− Тимур Мұратұлы, бүгінгі таңда мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бірақ, шағын және орта бизнестің дамуы жолындағы жұмыстар әлі де болса сынға ұшырап отыр. Мысалға, тиісті органдар тарапынан тексерулердің жиілеуі, салық саясатындағы кедергілер, құқықтық-құжатнамалық бағыттағы кереғарлықтар бар екені рас. Бұл туралы Мемлекет басшысы әділ сын айтып, қатал талаптар қойды. Елбасының Жолдауында осы міндет айшықталған. Бұл бағытта нендей жұмыстар істелінді?
− Бірден нақты жауап беріп кетейін, шағын және орта бизнес субъектілерін құру мен дамытуға кедергі келтіріп отырған мемлекеттік қадағалау функцияларын анықтайтын жұмыс тобы бүгінде құрылды. Бұл топқа мемлекеттік органдардың да, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының да өкілдері кіреді. Жұмыс бойынша бес бағыт белгіленді, оның әрбірі бойынша сарапшылық топ қорытынды жасап отыр, ол бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау сараланымы қысқартылуда және салалық заңдарда бақылау мен қадағалаудың өзге түрлері енгізіледі. Бұл бір күнде орындалатын жұмыс емес. Бұдан басқа, мемлекеттік органдардың тексерулеріне балама пайда болады, мәселен, аудит немесе сараптама деген тәрізді.
− Сіздің ойыңызша, орта және шағын бизнестегі салық салудағы қолайсыздық не себепті туындап отыр? Кәсіпкерліктің жедел дамуы шағын және орта бизнес өкілдерінің еліміздің ІЖӨ-дегі тиісті үлесіне қол жеткізуі үшін тағы не істеу керек?
− Шағын және орта бизнес өкілдері салық саясатында өзін қолайсыз сезінеді деу жөн емес. Салықтық заңнамаларды жетілдіру жұмыстары нақты жағдайды есепке алу жолымен ұдайы жүргізіліп отырғандығына куәміз. Сонда да өзгерістер мен толықтырулар көбіне жекелеген тапсырмалар мен бұрын қабылданған заңнамалық актілерді орындаудың қажеттілігінен жүзеге асырылды. Ал үнемі өзгеріс жасау салық заңнамасын болжап болмайтын етіп жіберді де, бұл салық төлеушілердің теріс пікірін туғызды. Дегенмен, бүгінде біздің еліміздегі ШОБ субъектілеріне салық салу посткеңестік кеңістіктегі елдердің арасында ең бір тартымдысы болып саналады. Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ жүргізген зерттеулерінің қорытындысына сәйкес, жеке кәсіпкерге салынатын салық жүктемесі 2002 жылы 5,2 пайыздан 2010 жылы 3,2 пайызға дейін немесе 1,6 есе азайтылған, заңды тұлғаға салық жүктемесінің коэффициенті 2002 жылы 5,6 пайыздан 2010 жылы 2,86 пайызға немесе 2 есе жеңілдетілген.
Жалпы, кәсіпкерліктің дамуына тек салықтық шара арқылы ғана қол жеткізу орынсыз деп санаймын. Бұл ретте стратегиялық міндет те белгіленген. 2050 жылға қарай елдің ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесі 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Қазірде бізге қай өңірде бизнес жүргізу жеңілірек екендігін екшеп алу қажет. Алдағы уақытта бізде Дүниежүзілік банктің рейтингі негізінде арнайы сыйақы тағайындау жолымен бизнес жүргізудің жеңілдігі рейтингі пайда болады. Бүгінде әдістемелік негізі жасалуда.
− Шағын және орта бизнесті ынталандырудың тың әдістерінің іске қосылғандығы туралы хабардармыз. Соның бірі салалық оқыту бағдарламасы. Нәтиже не болып жатыр?
−Өткен жылдың соңын 2017-2021 жылдарға арналған өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын бекіту туралы Үкіметтің қаулысы қабылданды. Оның аясында «Бастау Бизнес» жобасы, сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру тетіктері бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту ережесі әзірленді. Бұл жоба ауыл мен аудан орталығының жұмыс істемейтін тұрғындарын (мысалға, 2017 жылы 80 ауданның, ал 2018 жылы барлық ауданның) кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жәрдемдесетін болады. Кәсіпкерлікке бейімі бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар да оқи алады. Оқу тегін, стипендия да қарастырылған. Бекітілген бюджетке сәйкес бір реттік стипендия 16 759 теңгені құрайды. Бірінші жылы 15 мың адам, кейін жыл сайын 30 мың адам оқи алады деп есептеп отырмыз.
Келесі айда жаппай кәсіпкерлікті шағын несиелеу көлемін кеңейтетін жоба басталады. Комиссиясыз 8 мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш деңгейінде қаржы ала отырып, жеті жыл мерзімде, жылдық 6 пайызбен белсенді кәсіпкер өз өндірісін ұйымдастырып, дамыта алады. Қалаларда «Даму» және «Қазагрогарант» АҚ кепілдендірген шағын несиелерді «Даму» қоры, ал ауылдарда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдігі беретін болады. Сондай-ақ, шағын қаржылық ұйымдар мен екінші деңгейлі банктер, «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдары тартылып отыр. Айтпақшы, кәсіпкерлер үшін кепілдендіру де тегін.
− Жөн екен. Мәселенің екінші жағына келсек, бізде көбіне мемлекет пен жекеменшік әріптестігін (МЖӘ) қайырымдылық немесе әлеуметтік жауапкершілік жобалары деп түсіну бар. Демек, жалпы салаға деген көзқарасты өзгерту керек шығар. Сіздің ойыңызша, мұны неден бастауға болады?
− Иә, заңнамаға сәйкес, МЖӘ дегеніміз – мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арасындағы ынтымақтастық формасы. Ол «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы» заңға сәйкес келуі қажет. Бізде МЖӘ белгілері бар жобалар жүзеге асырылады, бірақ олардың көпшілігі екіжақты келісім жасау секілді белгіге сәйкес келмейді. Өз кезегінде, келісім жасасу үшін заңда қарастырылған барлық ресімдеулер мен МЖӘ жобаларын жоспарлау кезеңдерінің бәрін жүргізу қажет. Сіз айтып отырғандай, «ұғымдар ауысуындағы» басты мәселе біздің ойымызша, МЖӘ тетігінің жаңалығымен және мұндай жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибенің жеткіліксіздігімен байланысты. Қазір еліміздегі МЖӘ орталығының мамандары мен қызметкерлері оқу семинарларын өткізіп, кеңестер бере бастады. Саннан сапаға көшетін уақыт міндетті түрде болады.
− Айтпақшы, елімізде «Концессия» туралы заң қабылданғанына көп болды. Үш жыл қатарынан, 2013 жылдан 2016 жылға дейін, заңнамаға өзгерістер енгізілді және бұдан қандай жаңалық болды?
– Концессиялық заңнама, басқалар сияқты, жаңартулар мен жандандыра түсуді талап етеді. Дәл осы мақсатта заңнамадағы анықталған қарама-қайшылықтарды жоятын, сондай-ақ, ресімділік сипаттағы әдістемелік кедергілерді алып тастайтын өзгерістер енгізілді. Табысты халықаралық тәжірибені есепке алатын түзетулерге кеңінен орын берілді.
МЖӘ тетіктерін оңайлату мәселесіне келсек, 2015 жылы қабылданған «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы» заңға көп үміт артылады. Онда МЖӘ жобаларының тез жүзеге асуына мүмкіндік беретін ережелер мен тетіктер айтарлықтай көп. Әңгіме жүзеге асыру саласын кеңейту, конкурстарды оңайлату, тікелей келіссөздер жүргізу, рәсімдеулер мерзімін қысқарту, жобаны әзірлеудің кейбір кезеңдерін алып тастау немес оңайлату туралы болып отыр. Яғни, нормативтік негіз дайын. Енді МЖӘ-ні дамыту әкімдердің нақты және кәсіби жұмысына байланысты.
− Бүгінде жергілікті атқарушы органдар құны 9 млрд теңгеге дейінгі жергілікті концессиялық жобаларды жоспарлау, әзірлеу, сараптама жасау ісімен айналысуға құқылы. Өңірлердегі жүзеге асыруға дайын тұрған жобалар санын пайыздық, сомалық және мысал түрінде айтып бере аласыз ба?
– Концессиялық жобаларды жоспарлау және жүзеге асыру бойынша өкілеттіліктерді бөлу және берумен мемлекет-жекеменшік әріптестігінің бір түрі ретінде, 2014 жылғы «концессия туралы» заңға сәйкес, өңірлерде жалпы қуаттылығы 2 930 орындық балабақша құрылысы бойынша 11 концессиялық келісім жасалды. 2015 жылдың соңында мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы заңның қабылдануы МЖӘ келісімшарттары мен мемлекет-жекеменшік әріптестігін қолдану саласын кеңейтуге ықпал етті, жергілікті атқарушы органдар МЖӘ жобаларын жүзеге асыруда үлкен секіріс жасады. Мәселен, 2016 жылдың аяғында Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында осындай 16 келісім жасалды. Олардың көпшілігі әлеуметтік салаға қатысты: балабақша құрылысы, шағын жедел жәрдем стансасы, спорттық, сервистік-дайындау орталықтарын жалға беру. Екі нысан бүгінде іске қосылды.
Ал жыл басынан бері білім беру, спорт және денсаулық сақтау саласында тағы да 8 мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арасында келісім жасалды. Бұл МЖӘ саласындағы заңнамаларды түсіндіру және нақты қолдану бойынша, содан кейінгі кезекте МЖӘ жобаларын жүзеге асыру жөніндегі нақты ұсыныстарды әзірлеуде аймақтармен жүргізілген белсенді жұмыстардың нәтижесі.
Әңгімелескен
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»