Әлем • 27 Наурыз, 2017

Ендігі жаһандық дағдарыс АҚШ зейнетақы жүйесінен басталуы мүмкін

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шамамен 1 млн америкалықтың зейнетақы жинағы үлкен қатердің алдында тұр.

Ендігі жаһандық дағдарыс АҚШ зейнетақы жүйесінен басталуы мүмкін

Зейнетақы жүйесі АҚШ үшін үлкен проблемаға айналғалы жатыр. Зейнетақы көлемінің экономикаға айтарлықтай әсері жоқ. Мәселенің бәрі халықтың зейнетақы жүйесіне деген сенімінің әлсіздігінен туындайтын толқу мен осының нәтижесінде пайда болатын активтерден жаппай бас тартудан басталмақ, деп жазады Kapital.kz.

Соңғы зерттеулерге сүйенсек, қазіргі таңда шамамен 1 млн америкалықтың зейнетақы жинағына қатысты жоспарлары екіұдай жағдайда тұр. Бір қызығы, бұл 1 млн халық белгілі бір аймаққа немесе әлеуметтік санатқа жататын топ емес. Мәселен, Оңтүстік Каролина штатындағы осындай 550 мың адам бұрынғы мемлекеттік қызметкер болса, тағы 100 мыңы шахтерлер екен. Олардың жоғалтқан қаражаты тиісінше 24,1 млрд доллар және 6 млрд доллар. Бұл азаматтар өз зейнетақы жинағын United Workers of America қорына жинаған. Қор қазіргі таңда осы қаржыны алдағы бірнеше жылда қайтара алмайтын жағдайда.

Біреулер аталған азаматтардың зейнетақы қорынан қаржысын қайтарып алуына күмән келтірсе, енді біреулер күткендегіден аз берілуі мүмкін екенін айтады. Аталған қор басшылығы мұндай жағдайға халықтан жинаған активті тиімді басқара алмағаны үшін тап болып отырған көрінеді.

Екінші жағынан, зейнетақы жүйесіндегі бұл кемшілік елдің жалпы қаржы секторына кері әсерін тигізбек. Ал АҚШ-тан басталатын қаржы дағдарысы барша әлемге де зиян екені түсінікті.

Еңбек статистикасы бюросының мәліметінше, 2015 жылы 75 жастан асқан азаматтардың орташа табысы жылына 34,097 мың доллар болса, шығын көлемі 34,382 долларды құраған. Осыны ескерсек, зейнетақы көлемінің болмашы болса да төмендеуі зейнеткерлердің үшін ауыр соққы болып тимек.

Енді бұл зейнеткерлерге кім көмектеседі дегенге келгенде, жалғыз жол елдің әлеуметтік жәрдемақысына келіп тіреледі. Дегенмен, қазіргі таңда АҚШ әлеуметтік төлем жүйесі онсыз да құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Қазіргі әлеуметтік жәрдемақы қоры тек алдағы 17 жылға ғана жетеді екен.

Екінші бір амалы 1974 жылы құрылған "Зейнетақы төлемін кепілдендіру корпорациясы". Бұл корпорация зейнетақы жүйесінің осындай ауыр кезінде зейнеткерлерге көмектесу үшін демеушілердің қаржысына құрылған институт. Дегенмен, елде жаппай дағдарыс болғанда бұл қордың да қаржысы баршаға жетіңкіремейді.

Соңғы жаңалықтар