Аймақтар • 28 Наурыз, 2017

«Ақан сері-Ақтоқты» − Өскеменде

820 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ұжымы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясын сахналады.

«Ақан сері-Ақтоқты» − Өскеменде

Қойылымның басты кейіп­керлері Ақан Сері мен Ақтоқты рөлдерін театрдың жас актерлері Ернат Мұхаметханов пен Альми­ра Айтжанова сомдады. Театрдың Қанатбек Ниязбеков, Сайраш Қопабаева, Тұрсынбек Дүзбаев сынды сақа актерлері Хазірет, Дәмелі (Ақтоқтының шешесі), Қоңқай (Ақтоқтының әкесі) бейнелерін сәтімен алып шыға білді. Жалмұқан (Сырым Маратбек), Мәрзия (Мәдина Исина), Мылқау (Қамит Қалық), Сейіт (Жасұлан Серкетаев), Мұрат (Мирас Разханов), Сердәлі ақын (Қайрат Мұқышев), Балта (Дархан Садыбаев), Қарасақал (Арыстанбек Мұқият), Жылкелді (Ертай Хасенов) рөлдеріндегі өнерпаздардың өнерін де көпшілік жылы қабылдады.

− Театрымызда 2000 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылған еді. Содан бергі уақытта ешқандай классика қойылмады. «Ақан сері-Ақтоқты» сынды күрделі қойылымды не үшін қойып отырмыз? Біріншіден, бұл көрермендер үшін қажет. Екіншіден, актерлердің шеберлігін арттыру үшін керек. Ғабең секілді классик жазушылардың көркем сөздері театр актерлерінің таным көкжиегін кеңейте түсері анық. Бұл туынды қазір республикада сирек сахналанады. Қазір Алматыдағы М.Әуезов театры мен біздің театр­да қойылып жатыр. Премьераны халық өте жақсы қабылдады. Ата-әжелеріміз де, орта буын өкіл­дері де, жастар да осындай клас­сикалық дүниелердің керек екендігін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Жоспарымыз көп. Қазір әртүрлі жанрдағы қойылымдарды дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта көре жатарсыздар, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев.


Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН



Соңғы жаңалықтар