Аталған іс-шараға Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Бас прокуратураның, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы, министрліктердің жауапты хатшылары, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларының және облыстар әкімдіктерінің аппарат басшылары қатысты.
Семинарда орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметінде бақылау практикасын жетілдіру, бақылау қызметін жүзеге асыру бойынша жаңа ұстанымдар енгізу және стратегиялық міндеттерді орындау сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Бұған қоса, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды − «Қазақстан-2050» стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру тиімділігін арттыру құралы ретінде жобалық ұстанымның тетіктері талқыланды.
Сондай-ақ, семинардың жұмысы барысында ресейлік әріптестермен тәжірибе алмасу болды. Семинарға Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі − Ресей Федерациясы Президентінің Бас бақылау басқармасының бастығы К.А.Чуйченко қатысты.
Семинардың қорытындысы бойынша елдің бағдарламалық құжаттарын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде практикалық ұсынымдар тұжырымдалды.
«Егемен-ақпарат»