Қазақстан • 28 Наурыз, 2017

Еуропалықтар назары – Астанада

147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Прагада өткен Holiday World халық­аралық көрмесіне қатысушы шетел­діктер Астанада өте­тін ЭКСПО-2017 көрмесі­нің моделін тамашалап, жоғары деңгейде қызығушы­лық танытты. Бұл тура­лы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еуропалықтар  назары – Астанада

ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағындағы төбесіне күн батареялары орнатылған шар іспеттес ғимаратпен қатар, қонақ үй, сауда орталығы, банк, ресторан және көпшілікке қызмет көрсететін өзге де орындар бейнеленген модель Holiday World көрмесіне қатысушылар мен туристердің назарын өзіне аудара білді.

«ЭКСПО-2017 көрмесінің моделін көрген кезде мен оны ай стансасының жобасы неме­се болашақтың қаласының эс­кизі деп ойлап қалдым. Со­сын, бұл ауқымды жоба Дубай немесе Токиода жасалған деп болжадым. Алайда, кейін мұ­ның Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне арнал­ған жоба екенін біліп, таңғал­дым», дейді Holiday World көрмесіне қатысушы шетелдік азамат.

Holiday World шарасы аясында ЭКСПО-2017 көрме­сінің жобасы жөніндегі жы­лы лебіз Чехияның Өнеркәсіп және сау­да ми­нистрі Ян Младектің де аузынан ес­тіл­­ді. Я.Младек өткен жылдың қараша айын­­­да Қа­зақ­станға ресми сапар­мен келіп, ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесінің құры­лыс жұмыс­тарымен арнайы таныс­қан болатын.

Аталған жиында Қазақ­стан­ның Чехия­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Сер­жан Әбдікәрімов көпшілікті ЭКСПО-2017 көрмесінің да­йындық жұмыстары, елі­міз­дің жаңа визасыз режім саясаты, туризм бағы­тында атқарылып шатқан шаралар, сондай-ақ, Қазақстанның қонақжайлылығы тұрғысында ақпараттандырды.

Шара барысында Қазақстан өкілдеріне чехиялықтар мен шетелдіктер Астанаға қандай әуе жолымен баруға болатыны, Қазақстанға бару үшін виза алу ісі қалай шешілетіні тұр­ғы­сында сұрақтар қоюмен бол­ды. Әсіресе, Чехия мен Эко­­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің азаматтары биылғы қаңтардан бастап өздері үшін Қазақстанда 30 күнге визасыз режім енгізілгеніне разы болды.

Айта кетейік, қазіргі таң­да Чехия – жасыл техно­ло­гия саласында жинаған тәжі­­ри­­бесі мол елдер қата­рын­­да. Бұл ел бүгінде ЭКСПО-2017 көрмесіндегі өз па­вильонын жабдықтау үс­­­тін­­де. Holiday World көр­ме­­­сінде атап өтілгендей, ЭКСПО-2017 көрмесінде чехия­­лық экспозиция өзінің біре­гейлігімен ерекшеленбек. Астанада өтетін көрменің ашылу салтанатына Чехия Президенті Милош Земан келеді деп күтілуде.

Ал Holiday World ха­лық­аралық көрмесі – әлем­нің жетекші туристік компания­ларының қатысуымен жыл сайын Прагада өтетін ауқым­ды шара. Ол Чехияның Аймақ­тық даму министрлігі мен осы елдің туризмді дамыту жөнін­дегі CzechTourizm агент­тігінің қолдауымен ұйым­дас­тырылады. Биыл Holiday World халықаралық көрмесіне 50 елдің делегациясы қатысты.


Соңғы жаңалықтар