Қазақстан • 03 Сәуір, 2017

Жоғарғы сот бірқатар нормативтік қаулыларына түзетулер енгізді

174 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Конституция мен өзге де заңдардың өзгеруіне орай Жоғарғы сот өзінің бірқатар нормативтік қаулыларына түзетулер енгізді.

Жоғарғы сот бірқатар нормативтік қаулыларына түзетулер енгізді

Жоғарғы соттың Төрағасы Қ.Мәми жоғары сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді. Оның жұмысына Жоғарғы соттың алқа төрағалары мен судьялары, Ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Ұлттық банктің, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ Жеке сот орындаушылары республикалық палатасы мен Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.

Жалпы отырыс жұмысын аша келе, Қайрат Мәми республика судьяларының VII съезінде Мемлекет басшысы жүктеген құ­қықтық айқындылық деңгейін артт­ыру, тұрақты әрі болжамды сот практикасын қалыптастыру жө­ніндегі міндеттерін іске асы­ру­дың маңыздылығын атап өтті.

Күн тәртібіне талқылау үшін Жоғарғы соттың бірқатар нор­ма­тивтік қаулыларының жобасы шығарылды.

«Соттардың атқарушылық іс жүргізу жөніндегі заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулының жобасын талқылауға ұсына отырып, Қ.Мәми азаматтық, әкім­шілік немесе қылмыстық істі ло­­г­икалық тұрғыдан аяқтауға алып келетіндіктен, сот актісін орындаудың маңызды екендігін атап өтті. «Орындалған сот шешімі ғана сотқа жүгінген тұлғалардың бұзылған құқықтарын қорғауды қамтамасыз ете алады», деді ол.

Жоғарғы соттың судьясы Маргарита Одинцова аталған нормативтік қаулыны қабылдауға осы бағыттағы қолданыстағы нормативтік қаулының өзектілігін жойып, сот практикасының бірізділігін қамтамасыз ету және заңнамадағы олқылықтардың орнын толтыру қажеттілігі туындағандығымен түсіндірді. Айталық, нормативтік қаулы соттылықты анықтауға, бо­рыш­кердің мүлкін бағалауға, сау­­даны жүргізуге, бюджетке өсімақыны өндіруге, сондай-ақ жеке сот орындаушыларының жұмысына ақы төлеуге байланысты мәселелерді түсіндіреді. Онда сот шешімін кейінге шегеру мен орындау мерзімін ұзартуға негіз болып табылатын критерийлер айқындалған. Нормативтік қаулыда борышкердің мүлкі саудаға нарықтық құны бойынша бағаланып шығарылуына қажетті барлық шараларды сот орындаушысының өзі қабылдауы тиістігі, бағалауға қатысты дау туындаған жағдайда сот орындаушысы қабылдаған шаралар сот тарапынан тексерілетіндігі түсіндірілген. Нормативтік қаулы қандай жағдайда борышкерден мемлекет кірісіне өсімақы өндіруге болатындығын, ол неліктен азайтылуға жат­пай­тын­дығын, сауда жасау барысында бекітілген сату-сатып алу шартын жарамсыз деп тану және саудаға шағымданумен байланысты дауларды іс жүргізудің қай түрі бойынша қарау керектігін түсіндіреді.

«Жоғарғы соттың кейбір нормативтік қаулыларына аза­маттық және азаматтық про­цес­тік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, Жоғарғы сот судьясы Нұрия Сисенова 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа Азаматтық процестік кодекстің күшіне енгенін еске салып өтті. Кодекс сот ісін жүргізуді үш сатылы жүйеге көшіруді, процеске қатысушылардың жарыспалылығы қағидатын күшейтуді, жеңіл­де­тілген сот ісін жүргізудің жаңа институтын енгізуді және бұйрықтық іс жүргізуді қолдану салаларын кеңейтуді регламенттейді. Тараптарды дауды бітімгершілік жолмен реттеуге ынталандыру және шиеленісті соттан тыс шешу механизмдерін күшейту мақсатында егер іс бітімгершілік келісіммен және татуластыру рәсімдерін қолдана отырып аяқталса, сот шығындарын азайту және мемлекеттік баж салығын қайтару көзделген.

­Аталған жаңашылдықтар қол­даныстағы 23 нормативтік қау­лыға өзгерістер мен тол­ы­қ­ты­рулар енгізудің қажет­ті­лігін алға тартты. Әңгіме «Оңалту және банкроттық туралы заң­на­маны қолдану практикасы туралы», «Сот шешімі туралы», «Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы істерді қарау барысында соттардың заңнаманы қолдануы туралы», «Мұрагерлік туралы заңнаманы соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» және т.б. нормативтік қаулылардың процестік заңның тиісті нормаларына сәйкес кел­мей­тін кейбір қағидаттарының кү­шін жою туралы редакциялық си­паттағы өзгерістер турасында болып отыр.

Н.Сисенова аталған норма­тив­тік қаулының соттарға жаңа­дан қабылданған АПК-ның кей­бір нормаларын қолдану ба­ры­сында практикалық көмек көр­с­етудегі өзектілігін, заң­ды қолдану барысындағы кей­бір тү­сініспеушіліктерді ше­ше­тін­дігін атап өтті.

«Жоғарғы соттың кейбір но­р­мат­ивтік қаулыларына қыл­мыстық және қылмыстық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, Жоғарғы Соттың судьясы Ерден Әріпов оны қабылдаудың қажеттілігі заңнамадағы жаңашылдықтарға байланысты туындағандығын атап өтті. Аталған нормативтік қаулының жобасы қолданыстағы 17 нормативтік қаулыға өз­герістер мен толықтырулар енгізеді. Солардың қатарында «Есірткі, психотроптық және улы заттарды заңсыз айналымға түсіру жөніндегі істер бойынша заңдарды қолдану туралы», «Қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңды қолдану тәжірибесі туралы», «Қылмыстық істер бойынша сот сараптамасы туралы» және т.б. нормативтік қаулылар бар.

Жалпы отырысқа қа­ты­су­шылар ұсынылған нор­ма­­тивтік қаулылардың жобала­рын талқылай келе, оларға бір­­қатар ұсыныстары мен ес­ке­рт­пе­лерін енгізді. Олар тал­қы­лау қо­рытындысы бойынша ре­дак­циялық өңдеуден кейін жалпы отырыс тарапынан түпкілікті бекітілетін болады.

Александр Тасболатов,

«Егемен Қазақстан»