– Осы кездесу барысында аймақтағы мемлекеттердің өзара ынтымақтастығының жай-күйі талқыланды. Бірлескен жұaмыстарды одан әрі жалғастыру шаралары да назарға алынды. Кездесуге қатысушылар қазіргі таңда орын алып отырған дағдарыстардың шиеленісуі мен жаңа қауіп-қатерлер пайда болып жатқанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлі арта түсетінін ерекше атап өтті, – деді Владимир Жұмақанов.
Қауіпсіздік кеңестері хатшылары осы кездесуде терроризм, сепаратизм, экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көші-қон, қару-жарақ пен есірткі айналымына қарсы бағытталған шараларды одан әрі жалғастыру туралы уағдаласты.
ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов Қазақстанның осы ұйымды нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанын атап айтты.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігіндегі қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай жоғары. Бұл – ұйымға мүше мемлекеттердің белсенді әрі бірлескен жұмыс-
тарының нәтижесі деп санаймын. Соның арқасында қазіргі таңда ШЫҰ сыртқы қауіп-қатерлердің ішке еніп кетуіне жол бермей, оған лайықты тосқауыл қойып отыр. Біз Қазақстанның төрағалығымен осы тетіктің тиімді жұмыс істеп тұрғанын айқын көріп отырмыз, – деді Рашид Алимов.
Бас хатшы айтып өткендей, ШЫҰ-ның басқа да халықаралық ұйымдармен арадағы ынтымақтастық байланыстары нығайып келеді. Әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынас күшейіп келе жатқанын атап өткен жөн. Қазақстанның бұл бағыттағы жұмыстарын БҰҰ Бас Ассамблеясы да жоғары бағалаған болатын.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»