Аймақтар • 31 Наурыз, 2017

Наурыз-думан жалғасуда

510 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Достық үйін­де Қазақстан халқы Ассам­блеясына қарасты «Қазақ­стан ұйғырларының республикалық этно­мәдени орталығының» ұйымдастыруымен Наурыз мейрамына арналған іс-шара өтті. Шараға Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары ҚХА-ға қарасты этномәдени бірлес­тіктердің өкілдері, ұйғыр этномәдени орталығының белсенділері қатысты.

Наурыз-думан жалғасуда

Наурыз тек белгілі күндерде ғана тойланатын мереке емес. Ай бойы атап өтсең де артық етпейтін айтулы думан. Бүгінгі шараның мақсаты наурыздың қадір-қасиетін ұғынып, ұлық мерекенің даңқын әспеттеуге арналды. Тамыры тереңде жатқан түбі бір түркі халықтарына ортақ мерекенің артықшылықтары жайлы кеңінен айтылды. Бүкіл Жер-Ананы бусандырып әлемге шуақ сыйлайтын, жан біткенді жадыратып жаныңа шұғыла құятын шуақты шақтың әдемі көрінісі шара барысында оқылған баяндамаларда кең мазмұнда көрініс тапты.

Қа­зақстан халқы Ассам­­блея­сының атынан жиылған қауым­ды құт­тықтаған Парламент Мәжі­лісінің депутаты Ахмет Мура­дов: «Нау­рыз күн мен түн теңелген, бере­ке мен бірлікті нығайтатын ұлы мереке. Оның өткені мен бүгінін, өміріміздегі маңызы мен артықшылықтарын жас ұрпақ­тың санасына сіңдіріп, ке­ле­шек жас­тарға үлгі ету – бәрі­міз­дің мінде­тіміз. Әрбіріміз бұл күн­ді ерек­ше күтеміз. Бей­біт­ші­лік пен татулықтың арқасында осын­­дай күнге жетіп отырмыз», деді.

– Біз үшін бұл күнді ерекше атап өту үлкен мәнге ие. Бір дастарқаннан дәм татып, араздасқан жандар татуласып бақ-ырысқа кенелетін бұл мейрам – баршамыздың ортақ құндылығымыз. Айтулы мереке еліміздің әр аймағында атап өтілуде. Жастарымыздың салт-дәстүрді құрметтеп, осы мереке арқылы татулық қарым-қатынасты нығайтып бауырласуы үшін бұл күннің маңызы зор, – деді Ұйғыр этномәдени орталығы басшысының орынбасары Сүлейман Максутов.

Шара аясында «Қазақстан ұйғырлары этномәдени орта­лығы» мүшелері суретшілерінің көрмесі тамашаланып, ұйғыр халқының ұлттық тағамдарына толы дастарқан жайылды. Іс-шараның соңы «Қош келдің, әз-Наурыз» деп аталған мерекелік концертке ұласып, ұлттық спорт ойындары ойнатылды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар

Доллар 4 теңгеге арзандады

Қаржы • Бүгін, 16:20