбритания) бағалауы бойынша әлемдегі 800 үздік жоғары оқу орнының ішінде ҚазҰУ-ның 2010 жылғы 650-шы орыннан бүгінгі таңдағы 236-шы орынға дейін көтерілуі іскер басшы Ғалым Мұтановтың тынымсыз еңбегінің көрінісі деп білеміз. «Creat Value Colleges» (АҚШ) халықаралық ұйымының зерттеуі бойынша әлемнің 50 технологиялық дамыған университеттері арасында 31-ші орын алды. «Түркі елдері арасындағы үздік ЖОО» атануы, әлемдегі ТОП-200 экологиялық университет санына енуі – үлкен қажырлы еңбектің, болашақты болжай білудің қорытындысы. Қазақстан жоғары оқу орындарының ішінде флагман ретінде осындай динамикалық дамуды көрсету – халықаралық сарапшылар тарапынан «ҚазҰУ даму феномені» деген атқа ие болды.
Тарихта тұңғыш рет, қазақстандық жоғары оқу орны – әлемдік қауымдастықтың субъектісі ретінде танылып,Университет БҰҰ RIO-20 тұрақты даму бойынша Декларациясына қосылды. Президент Н.Назарбаевтың «Жасыл көпір» идеясын жүзеге асыру мақсатында әлем университеттерінің арасында Бразилияда RIO+20 конференциясын өткізді.
Университеттің ЮНЕСКО-ның Орталық Азия елдеріндегі Хабы ретінде танылуы, әлемдік білім және ғылымның жаңа үлгіде дамуына бастамашылық танытудың бірден бір орталығына айналуы да жаңашыл ректор идеяларының көрінісі деуге толық негіз бар. Осындай ірі халықаралық жобаларға мұрындық болғаны үшін ҚазҰУ әлемдік биік деңгейден көрініп, ректор Ғ. Мұтановтың өзі БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунның, қазіргі БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гуттерьештің Алғыс хаттарына ие болды.
Ғ.Мұтановтың бай ғылыми әлеуеті әлемдік деңгейде мойындалды. Экономикалық процестерді математикалық модельдеу және басқару бағытында зерттеген еңбегін әлемдегі ең үздік баспа «Шпрингер» жеке кітап етіп басып шығарды. Бұл кітап шетелдік танымал ғылыми баспадан ең көп таралыммен шыққан тұңғыш қазақ авторының еңбегі ретінде белгілі болып, әлемдік деңгейде өз бағасын алды. Ол ғылым саласындағы жеткен жетістіктері үшін «Ғылым мен технологияның математика саласындағы ИСЕСКО сыйлығы» Алтын медалін алған тұңғыш қазақ ғалымы. Басқа да халықаралық марапаттары жетерлік.
Ғалымқайырдың көп жылғы ұстаздық еңбегі бағаланып, ТМД елдерінде тұңғыш рет «IGIP Senior Member» деген халықаралық құрметті атаққа ие болды. «Еуропа техникалық ЖОО оқытушысы» құрметті атағы да берілген. Оның жоғары кәсіби біліктілігі Халықаралық эконометрикалық қауымдастық, Корольдік Экономикалық қа-
уымдастық, IGIP инженерлік педагогиканың Халықаралық қоғамы мониторинг комитетінің мүшесі, ЮНЕСКО-ның білім берудегі ақпараттық технологиялар басқару институтының Кеңес мүшесі ретінде өз бағасын алған.
Сонымен бірге, Ғалым Мұтанов ҰҒА академигі, Ұлттық Ғылым Академиясының вице-президенті, Қазақстан Жоғары мектеп Ұлттық ғылым Академиясының президенті ретінде ғылым мен білімнің аса көрнекті ұйымдастырушысы болып табылады. Оның әр жылдардағы еңбегі «ҚР еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» атағымен, «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен және бірнеше мемлекеттік медальдармен аталып өткенін білеміз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов – сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ғалымның өз бағыты анықталған шығыстық үлгідегі философиялық поэзиясы түрік, орыс, украин, араб, парсы, әзербайжан тілдеріне аударылды, Халықаралық Мақтымқұлы, Н.Гоголь медальдарымен марапатталды.
Ғалым жастайынан дзюдо спортымен айналысып, ол саланың да шыңына жетіп, КСРО спорт шебері, «Дене шынықтыру және спортты дамытудағы еңбегі үшін» құрметті атағының иегері атанды. Яғни, ол басқаратын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті кейінгі жылдары студенттік спорттың көшбасшысы болуының өзі тегін емес.
Ғалым Мұтанұлы өнегелі отбасының ұйытқысы. Жары Раушан – Мәскеу болат және қорытпалар институтының түлегі, металл физикасы саласында техника ғылымдарының кандидаты. Ұлы Айбек – Пекин университетінің түлегі, кәсіпкер. Атасының сүйікті немересі Айша көзқуаныш болып өсіп келеді.
Ғалымдығы, ұстаздығы бойына біткен негізгі қасиеттері болса, шебер ұйымдастырушы, іскер басшы, танымал қайраткерлік қасиеттері оның бейнесін жан-жақты ете түседі. Ол бар өмірін ел болашағына, адамдарға, қоғамға, ғылымға адал қызмет етуге арнап келеді. Ал көпке қызмет еткен жанның жұлдызы қашанда жоғары.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик
АЛМАТЫ