Осы бір жылдың ішінде ол қазақ тілін үйренеді. Қазақтармен бірге Шринагарда өмір сүріп, тыныс-тіршілігін әбден зерттеп алған соң әлгі мақаланы жариялайды. Оған қоса ру көсемдерінің суреттерінен тартып қыз-келіншектердің, жас сәбилердің өзі түсірген оншақты суретін қоса шығарады. Өткен жылы осы «National Geograhpic» журналы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген болатын. Журнал жоғарыда атап өткен мақаланы қазақ тіліне аударып басты. Осыдан соң біз әлгі суреттерде бейнеленген жас қыздардың бірі, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Фазила Жаналтайдың қазір Астанада тұрып жатқанын біліп, үйіне іздеп бардық.
1954 жылғы суретте бүйірін таянып тұрған жас қыз хикметке толы ғұмырының барлық ауыртпалығын артқа тастап, бүгінде ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің арасында жайқалған әжеге айналған. Зеректігі, сөзге шешендігі бірден байқалды. Басынан қандай жағдай өтсе де жасымаған, қайта шыңдала түскен сияқты. Әңгімелесе келе бұл кісінің Шығыс Түркістанның Алтай аймағындағы (қазіргі Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы – автор) қарулы көтерілісті басқарған атақты Зуқа батырдың немересі Фазила Жаналтай екенін білдік. Өз әкесінің аты – Сұлтаншәріп. Біз тарихтан Шығыс Түркістанды мекендеген қазақтардың жергілікті үкіметтен қысым көріп, Үндістанға қарай екі рет үдере көшкенін білеміз. Бірінші көш Елісхан және Зайып батырлардың жетекшілігімен 1938 жылы басталып, олар қаша жүріп қытай әскерлерімен шайқасып, Тибет, Гималайды асып, үш жылдың бедерінде Үндістанға жеткен. Бұл туралы жазушы Ж.Шәкенұлының «Қаралы көш» романында жан-жақты баяндалған. Ал екінші көшке Қалибек әкім, Құсайын тәйжі, Сұлтаншәріп Зуқаұлы, Дәлелхан Жаналтай есімді беделді адамдар басшылық жасаған. Бұлар бастаған көш 1949 жылы елден шығып, 1951 жылы Кашмирге жеткен. Міне, осы екінші көште 15 мың адамның ішінде он бес жастағы Фазила да бар болатын.
Фазила апа сол кездегі оқиғаларды күні кеше болғандай баяндайды. Ештеңені ұмытпаған. «Біз ол кезде баламыз. Бірақ сол көш барысындағы түрлі оқиғалар ерте есейтіп жіберді. Суықтан, аштықтан, соңымыздан қуған әскерлермен болған шайқастарда көптеген адам қайтыс болып кетті. Сап-сау келе жатқан адамдар тау ауруына шалдығып, ажалдары содан жетті. Кашмирге жеткенімізде бірге еріп шыққан өз туыстарымыздың тең жартысы жоқ еді...», дейді. Қазақ көші Шринагар қаласында көп тұрақтамаған. Фазила апаның айтуынша, сол кезде Америка Құрама Штаттарынан, Біріккен Араб Әмірліктерінен және Түркия тарапынан қазақтарды өздеріне қабылдау туралы ұсыныстар түскен. Рубасылар, әр әулеттің үлкендері ақылдаса келе, діні бір, түбі бір түріктердің ұсынысын қабыл алуды жөн көріпті. Содан 1954 жылы Үндістандағы, Кашмирдегі қазақтардың дені Түркияға көшіп кетеді. Белгілі бір себептермен сол жерде қалған отбасылар да бар. Фазила апайдың отбасы да Шринагарда қалған. Ол Қытай Халық Республикасының құрамындағы Шынжаң өлкесінде тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құру жолында ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі Жанымхан қажының ұлы Абдулхамитке тұрмысқа шығады. Жанымхан қажы қазақтан шыққан тұңғыш қаржы министрі ретінде де танымал тұлға. Ол Шыңжаң өлкелік үкіметінде қаржы министрі қызметін атқарған.
Абдулхамит пен Фазила төрт баланың әке-шешесі атанғанда отағасы жүрек талмасынан қайтыс болып, отыздың ішінде жесір қалған келіншектің мойнында бала-шағаны асырау міндеті тұрды. 1969 жылы Фазила да балаларымен бірге Түркияға көшеді. Ол жақта былғарыдан киім тігумен айналысады. Түркияда өздерінің кішігірім фабрикаларын ашып, нәпақасын саудадан табады. Төрт баласына да жоғары білім әпереді. Бүгінде үлкені Зылиха елордада. Одан кейінгі Бешір Лондонда тұрады. Британиялық әйгілі телерадиокорпорация Би-би-сиден зейнетке шыққан. Ахметі мен Тахирасы Түркияда. Олар да бірі инженер, екіншісі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарып жүр.
Кейіпкерімізге екінші баласына аяғы ауыр кезде, яғни Кашмирде жүргенде жарымен бірге Меккеге бару нәсіп болған екен. Содан бері исламның қайнарынан қанып ішіп, ата-баба жолын ұлықтаумен келеді. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейтін Фазила апа бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, елордадағы еңселі шаңырағында бақытты өмір сүруде.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Астана