Депутаттар алдымен әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек таныстырды. Заң жобасы аясында шетелдік тасымалдаушыларды тіркеу, коммерциялық емес ұйымдарды тарту және әуе кемелерін пайдаланушылардың, аэронавигациялық қызмет көрсетушілердің, авиациялық оқу орталықтарының қызметін қадағалау жөніндегі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның құзыреті нақтыланады және толықтырылады.
«Сонымен қатар, авиация қызметкерлерін медициналық куәландыру жүйесін жетілдіру мен авиациялық медициналық орталықтарды сертификаттаудың жаңа түрі ұсынылады. Сондай-ақ, шағын авиацияны дамыту, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды есепке алу, арнаулы ұшуға рұқсат алу, әуе кемелерін пайдаланушыларға жалға беру ісінде әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты ережелер жүйесін енгізу де көзделеді», – деді Ж.Қасымбек.
Сенатор С.Еңсегенов құжат азаматтық авиация мен әуе кеңістігін пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіруді және оны Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарына сәйкестендіруді реттейтіндігін атап өтті.
«Қазіргі кезде Қазақстандағы 20 әуе компаниясының «Эйр Астана» құрылымынан басқа 19-ына Еуроодақ елдерінің әуе кеңістігіне ұшуға тыйым салынған. Заң жобасындағы әуе қауіпсіздігін басқару және бақылау жүйелерін жетілдіру ережелері отандық әуе компаниялары үшін енгізілген шектеулерді азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, шағын авиацияны дамытуды қолдау мақсатында заң жобасында жеңіл және тым жеңіл әуе кемелері ұшулар орындаған жағдайда оларға аэронавигациялық қызмет көрсетуді өтеусіз жүзеге асыру жөніндегі толықтырулар енгізілген», – деді С.Еңсегенов.
Сонымен, бұл аталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Бұдан кейін «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коллекторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы талқылауға шығарылды. Аталған мәселелерге байланысты Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндама жасады.
Бұл заң жобаларына сәйкес коллекторлық қызмет агенттік пен борышкер арасындағы берешекті өндіріп алу туралы келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттемелері, борышкердің мәліметтері, борыштың көлемі мен құрылымы, шарт бойынша сыйақы мөлшері мен басқа да мәселелер жөніндегі елеулі шарттар негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, борышкердің берешегін бірнеше коллекторлық агенттікке беруге де тыйым салу көзделіп отыр.
Заң жобасы бойынша негізгі баяндама аяқталған соң, сенаторлар арасында қызу пікірсайыс өрбіді. Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылық арасында пікірталас туғызған аса қажетті мәселеге Ұлттық банк басшысының назарын аударды.
«Миллионнан астам борышкер, уақтылы қайтарылмаған біржарым триллион теңге қарыз қазіргі банк жүйесінің жағдайын көрсетіп отыр. Отандық банк жүйесін таяуда ғана әлемдегі ең үздік банк жүйесінің бірі деген болатынсыз. Ал қазір осы банк жүйесін бәріміз жабылып құтқарып, институт ретінде коллекторларды енгізіп жатырмыз», – деді Қ.Тоқаев.
Талқылауда сенатор О. Перепечина: «Мемлекет біресе банкті, біресе борышкерді қолдап, бұл үдеріске қатысушыны ұдайы «шұңқырдан» шығарып ала бермейді. Еліміздің экономикалық дамуы мен біздің азаматтарымыздың әл-ауқаты банк жүйесінің тұрақтылығына байланысты болғандықтан екінші деңгейдегі банктерге талаптарды күшейту керек», – деді. Сол сияқты депутат Е.Мұқаев та заң жобасының тікелей әсер ететін ережелері қаржы қызметін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мен коллекторлық агенттіктердің қызметін қатаң реттеу көзделетіндігін тілге тиек етті.
Заң жобасын талқылау барысында борышкердің, несие берушінің және несие берушіге делдалдық қызмет көрсететін коллекторлық агенттіктің мүдделер тепе-теңдігін белгілеу мақсатында коллекторлық агенттіктің өз бастамасы бойынша жұмыс күндері аптасына үш рет 8:00-ден 21:00 аралығында бір мәрте жеке байланыс кезеңін қарастыру ұсынылды.
Заң жобасындағы баптар арасындағы ішкі қайшылықтарды жою мақсатында борышкер мен жеке тұлғаның құқықтарын белгілеуге қатысты бірнеше өзгеріс енгізілді. Сөйтіп, коллекторлық қызмет мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулер екі оқылымда қаралып, талқылау нәтижесінде Сенат комитеттерінің ескертпелері мен ұсыныстары негізге алынып, заң жобасына түзетулер енгізілді. Заң жобалары Мәжіліске жетілдірілуге жіберілді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»