Қазақстан • 03 Сәуір, 2017

Сарапшылар Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынастарының дамуын талқылады

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан мен Әзербайжанның сарапшылары мен саясаттанушылары аймақтық үдерістер аясындағы Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынастарының дамуын талқылады.

Сарапшылар Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынастарының дамуын талқылады

Аталған шараны «Парасат» жүйелі зерттеулер институты Әзербайжан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Отырысты «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының директоры Нұрсұлтан Ахмедия ашып, сарапшылар басқосуының Мемлекет басшысының Әзербайжанға сапары қарсаңында маңызды екенін айтты.

«Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынастары сәтті және динамикалық тұрғыда дамуда. Біздің елдеріміз халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқан. Тұрақты негізде екі мемлекет бас­шы­ларының өзара іссапарлары ұйымдастырылып, екі жақты қа­тынастардың барлық салалары бойынша ынтымақтастық перспективалары талқылануда», деді Нұрсұлтан Ахмедия.

Әзербайжан Республикасы През­идентінің жанындағы Стра­тегиялық зерттеулер орта­лы­ғының ди­ректоры Фархад Мамедов «екі мем­лекет басшылары арасында жоғары деңгейдегі саяси сенім ор­ныққандығын» атап көрсетті. Сон­дай-ақ, Фархад Мамедов Қазақстан мен Әзербайжан халықаралық күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша ұстанымдарының ұқсас екеніне тоқталды.

Айта кетейік, екі ел арасында мәдени байланыстар үлкен ма­ңызға ие. Халықаралық түркі ака­демиясының сарапшысы Тимур Козырев Қазақстан және Әзербайжан түркі мемлекеттері ре­­тінде түркі халықтарының бі­ре­гей­лігін дамытуға ұмты­ла­тын­ды­ғын жеткізді.

Қазақстан Президенті жа­нын­дағы стратегиялық зерттеу­лер институтының ғылыми қыз­мет­­кері Найля Әлмұхамедова: «Соң­ғы 10 жылда Қазақстан мен Әзер­­байжанның сауда байланыс-

та­ры айтарлықтай нығайды. 2016 жы­лы Қазақстан мен Әзербайжан ара­сындағы сауда айналымы 136,8 млн АҚШ долларын құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 9 пайызға өс­ті», деді.

Қазақстан Әзербайжанға темір жол және трамвай локомотивінің жабдықтарын, қара металл, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын экспорттайды. Импорттың негізгі бөлігін қант және кондитерлік өнімдер, қара металдан жасалған өнімдер, көкөніс пен дәндер, текстиль өнімдері мен электр құрал-жабдықтары құрайды.

Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Расим Мұсабеков өз сөзінде екі ел үшін өзекті мәселелерді сөз етті. Оның ішінде әлемдік қауіпсіздік, Қазақстан Президентінің ядросыз әлем бастамасы, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, ислам джихадизмі, Астана мен Бакудің үнқатысу алаңы ретіндегі рөлін ерекше атады.

Кездесу қорытындысында қа­зақ­стандық және әзербайжандық са­рап­шылар 25 жыл ішінде екі мемлекет тығыз әріптестік қа­ты­нас­тарды қолдайтындығын және Еуропа мен Азия арасындағы белгілі бір «көпір» екендігін атады.