Бүгінгі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттерімен өзара әріптестік орнатқан қазақ елінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі де жыл санап артып келеді. Еліміздегі баламасы жоқ ірі өндіріс орындары, ел игілігіне қызмет ететін үлкен кешендер – соның айғағы. Ал әрбір өңір өзінің ерекшелігіне қарай Елбасы айтқан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке үлес қосуда. Бұл тұрғыда әлеуеті артқан Әулиеатаның бәсекеге батыл қадамы қандай? Өңірлік экспорт басты бағыт болып отырған бәсекеге қабілеттілік таныта ала ма?
Сыртқы нарықта да серпін бар
Жамбыл облысы биыл ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды қолға алды. Енді облыста 15 миллиард теңгенің 12 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 1340 тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Оның алғашқысы облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке арнайы өзі барып ашқан Байзақ ауданындағы «С.П.«Ролла-Ян» ЖШС-нің макарон цехы. Қайта жаңғыртудан өтіп, бәсекеге қабілеттілігі артқан кәсіпорында бүгінде DL-650X автоматты желісі іске қосылып, кеспенің бірнеше түрі шығарыла бастады. Жобаның жалпы құны 285 миллион теңгені құраса, жылдық қуаты 9000 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Аталған жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бүгінгі таңда бұл жерде 60 адамға жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ, шығарылатын өнім ішкі нарықпен қатар, Ресей және Қытай Халық Республикасына экспортталады. Болашақта жамбылдық макарон өнімдерін өңір тұрғындарымен қоса, Ресей мен Қытай тұрғындары да тұтынады.
Ағымдағы жобалар қатарында Қордай ауданындағы «BioVet KZ» ЖШС да бар. Ветеринарлық препараттар шығаратын биокомбинаттың құрылысымен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жуырда ғана барып танысып, жұмысты жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Құны 2 миллиард теңгені құрайтын комбинатта жылына 25 миллион вакцина шығарылатын болады. Енді биокомбинаттың болашақтағы бағдары еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлкен үлес қосады деген сенім бар. Сондай-ақ, «Ер Тай» ЖШС-ның «Ақсүйек кен байыту» фабрикасын жаңғырту жобасының құны 1200 миллион теңгені құрап отыр. Оның жылдық қуаттылығы 15,5 мың тонна қорғасын-мырыш концентратын шығаруға жетеді. Бұл жоба да өңір экономикасының дамуына, халықтың жұмыспен қамтылуына оң ықпал етпек.
Ал алтын өндірумен аты шыққан Мойынқұм ауданында құны 256,0 миллион теңгені құрайтын «Оргстрой» ЖШС-ның «Жаңғырту және жаңа технология бойынша жарылыссыз блоктарды өндіру» жобасы, «Казгранит» Компаниясы» ЖШС-ның «Гранит тақталарын және брусчаткаларды өндіретін цехтың құрылысы», сондай-ақ Қордай ауданында 125 жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы «Первомайские деликатесы» ЖШС-ның «Шұжық өндіретін цехын қайта жаңғырту» жобаларының құрылыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар, Меркі, Талас, Сарысу аудандарында да бірқатар жобалар қолға алынып, оларды болашақта ел игілігіне беру көзделуде.
Ал Тараз қаласында «Тараз арматура зауыты» ЖШС-ның «Құрылыс арматурасының өндірісі», «Kisc» ЖШС-ның «Құйылу цехын жаңғырту» және «Alina Holding» ЖШС-ның «Құрғақ құрылыс қоспаларын және гипс өндіретін зауыттар кешені» жобаларының қолға алынғанын айта кету керек. Жобаның құны 3900 миллион теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы 140 мың тонна. Нәтижесінде, алдағы уақыттарда шаһарда тағы 105 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Еске сала кетейік, индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы шеңберінде «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» бойынша облыста бүгінде 5477 жаңа жұмыс орны ашылып, 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Ет экспорты ерекше сипатқа ие
Жамбыл облысындағы «Меркі» ЖШС-ның Иран мемлекетіне қой етін экспорттауы бұл саланың ерекше сипатқа ие болғанын көрсетеді. Бұл көрсеткішке былтырғы жылдың ақпан айында ет экспорттауға байланысты екіжақты келіссөздердің нәтижесінде қол жеткізілді. Енді мамандар экспортталатын қой еті Иранға арнайы мұздатылған күйде жеткізілетінін айтып отыр. Қой еті арнайы дайындалған материалға оралып, оның сыртына ағылшын және парсы тілдерінде ақпарат жазылады. Бүгінгі таңда Иран мемлекетіне 1000 тонна ет ұшақ арқылы жөнелтілді. Ал аталған комбинат бір күнде 1500 ұсақ мал мен 150 ірі қараны өңдеуге қауқарлы.
Әулиеатада өндірілген ет өнімдері сырт мемлекетте өте жоғары бағаланады екен. Көбіне біздің елде өндірілген өнімді ирандықтар, ресейліктер және қытайлықтар тұтынуға құштарлық танытады. Себебі, елімізде жайылымдық жерлердің молдығы, шөптің құнарлылығы да ет экспортына әсер етіп отыр. Дегенмен, мұндай үлкен сұраныстарды қанағаттандыру үшін дүниежүзілік стандарттарға сай болу қажетігі де туындайды.
Ал енді облысымыздағы іргелі «Меркі» ЖШС әлемдік стандарттарға сай ма? Сай болу үшін не істеу керек? Бұл тұрғыда кәсіпорын бүгінгі күннің талабына сай арнайы жаңғыртылудан өткен. Сондай-ақ, өндіріс орнына электронды таразы қойылып, ет өңдейтін орындардың қабырғалары мен едендері арнайы жөндеуден өткізілген екен. Сондай-ақ, 350 тоннаға жуық ет өнімдерін сақтайтын мұздатқыш та қойылған. Әзірге облыстың ет экспортына ерекшелік беріп тұрған кәсіпорынның бірі осы.
Түйін
Ағымдағы жылы қолға алынып отырған жобалардың болашақта қандай нәтиже беретіні уақытқа байланысты. Тек миллиондаған қаржы жұмсалған жобалар жарты жолда тоқтап қалмай, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға айрықша үлес қосса, ел үмітінің ақталғаны. Елбасы Жолдауында айтылған жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің бір парасы Жамбыл облысынан бастау алса, ол да елге пайда, мемлекетке мәртебе.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы