
2016 жылдың қорытындысында жалпы экономикалық салалар бойынша ішкі жалпы өнім көрсеткіші 1 пайызға өскенде, ауыл шаруашылығы саласының өсім көрсеткіші 5,5 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы даму көрсеткіші жағынан негізгі экономикалық салалардың алдына түсті.
Бірақ осы жетістіктерге малданып отыра беруге болмайтынын – уақыттың өзі көрсетіп отыр. Мұны алысқа бармай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бәсекелестік көрсеткіштерінен де байқауға болады. Елбасымыз осы Одаққа бірігер алдында қазақстандық кәсіпкерлердің ендігі өмірі бәсекелестік жағдайында өріс алатындығын, бұл сынға төтеп бергендердің бағы жанып, төтеп бере алмағандардың тығырыққа тірелуі мүмкін екендігін мықтап ескерткен болатын. Сол ескерту ақыры расқа айналды. Алғашқы жылдардың өзінде-ақ еліміздегі дүкендер сөрелерінде Ресей мен Беларусь елінен жеткізілген өңделген өнімдер қаптап кетті. Тіпті олардың арасынан өз өнімдерімізді сирек көруге айналдық десек де болады. Мұның себебі түсінікті де. Өйткені, бізге әріптес әрі бәсекелес болып отырған Ресей мен Беларусь елдерінің ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу салалары бізге қарағанда тарихи тұрғыдан жақсы жетілген болатын. Бұл бір.
Екіншіден, біздің тәуір деген өңделген өнімдеріміз енді, керісінше, сол елдердің рыногында өз орындарын тапты. Сөйтіп, Одақ аясындағы алғашқы жылдары жақсы заттарымыз көзімізден бұл-бұл ұшып, оның есесіне шетелдік арзан, бірақ сапасыз азық-түлік өнімдерінің ырықсыз қаптап кетуін бастан кешірдік.
Дегенмен, алғашқы кезде осы жағдайдан абыржып қалған тұтынушылар де бірте-бірте естерін жиып, жақсы мен жаманның арасын ажырата бастады. Олар шетелдің өңделген арзан азық-түлік өнімдеріне қарағанда өзіміздікінің сапалы екендігін ұғып, өз таңдауларын отандық тағам түрлеріне қарай бұруға айналды. Бірақ бұл үдерістің әлі де ұзаққа кететін түрі бар. Неге десеңіз, біздің елімізде шикізатқа қарағанда өңделген азық-түлік өнімдерінің үлесі өте төмен қалып отыр. Сондықтан оларды әлі де болса, дүкен сөрелеріндегі шетелдік өнімдер арасынан сирек кездестірудеміз.
ЕАЭО-ның басты атқарушы органы болып табылатын Еуразиялық экономикалық комиссияның статистикалық деректеріне сәйкес өткен жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдері 107 миллиард 002 миллион доллардың ауылшаруашылық өнімдерін өндірген. Бұл 2015 жылғы көрсеткішке қарағанда 4,5 пайызға артық. Демек, ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі біздің елде ғана емес, жалпы Одақ бойынша артқан. Соның ішінде Ресейде 84 миллиард 095,7 миллион доллардың, Қазақстанда 10 миллиард 567,6 миллион доллардың, Беларусьте 7 миллиард 630,6 миллион доллардың, Қырғызстанда 2 миллиард 819,4 миллион доллардың, Арменияда 1 миллиард 888,7 миллион доллардың ауылшаруашылық өнімдері өндірілген. Ресей 2015 жылмен салыстырғанда өнім көлемін 4,8 пайызға, Қазақстан 5,5 пайызға, Беларусь 3,4 пайызға, Қырғызстан 3 пайызға арттыра түссе, Армения 5,2 пайызға азайтып алған.
Осылардың ішінде Қазақстанның даму көрсеткіші басқаларға қарағанда жоғарырақ көрінгенімен, бәсекелестік тұрғысынан алғанда ұпай жоғалтқан тұстарымыз бар. 2015 жылы Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерінің Одақтағы үлес салмағы 13,2 пайызды құраса, былтырғы жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 9,9 пайызды құраған. Яғни бір жылдың ішінде 3,3 пайызға төмендеген.
Төмендеу көрсеткіші Беларусь пен Қырғызстанда да орын алыпты. Бірақ олардікі азырақ, тиісінше 0,2-0,1 пайыз шамасында ғана. Есесіне Ресей ауылшаруашылық өнімдерінің үлес салмағы осы бір жылдың ішінде 75 пайыздан 78,6 пайызға дейін өскен.
Осы уақытқа дейін елімізде ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі көлемін өндіретін үй шаруашылықтары мен ұсақ шаруа қожалықтарының жағдайына дұрыс мән берілмей келді. Барлық назарды жұмыстары ұйымдасқан ірі шаруашылықтарды дамыту мәселесіне ғана аударды. Бірақ олар әлі күнге дейін Үкіметтің үмітін ақтап отырған жоқ. Егер нақты фактіге келетін болсақ, бізде былтырғы жылы өндірілген 1 миллион 701,6 мың тонна мал мен құс етінің 303,4 мың тоннасы немесе 20 пайызға жуығы, 5 миллион 300 мың тонна сүттің 317 мың тоннасы немесе 7-8 пайызы ғана ұйымдасқан ауылшаруашылық кәсіпорындарында өндірілген. Қалғанының бәрін үй шаруашылықтары және ұсақ шаруа қожалықтары берген. Яғни елімізде еттің 80 пайызын, сүттің 90 пайыздан астамын өндіретін үй шаруашылықтары мен ұсақ шаруа қожалықтары мемлекеттік қамқорлықтан тысқары қалған.
Ал Еуразиялық одақтағы жалпы көрініс мүлдем басқаша. Мұндағы былтырғы жылы өндірілген 17 миллион 894,5 мың тонна мал мен құс етінің 70 пайызға жуығын, 45 миллион 442,7 мың тонна сүттің 50 пайыздан астамын ауыл шаруашылығының ірі кәсіпорындары мен шаруашылықтары беріп отыр. Соның ішінде, Ресейде былтырғы жылы өндірілген 13 миллион 339 мың тонна еттің 75-80 пайызын, 30 миллион 724 мың тонна сүттің 50 пайыздан астамын, Беларусь еліндегі 1 миллион 678 мың тонна еттің 90 пайыздан астамын, 7 миллион 139 мың тонна сүттің 80 пайыздан астамын жұмысы ұйымдастырылған ауылшаруашылық кәсіпорындарында өндірді. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекелестік қабілетінің төмен болуына тікелей ықпал етіп отырған тағы бір үлкен мәселе – біздегі өңдеу саласының заман талаптарына сай дұрыс жетілмеуі. Рас, соңғы жылдары қолға алынған индустрияландыру бағдарламасының аясында ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар салу ісіне үлкен мән беріліп келеді. Бірақ кезіндегі олқылықтардың орнын толтыру оңай болмай тұр. Сондықтан бізде ауылшаруашылық өнімдерінің дені тұтынушыларға өңделмеген шикізат немесе бастапқы өңдеуден ғана өткен жартылайфабрикат күйінде ғана ұсынылады. Осы кемшілік те Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бәсекелестікте ұтылып қалуымызға әсер етуде.
Мәселен, 2016 жылы Ресейде өңделген ет өнімдерінің көлемі 7 миллион 994,4 мың тоннаны, Беларусьте 647,5 мың тоннаны құрағанда, бізде 233,6 мың тонна ғана болды. Сүт өнімдері жөнінен де осылай. Ресейде өңделген сүт өнімдерінің көлемі 5 миллион 490,5 мың тоннаны, Беларусьте 847,7 мың тоннаны құрағанда, біздің көрсеткіш 494,8 мың тонна ғана болды. Бұл көрсеткіштер Ресей мен Беларусь елінде ет, сүт секілді маңызды азық-түлік түрлерінің басым көпшілігі өңдеуден өткізіледі, ал бізде шикізат немесе жартылайфабрикат күйінде ғана жөнелтіледі деген сөз. Сары май, ірімшік, жарма және басқа да өңделген азық-түлік тағамдары жөніндегі көрсеткішіміз бұдан да нашар.
Сонымен қорыта айтқанда, 2016 жылдың қорытындысы еліміздің агросекторының отандық экономика салалары арасында даму көрсеткіші жағынан алға шыққанымен, Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкес секторындағы бәсекелестік аясында етек-жеңінің біршама қусырыла түскендігін көрсетті. Осы ретте көңілге демеу болатын бір мәселе, еліміздің ауыл шаруашылығы саласы биылғы жылды 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламамен бастап отыр. Онда үй шаруашылықтары мен ұсақ қожалықтарға мемлекеттік қолдау көрсету, оларды кооперативтерге біріктіре отырып, өнімдерін жинауды ұйымдастыру алғаш рет белгіленген. Сондай-ақ, бұл бағдарламада ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мәселесіне де екпін беру көзделген.
Демек, ендігі міндет осы бағдарламаның дұрыс жүзеге асуына қол жеткізу болып табылады. Егер бағдарламада белгіленген халықтан ет, сүт және басқа да өнімдерді жинастырып, оларды өңдеуден өткізу ісі дұрыс жүзеге асатын болса, біз мұның жағымды әсерін келесі жылы-ақ байқайтын боламыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»