Бизнес • 03 Сәуір, 2017

Қазақстандық бизнесмендер Қытай нарығына бидай кебегін шығарады

222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жұма күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы мин­истрі Асқар Мырзахметов бастаған Қазақстан делега­ция­сының Қытай Халық Республикасындағы ҚХР Сапа­ны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас бас­қар­масының төрағасы Чжи Шупинмен алғашқы кездесуі болып өтті, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Қазақстандық бизнесмендер Қытай нарығына бидай кебегін шығарады

Кездесу барысында тараптар Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қытай нарығына кіруі мен шектеулерді жою мәсе­ле­лерінің бірқатарын талқы­лады. Атап айтқанда, Қытай тарапы ҚХР-дың жеткізуші компаниялар тізіліміне енгізу үшін биыл сәуірде қой еті өндірісінің жүйесін және ет өңдеуші кәсіпорындарды тексеретінін растады. Екі жақ та Қазақстаннан Қытайға экспортталатын 34 өнімге қатысты ветеринарлық және фитосанитарлық талаптар Хаттамалары жобаларын келісімдеу үдерісін жылдамдататын болды. Сондай-ақ, Қазақстан тарапы ел аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға арналған біріккен зертхана құру және оны тіркеу бастамасын көтерді.

Айта кетейік, кездесу қорытындысы бойынша көр­шілес елге экспортталатын бидай кебегі партияларына қойылатын тексеріс, карантин және санитарлық талаптар туралы Хаттамаға қол қойылды.

Аталған келісімнің арқа­сында қазақстандық бизнес­мендер тұңғыш рет Қытай нарығына бидай кебегін экс­порттау мүмкіндігіне ие болады және де бұл үрдіс­ті алғашқылардың бірі болып жүзеге асыру мүмкін­дігі «Huoerguosi Irbis Interna­tio­nal Trading Co LTD» компа­ния­сының үлесіне тиіп отыр.

Өз кезегінде, компа­ния­ның бас директоры Марат Дәулетқалиев осындай тиімді шешімдердің астық экспортына серпін беретінін атай оты­рып, сындарлы келісім үшін кәсіпкерлер атынан Қазақ­стан Үкіметіне алғыс білдірді.