Қазақстан • 28 Наурыз, 2017

Украина көрмеге тегін қатыстырылады

215 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана төрінде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға ниет танытып отырған елдер баршылық. Солардың бірі – Украина. Өткен жылдың күзінде көрмеге қатысу туралы нақты шешім қабылданғаннан кейін осы елдің Премьер-министрі Украинаның ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатыны туралы қаулыға қол қойды.

Украина көрмеге тегін қатыстырылады

Қаулыға сәйкес, Украинаның көрмеге қатысуы мен дайындығын қамтамасыз ету мақсатында Үйлестіруші комитет құрылды, оның төрағасы болып Вице-премьер – Өңірлік даму, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі министр Генадий Зубко тағайындалды. Ал кеше елордада Украинаның Қазақстандағы елшілігінде Украина істері жөніндегі уақытша сенім білдірілген өкіл Володымыр Джиджора журналистерге арнайы брифинг өткізіп, өз елінің биыл Астанада өтетін ауқымды көрмеге дайындығы жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді. 

Оның айтуынша, әлемнің басқа да елдері секілді Украинаның да бұл маңызды шараға дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан көрінеді. «Біз өз мемлекетіміздің атынан Қазақстанға ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуымызға қолдау көрсетіп, көмек қолын созғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. Себебі, өздеріңіз білетіндей, елімізде күрделі жағдай қалыптасқан. Сондықтан, қазақстандық тарап біздің мемлекетке арнайы павильон бөліп, үлкен көрмеге тегін қатысуымызға мүмкіндік беретін ортақ шешімге қол жеткіздік. Жалпы, Қазақстан бізден бөлек, онға жуық елге дәл осындай жағдай жасап отыр екен. Қазір  Украи­наның павильонын құруға «Астана  ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы сеп­тігін тигізуде. Павильонды дайындау, құру, безендіру, дизайнын жасау жұ­мыстарын біз Қазақстандағы дос­тары­мыз­бен бірлесе қолға алып жатырмыз», – деді В. Джиджора.

Сондай-ақ, ол қазіргі таңда Украи­наның ұлттық павильонын дайындау және көрме аясында бұл елдің Ұлттық күнін ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарыла бастағанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Украинаның Ұлттық күнін өткізу 15 маусымға жос­парланып отыр екен. Ал бұл күннің ашылуына Украинаның Премьер-министрі В.Гройсман бастаған делегациясы арнайы келмек.

Сонымен қатар, ол Украинаның ұлттық павильонының аумағы шағын болғандықтан, онда негізінен медиа таныстырылым өтетініне тоқталды. «Біз көрмеге қандай да бір құрылғыларды, я болмаса тетіктерді әкелмейміз. Ал медиа таныстырылым шеңберінде көрмеге қатысуға келген Украинаның мемлекеттік және жекеменшік компа­ния­ларының өкілдері еліміздің мүмкін­дігін, оның ішінде жаңартылған энергия көздеріне қатысты қол жет­кіз­ген жетіс­тіктерімізді барынша көр­сетуге күш салатын бола­ды. Алдын ала айтатын болсам, ауқым­ды шараға ондаған ком­па­­ния қа­ты­суға ынта-ниет танытып отыр», – деді Украина істері жө­нін­­де­гі уақыт­ша сенім білдірілген өкіл.

Сонымен, ЭКСПО-2017 көр­ме­сіне қатысатын компаниялар ішін­де  «ДТЭК», «Фурлендер Виндтех­нолоджи», «SYNEKO», «Solar­Gaps» секілді Украи­на­ның же­текші әрі жекеменшік компаниялары бар.


Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» 


Соңғы жаңалықтар